Дәурен Абаев Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды. Бұл туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығы Ақорда сайтына жарияланды.
Дәурен Абаев 2023 жылдың наурыз айынан бері ТМД елдері бас хатшысының орынбасары қызметін атқарып келген. Ол 2001 жылы жоғары оқу орнын бітіргеннен бастап Қазақстан сыртқы істер министрлігінде, Қазақстан президенті әкімшілігінде жұмыс істеген.
2011 - 2016 жылдары Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы, кеңесшісі қызметін атқарған. Назарбаев кезінде ақпарат және коммуникация министрі болып тағайындалған Абаев, бұл қызметін Тоқаев тұсында да жалғастырған.
"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының 2018 жылы жариялаған "Сөз бостандығы индексінде" Қазақстан әлем бойынша 180 елдің арасында 158-орында тұрғанда ақпарат министрі Дәурен Абаев "Қазақстанда сөз бостандығы бар, он балдық өлшеммен алғанда Қазақстандағы сөз бостандығы – жеті-сегіз баллға тең" деп мәлімдеген.
2018 жылы сәуірде "Қазақ әдебиеті" газетіне берген сұқбатында "Біз сөз бостандығын алдыңғы қатарға қоятын мемлекетпіз. Басылымдардың тақырып таңдаудағы, оны халыққа жеткізудегі шығармашылық еркіндігіне шектеу қоя алмаймыз" деген еді.
Дәурен Абаевтың тұсында қабылданған БАҚ туралы заңды баспасөз құқығын қорғаушылар тарапынан жиі сынаған. Бірақ министрдің өзі жоғары бағалап, "жаңа заң қабылданғаннан кейін шенеунік журналиске келіп, өзінен пікір алуды сұрайды" деген мәлімдемесі де жұрттың есінде қалған.
Дәурен Абаев 2021 жылы "Үңгірдегі ұлтшылдық" деген сөзімен де жұртшылық назарын аударған. Сол жылы 19 тамызда Алматы полициясы бұған дейін дүкендер мен мемлекеттік мекемелердің "қазақ тілін қаншалықты білетінін" тексерген YouTube-арна авторы Қуат Ахметовке айыппұл салған еді.
Ерікті "тіл патрульдерінің" мұндай әрекеттерін сол кезде Қазақстан президенті әкімшілігі жетекшісінің орынбасары болып жүрген Дәурен Абаев айыптай сөйлеп, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен дүкен сатушыларынан қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап еткен әрекетті "үңгірдегі ұлтшылдық" деп бағалаған.
Абаевтың "үңгірдегі ұлтшылдығы" әлеуметтік желі қолданушылардың наразылығын туғызды. Кейбірі мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді осылайша талап етуге 30 жылда қазақ тілінің мәртебесін көтере алмаған билік мәжбүр етті деп санайтынын жазды.
2022 жылы маусымда мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың үкімет отырысынан соң журналист Айнұр Коскинаның Бозжыра шатқалындағы құрылыс жобасы туралы сөзін бөліп, анайы әңгімеге емеурін жасай сөйлегені қоғамда сынға ұшырап, Абаев журналистен кешірім сұраған.
ПІКІРЛЕР