Accessibility links

"Павлодарға бармасаң, депортация жасайды". Түркіменстаннан келген қандастар қандай күй кешіп жатыр?


Түркіменстан қазақтары тарихи отанына оралды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:25 0:00

Түркіменстан қазақтары тарихи отанына оралды. 16 мамыр 2021 жыл.

Биыл жазда Түркіменстаннан Қазақстанға жеткен 800-дей қандастың тек 44-і ғана Маңғыстауда қалады. Өзгесін "ерекше белгі" соғылған визамен Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Абай, Қостанай облыстарына жөнелтіп жатыр. Маңғыстаудағы жақындарының қасында қалғысы келгендерге рұқсат жоқ, тіпті Түркіменстанға "депортациялауы мүмкін".

"ӘЗІРГЕ БІРЕУДЕН АҚША АЛЫП, ПӘТЕР ЖАЛДАЙ БЕР"

29 жастағы Түркіменстан қазағы Сағындық Назарәлиев бала-шағасымен биыл 15 тамызда Түркіменстаннан Қазақстанның Маңғыстау облысына жеткен. Келе сала олар жергілікті басшылықтың ұсынысымен Павлодар облысына қоныс аударған. Мамандығы электрик жігіт қазір жұмыссыз әрі баспанасыз далада қалдым дейді.

Ол Түркіменстаннан бері келуге дайындалып жүргенде "Қазақстанның өзге өңірлеріне баруға міндеттеп жатыр екен, оған келіспегендерді Қазақстан мен Түркіменстан кеден бекеті ортасында аптап ыстықта жаяу тентіретіп қойыпты" дегенді басқа жерлестерінен естігенін айтады. Сол себепті Павлодарға баруға бірден келісім берген. Ал Маңғыстауға келген соң жергілікті билік бірден жолға шығуды талап еткен.

- "Кетесің" деген соң, бала-шағаммен бірден жолға шықтым. Павлодарда ешкім қарсы алмады. Миграция бөліміне барғанымда ол жақтағылар ештеңе білмейтін болып шықты. "Баспана, жұмыс береді деген соң келдік" дегенбіз. "Оны кім айтты?" деп өзімізден сұрады. Біз де таң қалдық. Өзіміз келгендей болып қалдық, – дейді Сағындық Назарәлиев.

Оның айтуынша, облыстық әкімдігіндегілер оны Павлодардағы жатақханаға уақытша орналастырып, кейін қаладан 50 шақырымдай жердегі Ақсу ауданына ертіп апарып, үй емес, айына 100-150 мың теңге алатын жұмыс ұсынған. Бірақ ол баспана болмаған соң берілген жұмысты істеуге келіспегенін айтады.

– Жұмыс орны алыс әрі оған жету үшін қаражат керек болды, мен бас тарттым. Бұған қоса маған қазір алдымен баспана мәселесін шешу керек. Ал олар әзірге "біреуден ақша алып жалдай бер, кейін тауып береміз" дейді. Менің ондай ақша алатын тума-туысым жоқ, – дейді Сағындық Назарәлиев.

Айтуынша, әкімдік өкілі "аудандардың біріне бармасаң, Ақтауға кері кетесің" деп, жатақхананы босатуды талап еткен. Содан соң ол амалсыз Павлодардан 150 шақырым жердегі Екібастұз қаласына келген. Қазір мұнда екі бөлмелі үйдің бір бөлмесін жалға алып тұрып жатыр.

Екібастұз қаласы. Павлодар облысы, 13 тамыз 2013 жыл.
Екібастұз қаласы. Павлодар облысы, 13 тамыз 2013 жыл.

Сағындық пен оның отбасы құжаттарын реттеп, медициналық көмек алып отыруы үшін олардан "сотталмаған" деген анықтама талап етеді. Өздерінің айтуынша, Маңғыстауға келгенде мұны ешкім ескертпеген, "жылдам кетіңдер" деген соң пойызға отырып кетіп қалған.

– Жақында астанаға барып, Түркіменстан консулдығынан сотталмаған деген анықтама сұрап көремін. Ала алмасам, ары қарай не істейтінімді білмеймін. Маған бастысы – баламды емдету керек. Ол үшін Қазақстан азаматтығына құжат өткізгенім туралы қолымда анықтама болуы керек екен. Жиған-тергенімізді Қазақстанға өтеміз деп жүрген бір жылда жұмсап бітірдік, – дейді ол.

Сағындықтың баласы медициналық көмекке мұқтаж.

– Баламның жағдайы қиын болып тұр. "Басының қан қысымы бар" деген диагноз қойылған еді. Қатты жылай береді. Соны ауруханаға апарып көрсеткім келген. Бірақ дәрігерлер қабылдамайды. Қандас куәлігіне құжатты енді өткіздік. Қазір Түркіменстан паспортымен жүрміз. Не жұмысқа кіре алмай отырмыз. Азғантай ақшаны пәтерге бердік. Жегенміз – нан мен вермишель, – дейді ол.

Түркіменстаннан келген қандастарға Қазақстан сыртқы істер министрлігі көп рет кіріп-шығуға рұқсат беретін С10 визасын бір жылға берген. Визаның "қосымша мәліметтер" деген жерінде "Павлодар облысы" деп баратын аймағы жазылып тұр. Оралмандардың айтуынша, олардың визада көрсетілген облыстан басқа жаққа кетуіне рұқсат жоқ.

"Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасы үкімет қандастарды қоныстандыру үшін айқындаған өңірлерге – Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарына бөлінеді. Бұл ретте өңірлік квотаға енгізілген қандастарға көшуге (отбасының әрбір мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіштен [214 410 теңге, немесе шамамен 454 доллар – ред.] біржолғы төлем) және 12 ай ішінде тұрғын үй жалдау шығыстарын жабуға және коммуналдық қызметті төлеуге (отбасына 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде) субсидия түрінде мемлекеттік қолдау қарастырылған". Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің 2022 жылғы тамыздағы ақпаратында осылай делінген.

Бұған қоса оларға мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға өтініш беру мүмкіндігі де берілген.

"БІЗ ОЛАРДЫ ШАҚЫРҒАН ЖОҚПЫЗ"

Павлодар облыстық жұмыспен қамту басқармасының бас маманы Жандос Өкенов Түркіменстаннан келген қандастардың басы-қасында жүргенін айтады. Оның сөзінше, қазір Павлодарға 59 адам немесе тоғыз отбасы көшіп келген. Өкенов оларға көмектесіп, кейбірі үй сатып алуы үшін нотариусқа дейін бірге барғанын айтады.

Өкеновтың сөзінше, әр отбасына 214 мың теңге (450 доллардай) бір реттік жәрдемақы беріледі және 12 айға пәтер ақысын төлейді. Ол Маңғыстаудан келгендердің пойыз билетін төлеп, күтіп алғанын, бұған көп қаражат кеткенін айтады. Өкенов Павлодардың аймақтарына қоныс теуіп, жұмысқа ілігіп жатқандар барын айтады.

Павлодар қаласындағы теміржол вокзалы, 21 мамыр 2021 жыл.
Павлодар қаласындағы теміржол вокзалы, 21 мамыр 2021 жыл.

Сағындық Назарәлиевтің оқиғасына қатысты ол:

– Сіз шатаспаңыз, біз оларды шақырған жоқпыз. С10 визасын оларға сыртқы істер министрлігі берген. Сағындық Назарәлиев біздің жатақханада он күн жатты. Павлодарға олардан да бөлек Алматы, Жамбыл, Шымкент жақтан келіп жатқан ішкі қоныс аударушылар көп. Оған көп жұмыс ұсындым. Қызмет көлігімен апардым. Мұның бәрі – мемлекеттің қаржысы. Басқа мемлекетке бара жатқанда қалай күн көретінін ойлауы тиіс болатын, – дейді ол.

Жандос Өкенов оралмандарды дәрігердің қабылдамай отырғаны шындыққа жанаспайды дейді.

"ВИЗА ҚАЙ ЖАҚҚА БЕРІЛДІ, СОНДА КЕТЕСІҢДЕР"

Биыл шілде-тамызда Түркіменстаннан келген оралмандар – коронавирус пандемиясы кесірінен бері өте алмай, ортада сенделіп қалғандар. Үш жыл бұрын шақырту алып, мал-мүлкін, үй-жайын сатып Қазақстанға өтпек болып отырғанда шекара жабылып, көбі қиын жағдайда қалған.

Сондай қандастардың бірі – 57 жастағы Құралай Есенмұратова. Ол Түркіменстанның Түркіменбашы ауданындағы Гувлымаяк деген жердегі тұз шығаратын өндірісте жұмыс істеген. Маңғыстаудағы балаларына жетуді армандаған ол үш жыл бұрын Қазақстаннан шақырту ала салысымен үй-жайын сатып, жұмыстан шығып, консулдыққа виза төлемін төлеп, әбден дайындалған. Бірақ артынша пандемия басталып, бірнеше жыл пәтер жалдап, сатқан үйлерінің ақшасына күн көруге мәжбүр болған. Биыл жазда шекара ашылып, жұртты өтікізіп жатыр екен деген хабарды естиді. Сөйтіп, шілде айында шекара бекетіне келіп, бір тәулік сабылып жүріп әзер өтеді.

– Біреуге Павлодар, енді біріне Ақмола, Қостанай, әйтеуір бес облысты жазып жатыр (визадағы қай аймаққа баратыны жайлы белгі – ред.). "Мұнысы қалай?" дегенімізде "қорықпай бара беріңіздер. Мұны тек кеденнен өтіп кетулеріңіз үшін істеп жатырмыз. Базамыз істемей, басқа қаланы соғып жатырмыз" деп түсіндірді, – дейді Құралай Есенмұратова.

"Павлодарға бармасаңыз, виза біткен соң депортация жасайды" деп қорқытты.

Құралайдың қарт анасы мен кенже баласы Маңғыстауда тұрады. Зейнет жасына жақындап қалған өзі де балаларының қасына баруға ниет білдірген.

– Енді Маңғыстауға келсек, "виза қай жаққа берілді, сонда кетесіңдер" деген талап қойды. "Павлодарға бармасаңыз, виза біткен соң депортация жасайды" деп қорқытты. Түркіменстанға не деп барамыз? Мал-мүлкімізді саттық. Осы жерде қалғымыз келеді. Тумаларымыз осында. Солтүстіктің ауасы таза дегенді айтады. Біз таза ауа іздеп келген жоқпыз. Мемлекеттен ештеңе сұрамаймыз. Өз күнімізді өзіміз көреміз деген қолхат та жазып берейік дедік, – дейді ол.

Бала-шағасын тастап, Павлодарға жалғыз өзі баруға Құралайдың жүрегі дауаламайды.

– "Павлодарға барыңдар" деп үгіттеп жатқандар бір реттік 214 мың теңге беретіндерін айтады. "Квота береміз, бір жылғы баспана ақысын төлейді" дейді. Екі айда кетпесең визаң аяқталады деп отыр. Әбден басым қатты, – дейді ол.

"АЙТАТЫНДАРЫ – "КЕТІҢДЕР, КЕТІҢДЕР"

Ал 30 жастағы Гүлмайдан (туыстарының тағдырына алаңдаған ол аты-жөнін көрсетпеуді сұрады) – Қазақстан азаматы, Маңғыстау облысында тұрады. Оның Түркіменстандағы зейнеткер әке-шешесі мен бауыры тарихи отанына көшіп келуді бұрыннан армандап жүрген. Коронавирус індетіне байланысты карантин енгізілерден бұрын жалғыз өзі елге келіп үлгерген. Ал бері өтпекке оқталып, буынып-түйініп отырған туыстары сол күйі қалып қойған. Шілдеде шекарадан өтіп, енді қызымыздың қасына келдік пе деген оларға да Павлодарға көш деген талап қойылып отыр.

– Ата-анам үшін жұгіріп жүрмін. Олар –қарт адамдар. Бір өздері Павлодарға барғанда оларға кім қарайды? Зейнетақы бермейді. Үйлерін сатып, әр босағада тентіреп қиындық көріп жүргенде осындай жағдайға тап болды, – дейді ол.

Гүлмайданның айтуынша, әбден күйзелген қандастар Қазақстан сыртқы істер министріне де, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа да шағым хат жөнелткен.

– Қазір Түркіменстанда қалған адамдарды "мұның алдында өткендер жіберілген облыстарына кетсін, сосын өтесіңдер" деп жібермей жатыр дейді. Ит құсатып жүгіртіп қойды бәрімізді. Қазақстан тарапы ештеңе айтпады. Айтатындары "кетіңдер, кетіңдер" болды. Павлодарға кеткен жерлестеріміздің жағдайын естіп тіпті төбе шашымыз тік тұрды, – дейді ол.

– Бізді кері қайтара ма деген қорқынышпен [басқа облыстарға] кетіп жатқандар да бар. Бұл бір аласапыран болды, – дейді Гүлмайдан.

"БҰЛ БІЗДІҢ ҚҰЗЫРЫМЫЗҒА КІРМЕЙДІ"

Азаттық қиын жағдайда қалған қандастардың мәселесін кім шеше алады деп Маңғыстау облыстық әкімдігінен және сыртқы істер министрлігінен сұрады. Бірақ екі мекеме де "бұл біздің құзырымызға кірмейді" деп жауап берді.

– Келгендердің құжатына "ерекше белгі" соғылған. Оған сәйкес ол адам сонда көрсетілген облысқа баруы керек. Егер олар көрсетілген мерзімде аталған облысқа бармаса, азаматтық ала алмауы мүмкін, – дейді Маңғыстау облыстық әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсет Шопанов.

– Қандастарға сол Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ақмола және Абай облыстары белгіленген. Олар да өз жағдайларын айтып жатыр. "Ақшамыз жоқ" деген соң өткенде бір вагонды ұйымдастырып дайындап қойса, бармай қойды. Біз де олардың жағдайын түсінуге тырысып, облыста комиссия құрып, 44 жалғызбасты қарт адамды облыста қалдыруды ұйғардық, – дейді ол.

Басқа оралмандарды Маңғыстауда қалдыруға құзіреті жетпейтінін айтқан Шопанов "бәрі де Қазақстан сыртқы істер министрлігі шешімімен болып жатыр" деді.

Ал сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, қандастарды аймақтарға бөлу олардың құзырындағы шаруа емес. Түркімен жағымен қандастарды көшіру бойынша келіссөз жүргенде басты міндет – қазақтарды елге әкелу болған. Ал оларды әрі қарай аймақтарға бөлу – еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің құзырындағы нәрсе дейді министрлік өкілі.

Қандастарға берілетін визадағы облыстың аты жазылған қосымша белгі қандай негізде қойылды? Оны қойғанда неге қандастардың қалауы ескерілмеді? Онда көрсетілген аймаққа бармаған қандастардың тағдыры не болады? Азаттық осы сауалдарды Қазақстанның еңбек және әлеуметтік қорғау, сыртқы істер министрліктеріне жіберді. Материал жарияланғанша олардан жауап келген жоқ.

"ТЕК МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫМЕН ШЕКТЕЛУГЕ БОЛМАЙДЫ"

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 14 шілдеде үкіметтің кеңейтілген отырысында қандастарды Маңғыстаудан өзге де облыстарға қоныстандыру керегін айтқан.

– Басқа аймақтарға көшіру бағдарламасын түбірмен өзгерту қажет. Біз тарихи отанына оралған отандастарымызды толық қолдаймыз. Бірақ тек Маңғыстау обылысымен шектеліп қалуға болмайды. Оларды басқа облыстарға, өндірісі дамыған аймақтарға қоныстандыруды қарастыру керек, – деген Тоқаев.

Солтүстіктің ауасы таза дегенді айтады. Біз таза ауа іздеп келген жоқпыз.

Түркіменстан қазақтарының көші 2019 жылы басталған. Бірақ пандемияға байланысты енгізілген карантин салдарынан кейін тоқтап қалған көш былтыр қайта жалғасты. Маңғыстау облысы әкімінің мәліметінше, 2022 жылғы 17 шілде мен 1 тамыз аралығында Түркіменстаннан 766 адам келген.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2022 жылдың бірінші жартысында 7415 қазақ тарихи отаны – Қазақстанға келген. Ал 1991 жылдан бері Қазақстанға 1 миллион 95,3 мың қазақ оралған. Олардың басым көпшілігі Алматы (31,6%), Маңғыстау (18,3%), Түркістан (9,8%), Жамбыл (6,3%) облыстары мен Алматы (5,7%), Нұр-Сұлтан (7,1%) және Шымкент (8,1%) қалаларына қоныстанған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG