Accessibility links

Ираннан қазақ көші азайды ма?


Иранның Гүлстан өлкесінде тұратын қазақтардың архивтегі суреті. Өлкенің әкімшілік орталығы – Горганнан хабарласқан бір топ адам өздерін қазақ екенін, бірақ Қазақстан билігіне оны дәлелдей алмай жүргенін жеткізді. Мақалада сөйлеген азаматтар суретін жариялаудан қорқатынын айтты.
Иранның Гүлстан өлкесінде тұратын қазақтардың архивтегі суреті. Өлкенің әкімшілік орталығы – Горганнан хабарласқан бір топ адам өздерін қазақ екенін, бірақ Қазақстан билігіне оны дәлелдей алмай жүргенін жеткізді. Мақалада сөйлеген азаматтар суретін жариялаудан қорқатынын айтты.

Қазақстан үкіметінің 2022 жылғы 7 шілдедегі қаулысымен Иран азаматтарының елге 14 күнге дейін визасыз кіруіне рұқсат берілді. Бұл Иран қазақтарының тарихи отанына көшін жеңілдетеді деген үміт болған. Бірақ ол елдегі қазақ диаспорасы өкілдері "бұл тек туристерге ғана ыңғайлы, ал қандастарға еш қатысы жоқ" дейді. Олардың виза алуы тіпті қиындай түскен.

ТОҚАЕВҚА ХАТ

Иранның Горган қаласында тұратын 38 жастағы қазақ Пируз Бегей Қазақстанға қоныс аударғысы келіп жүргелі бір жылдай болған. Ирандағы жоғары оқу орындарының бірін "бизнес-менеджмент" мамандығы бойынша бітірген ол жергілікті мұнай компаниясында, банкте қызмет атқарған, қазір Ирандағы мемлекеттік мекемеде істейді.

– Бұрын бізге С10 (шетел қазағының Қазақстанға келіп, үш жылға дейін тұруына рұқсат беретін виза – ред.) және С1 (шетел қазағының Қазақстанда тұрақты тұруына рұқсат беретін виза – ред.) беретін. Былтырдан бері оны тоқтатып тастады. Енді екі аптаға визасыз барып келе беріңдер дейді. Бізге екі аптаға емес, тұрақты тұруға бару керек болып тұр. Қазақстанға көшуді қатты армандап жүрмін. Көшкісі келетін мен ғана емес, – дейді Пируз.

Кейінгі жылда қазақтардың Қазақстанға виза алуы қиындап кеткенін Азаттық тілшісі сөйлескен Ирандағы диаспораның бірнеше өкілі растады. Олардың айтуынша, бұрын Қазақстан елшілігі адамның ұлты қазақ екенін анықтайтын комиссия құрып, соның тұжырымы негізінде шешім шығаратын немесе мешіт жанынан құрылған ақсақалдар кеңесінің анықтамасына сүйенетін. Ал қазір тек өзі тұратын елдің мемлекеттік органы берген "қазақ екенін растайтын құжатты" өткізуі тиіс.

Бізге "Иран үкіметінің ішінде біреу қазақ екеніңізді айтсын" дейді

Азаттық сөйлескен диаспора өкілдері бір жылдың жүзінде "заң өзгерді", "ереже қатаң болып кетті" дегенді көп айтты. Бұған Қазақстанның Ирандағы бас консулының өзгеруі әсер етті дейтіндер бар.

– Бізге "Иран үкіметінің ішінде біреу қазақ екеніңізді айтсын" дейді. Енді не істерімізді білмеймін. Арғы аталарымыз Маңғыстаудан. Аталарымыздың бұрынғы құжаттарында "Совет одағында туған" деп жазылып тұр. Бұл жердегі қазақтар негізінен кіші жүздің адай руынан. Екі-үш үй найман мен екі-үш үй ұлы жүз де бар. Жеті атамызды жатқа білеміз. Сонда енді қандай дәлел керек екенін білмей қалдық, – дейді қазақ диаспорасының және бір өкілі Жеңіс Шадкам.

Қазақстанның Салық кодексінде шетелден тарихи отанына келетін ұлты қазақ азаматтар виза алымын төлеуден босатылған. Алайда, диаспора өкілдерінің айтуынша, қазақ жастары Қазақстанда оқуға виза алғанда басқалармен бірдей виза алымын төлейді.

"Қазақстанға оқуға барған жастарымыз (13 бала) әрқайсысы 200 долларға виза алып, тарихи отанындағы жоғары оқу орындарының дайындық бөлімінде шетелдік студенттер қатарында ақша төлеп, онсыз да тұрмысы нашар ата-анасын шығынға батырып отыр". Жақында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған хатында диаспора өкілдері осылай деп жазған. Жеңіс Шадкамның айтуынша, хатқа 100-ге жуық адам қол қойып, Астанадағы президент әкімшілігіне апарып берген.

Иранның Гүлстан өлкесінде тұратын қазақ жастары. Архивтегі фото.
Иранның Гүлстан өлкесінде тұратын қазақ жастары. Архивтегі фото.

Студенттердің жағдайында да мәселе "қазақ екенін анықтайтын" ресми анықтамаға барып тіреледі. Олар Қазақстанға шетелдегі қазақ емес, жай шетел азаматы статусымен оқуға барады, себебі оларды қандас деп атауға негіз болатын басты құжат жоқ.

МИНИСТРЛІК: ЗАҢ ӨЗГЕРГЕН ЖОҚ, БІРАҚ...

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Азаттыққа жауабында ешқандай заң өзгерген жоқ деді. Ирандағы қазақтарға С1 және С10 визаларын беру де тоқтамаған.

"2011 жылғы 22 шілдедегі "Халықтың көші-қоны туралы" заңның 20-бабына сәйкес, арызданушы өзі тұратын елінің тиісті мемлекеттік органы берген және өзінің этносы қазақ екенін растайтын құжатты Қазақстан Республикасының елшілігіне тапсыруы қажет. Мұндай анықтама бұл заң күшіне енген мерзімнен бастап талап етіледі" деп жазылған министрліктің Азаттыққа хатында.

Заң баптарында өзгеріс болмағанымен, ережеде өзгеріс болғанын министрлік диаспора өкілдерінің өзіне мойындаған.

Сыртқы істер министрлігі Иран қазақтарының өкілдеріне 2022 жылғы 22 қарашада жіберген хатта "Бұған дейін этносы қазақ екенін анықтайтын комиссия және жергілікті қазақ мешіттері жанынан құрылған ақсақалдар кеңесінің анықтауымен беріліп келген қандастарға арналған тиісті санаттағы (С1; С10) визалар тоқтатылғанына" қынжылыс білдіреді.

Яғни, азаматтың қазақ екенін анықтауда ресми мекеме берген құжаттан басқалары қабылданбайды деген шешім шыққан тәрізді.

Бұрын талай адамға қандас мәртебесін беруге қосымша әлде басты негіз болып келген құжаттың жарамсыз болуына не себеп болды? Азаттық сауалына жауап берген Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров "Аталған мешіттердің анықтамалары Қазақстан Республикасының заңнамасына сай келмейді. Мұнымен қоса, мұндай анықтамалардың дұрыстығына күмән келтірген бірнеше факт анықталған" деп қысқаша жауап берді. Бұл жауап бұрынғыдан да көп сұрақ туғызды.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров. Астана, 26 маусым, 2023 жыл.
Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров. Астана, 26 маусым, 2023 жыл.

Министрлік бұрын "мемлекеттік емес мекеменің" анықтамасы негізінде қандас визасын беріп келген бе? Олай болса, бұл заң бұзу емес пе? Анықтаманың дұрыстығына күмән келтірген қандай фактілер? Бұл анықтамалар Қазақстан заңнамасына сәйкес келмесе, онда бұған дейін осы негізде қандас мәртебесін алғандардың құжаты да жарамсыз болып шықпай ма?

ЖОҚ ҚҰЖАТТЫ ІЗДЕУ ЖӘНЕ "ҚҰҚЫҚТЫҚ ВАКУУМ"

Басты мәселе – Иран қазақтары "қазақ екені туралы" анықтаманы Иранның мемлекеттік мекемелерінен ала алмайды, себебі оларда ондай құжат түрі жоқ.

– Иран азаматтарының паспортына ұлты туралы жазылмайды, – дейді тағы бір диаспора өкілі Жаппарбай Шадкам.

Оның айтуынша, қандастарды әуре-сарсаңға салатыны да – осы, жоқ құжатты іздеу.

Бұл тек Иран қазақтарының басындағы жағдай емес. 2021 жылы тамызда Ауғанстандағы зайырлы билікті "Талибан" басып алғанда сол елдегі қазақтар өздерін Қазақстанға алып кетуді өтініп, елшілікке көп бара бастаған. Әлеуметтік желілерден тілі өзбекшеге жақын азаматтар сөйлеп, қазақ екенін айтып, Қазақстан үкіметінен көмек сұраған.

"Мен де қазақ баласымын, көмектесіңіздер!" Ауғанстан қазақтары Қазақстаннан жәрдем сұрайды (18 тамыз, 2021 жыл)

"Мен де қазақ баласымын, көмектесіңіздер!" Ауғанстан қазақтары Қазақстаннан жәрдем сұрайды
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:08 0:00

Сол кезде сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Ауғанстанда бар-жоғы 15 қазақ отбасы не 200-ге тарта қазақ тұратынын, олардан өтініш түссе, "Қазақстан үкіметі оларды алып кетуге дайын екенін" айтқан. "Қалғаны қазақ тілін білмейді, ата-бабасының ауған жеріне қалай келгенін айтып бере алмайды және руын танымайды" деген СІМ өкілі.

Кейін Смадияров репатриация туралы өтініш берген адамның қазақ екенін елшілік ішінде құрылған комиссия анықтайды деді.

Адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюроның директоры Евгений Жовтис репатриацияға өтініш берген адамның ұлтын тану ісімен мамандар айналысуы керек деген бұл шешімді сынға алды.

Сыртқы істер министрлігінің айтуынша, қазір шетелдіктер визаға немесе қандас мәртебесіне құжат тапсырғанда консулдық қызметкері "өтініш жасаған тұлғаның ұлтын растау үшін міндетті түрде сұхбат жүрізеді (қазақ тілін білуі, шетелге көшу тарихы және сол сияқтылар)".

Иран сияқты елдердегі қазақтардың этносын анықтау мәселесінде "құқықтық вакуум бар екенін" шетелдегі және Қазақстанға оралған қазақтарды қолдаумен айналысатын "Отандастар" қорының вице-президенті Мағауия Сарбасов та айтқан.

– Азаматтық алу үшін ұлтын анықтау керек, сондықтан бұл өткір мәселе болып тұр. Бұл жұмыс 2017 жылға дейін жүрген, кейін құқықтық вакуум қалыптасты. Бұл вакуумды толтырып, мәселе құқық шеңберінде шешу керек, – деген ол.

Ираннан келген қазақтар (26 қазан, 2015 жыл)

Содан бері шетелдегі қазақтардың этносын анықтайтын комиссия құру туралы айтылып келеді. Азаттық сауалына жауабында сыртқы істер министрлігі Қазақстанның еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп қандастарды елге қайтарудың жаңа жүйесі жасалып, іске қосылып жатқанын айтқан.

"Құтты мекен" деп аталатын арнайы жүйеге шетелдіктер құжаттарын енгізіп, Қазақстандағы көшіп баратын өңірлердің жергілікті атқарушы органдары қызметкерлерімен тікелей байланыса алады және олардың қазақ ұлтына жататынын анықтайтын комиссия жұмысы қарастырылып жатыр" делінген сыртқы істер министрлігінің Азаттыққа жауабында.

"ҚАЗАҚТЫҒЫН САҚТАҒАН" ИРАН ҚАЗАҚТАРЫ

Ирандағы қазақ диаспорасы Гүлстан провинциясының Горган, Бендер-Түркімен, Гүмбед-Кавус қалаларында шоғырланған. Олар 1928-1929 жылдары қазақ даласында жергілікті байларды ұстап, мал-мүлкін тәркілей бастаған кезде Түркіменстан арқылы шекара асқан маңғыстаулық қазақтардың ұрпағы саналады. Сонымен қатар 1979 жылы Совет әскері Ауғанстан жеріне басып кірген кезде Иранға өтіп кеткен қазақтар да бар.

Иранда қазір қанша қазақ тұратыны жөнінде ресми статистика жоқ. Сыртқы істер министрлігі Азаттыққа берген мәліметте "5 мың шамасында" деп көрсетілген. Ал Иранның жергілікті радиосында көп жыл жұмыс істеген журналист Жаппарбай Шадкам шамамен 6-7 мың деп есептейді. Оның сөзінше, Иранда да қазақтарға қатысты ресми есеп жүргізілмеген.

Жаппарбай Иран қазақтарының соңғы легі осыдан бір жыл бұрын "Еңбек" бағдарламасы бойынша Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударғанын, одан кейін тоқтап қалғанын айтады.

Иранда ұзақ уақыт консул болып жұмыс істеген Айтжан Айдашов Иран қазақтарының ерекшелігі – тілі мен дәстүрін сақтап қалғанында дейді.

– Иран қазақтарының тағы бір ерекшелігі – ұл-қыздарының өзге ұлт өкілдерімен отасуына рұқсат бермеген. Горган қаласында екі-үш көше "қазақ махалласы" деп аталады. Бендер-Түркіменде екі қазақ ауылы бар. Гүмбет-Кавуста да ел аузында "қазақ махалласы" деп аталатын бір көше бар. Үлкен жиындарда олар осы үш қаладағы қазақ мешіттерінде бас қосады, – дейді бұрынғы консул.

Оның айтуынша, осы себептен Ирандағы қазақтардың "қазақтығын" анықтау аса қиын емес.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінң есебі бойынша, кейінгі 32 жылда шетелден Қазақстанға бір миллионнан астам қазақ қоныс аударған. Оның 9 мыңға жуығы Ираннан көшіп келген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG