Accessibility links

Тараздағы "аруақтар соты" бойынша апелляция: Қаңтарда қаза болған бес адамның біреуі ақталды


Қаңтар оқиғасында қаза болған Ержан Байжановтың анасы Нигора Закаряева сот залында талып қалды. Тараз, Жамбыл облыстық сотының ғимараты, 8 тамыз, 2023 жыл
Қаңтар оқиғасында қаза болған Ержан Байжановтың анасы Нигора Закаряева сот залында талып қалды. Тараз, Жамбыл облыстық сотының ғимараты, 8 тамыз, 2023 жыл

Таразда Қаңтар оқиғасы кезінде мерт болып, кейін "жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін" кінәлі саналған марқұмдардың ісі бойынша апелляциялық соттың шешімі шықты. Қаңтар оқиғасында өлген бес адамның бірі Нұрсұлтан Қуатбаев ақталды. Судьялар тергеу барысында оның кінәсі толық дәлелденбегенін айтты. Ал қалған айыпталушыларды "кінәлі" деп санаған алғашқы инстанциядағы сот үкімі өзгеріссіз қалдырылды.

Қоғамда "Аруақтар ісі" атымен танылған процесс Тараздағы тергеу изоляторы ғимаратында өтті. Әуел баста оған марқұмдардың туыстары қатыспайтын болған. Олар процестің тергеу абақтысында өтуіне қарсылық білдіріп, Жамбыл облыстық сотының төрағасы Ербол Ахметжановқа шағымданған.

Апелляциялық соттың кезекті отырысы тергеу изоляторында өтеді дегенді естігеннен-ақ марқұмдардың жақындары бұл шешімге қарсы болған. Сотталған марқұмдар - Тоқтар Ошақбай, Нұрсұлтан Қуатбаев және Ержан Байжановтың адвокаты сотқа процестен бір күн бұрын өтініш жазып, талап-тілектерін білдірген еді.

Алайда судья Нұрмұхаммет Абидов бастаған сот алқасы шешімін өзгерткен жоқ. Сондықтан сотталғандардың жақындары облыстық соттың төрағасы Ербол Ахметжановтың қабылдауына кіріп, талап-тілектерін айтты. Марқұм Ержан Байжановтың анасы Нигора Закарияева "Сотты тергеу абақтысында өткізу - өлгендерді қорлау" деді. Психологиялық күйзелісте тұрған ол сөзін аяқтамай жатып талып қалды. Сот ғимаратына жедел жәрдем шақырылып, Закарияеваның қан қысымы көтерілгені белгілі болды.

Өлгендердің туыстары ақыры тергеу изоляторына барды. Себебі, процеске қатысып отырған адвокаттар бүгін шешім шығатынын айтқан.

Сонымен, 24 мамырда басталып, бүгін аяқталған апелляциялық соттың шешімі бойынша бес марқұмның бірі – Нұрсұлтан Қуатбаев ақталды. Судьялар оның кінәсі тергеу барысында толық дәлелденбегенін айтты. Ал қалған айыпталушыларды "кінәлі" деп санаған бастапқы сот үкімі өзгеріссіз қалдырылды.

Марқұм Нұрсұлтан Қуатбаевтың әкесі Бақытжан Шыңғысбеков сот ақтаса да шешімге көңілі толмайтынын білдірді. Ол өлгендердің бәрін ақтау керек деп санайды.

Марқұм Ержан Байжановтың анасы Нигора Закарияева кассациялық шағым түсірмекші.

- Әділетсіз шешім шықты. Судьялар істі осыншама уақыт қараса да ақ-қарасын ажырата алмағанына күйінемін. Енді Жоғарғы сотқа жүгінемін. Баламды ақтап алмайынша тоқтамаймын, - деді ол.

Ақпанның басында алғашқы инстанциядағы сот Тараздағы Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан бес азамат – Исатай Донбаев, Райс Рысбеков, Ержан Байжанов, Нұрсұлтан Қуатбаев пен Тоқтар Ошақбайды кінәлі деп таныған. Қаза болуына байланысты оларға жаза белгіленбеген. Тергеу органдары оларды Қаңтар оқиғасы кезінде Тараздағы "жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты", "оқ-дәріні заңсыз алып жүрді" деген айып таққан.

Алғашқы сот инстанциясындағы судья Бағдат Төребекұлы шығарған үкімде айыпталғандардың бәрі былтыр, 2022 жылы қаңтардың 6-сына қараған түні "қоғамға қауіпті іс-əрекетін ұғына отырып, қирату, өртеу, мүлікті жою, атыс қаруын қолдану және билік өкілдеріне қарулы қарсылық көрсетуге ұласқан жаппай тəртіпсіздікке қатысқаны", "билік өкілдерінің заңды талаптарына бағынбай, жаппай тəртіпсіздік жасауға шақырып, оқ-дəрiнi заңсыз иемденіп, сақтағаны, тасымалдағаны жəне алып жүргені" айтылған. Өлгендердің туыстары бұл айыппен келіспейді.

Ресми дерек бойынша, Тараздағы Қаңтар оқиғасында 15 адам оқ тиіп қаза болған. Адам өлімі бойынша қозғалған істердің бәрі жабылған. Қаңтар оқиғасы кезінде Тараздағы алаңда мерт болған 17 жастағы Андрей Опушиевтің ісін кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қарап, жасөспірімді кінәлі деп тапқан еді. Апелляция соты үкімді өзгеріссіз қалдырған.

Қазір Жамбыл облыстық сотында Қаңтар оқиғасы кезінде ҰҚК қызметкерін атып өлтірді деп айыпталып, 16 жылға бостандығынан айырылған Ербол Жұмановтың апелляциялық шағымы қаралып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG