Accessibility links

"ҰҚК полковнигін өлтірді" деп 16 жылға сотталған Жұманов оққа сараптама жүргізуді сұрады


"ҰҚК қызметкерін атты", "қару ұрлады" деп айыпталған алты адамның апелляциялық шағымы қарала бастады. Тараз, 28 шілде 2023 жыл.
"ҰҚК қызметкерін атты", "қару ұрлады" деп айыпталған алты адамның апелляциялық шағымы қарала бастады. Тараз, 28 шілде 2023 жыл.

Бүгін, 28 шілдеде Тараздағы Қаңтар оқиғасы кезінде "ҰҚК подполковнигі Дастан Әділбайды өлтірді", "қару-жарақ ұрлады және сақтады" деген айыппен 16 жылға сотталған Ербол Жұманов пен өзге төрт адамның апелляциялық шағымы бойынша сот өтті. Сот отырысы № 67 мекемеде (СИ-13) болды.

Сот кезінде Жұманов Қаңтар оқиғасы кезінде қару-жарақ алғанын мойындады. Бірақ сот алқасынан "Құқық қорғау органы қызметкерінің өміріне қол сұғу" бабын алып тастауды сұрады.

– Қаңтар кезінде көпшілікпен көшеге шыққаным рас, бірақ ешкімді атпадым. Тергеу мен алғашқы сот инстанциясында менің кінәмді дәлелдейтін бірде-бір айғақ болмады, – деді Жұманов.

Бұған дейін сот отырыстарының бірінде Жұманов "қаруды сағат 16.00-де алдым, ал қаза тапқан ҰҚК полковнигіне оқ 15.18-де тиген" деп еді. Жұмановтың ағасы Ержан Жұманов та бірінші сатыдағы сот кезінде "іске тіркелген видео монтаждалғанын, ондағы уақыттар әртүрлі екенін" айтқан. Бірақ судья бұл уәжді елеусіз қалдырған.

28 шілдедегі сот отырысында сотталушы Жұманов апелляциялық сот алқасынан марқұм ҰҚК подполковнигінің киімін тексеруді, оған тиген оққа сот-баллистикалық сараптама жүргізуді және осы іс барысында сұралған куәгерлерден қайта жауап алуды сұрады. Сот алқасының төрағасы Нұрмұхаммат Абидов Жұмановтың өтініші "мұқият қаралатынын" айтты.

– Сот алқасының төрағасы [полковникке тиген] оққа сараптама жүргізіле ме, жоқ па – нақты айтпады. "Алдағы отырыста қарастырамыз" деді. Бірақ келесі сот отырысына оққа сот-баллистикалық сараптама жүргізген екі маманды алдыртуға келісті, – деді Жұмановтың адвокаты Жалғас Сапарханова Азаттыққа.

Адвокат Сапарханова сот алқасына бірнеше өтініш түсірді. Сот алқасы оның кейбірін қанағаттандырды. Судьялар оқиға орнында болған екі әскериді сот залына шақыртуды, Жұмановқа тиесілі телефон нөмірін сараптау бойынша өтінішті мақұлдап, істегі видеоайғақтарға сараптама жасау, оқиға орнында болған 18 әскери қызметкерден жауап алу жайлы өтінішті қанағаттандырмады.

24 маусымда Жұмановтың тергеу изоляторында қысымға шыдамай өзіне қол салғаны хабарланған. Мұны түрме әкімшілігі де растап еді.

– Басында қысым болды. Қазір бәрі жақсы. Адвокат арыз жазғаннан кейін қысым тоқтады. Талабым сол – кінәсізбін. Сот шешеді қалай болатынын, не болатынын. Бірақ бұл сотқа да сенімім жоқ, сенім арта алмаймын, – деді Жұманов 28 шілдедегі сот отырысы кезінде Азаттыққа.

Айбол Сағынтай мен Жақсылық Абдуллаев Қаңтар оқиғасы кезінде алаңға шыққандарын мойындап, соттан "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру" бабын алып тастауды сұрады. Ал Нұрахан Махатов өзін толықтай ақтауды сұрады.

28 сәуірде Тараз соты "қаруды заңсыз иемденді", "билік өкіліне күш көрсетті", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды және оған қатысты" деген айыппен тоғыз адамды соттаған. Ербол Жұманов – 16 жылға, Нұрахан Махатов – 6 жылға, Айбол Сағынтай мен Жақсылық Абдуллаев 5 жылға бас бостандығынан айырылған. Іс бойынша сотқа тартылған өзге бес адам – Қанат Нұраханұлы, Ермахан Сайлауов, Дәурен Нұрәлиев, Досмұхаммед Садықов пен Саламат Қосанов рақымшылыққа ілігіп, сот залынан босап шыққан.

Келесі сот отырысы 11 тамызға белгіленді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG