Accessibility links

"Алға, Қазақстан" тәліптер бақылауындағы ауған үкіметімен келісімге келген Астана әрекетін сынады 


Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясының өкілдері және адвокат Мейіржан Досқараев (ортада) баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Алматы, 9 тамыз, 2023 жыл.
Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясының өкілдері және адвокат Мейіржан Досқараев (ортада) баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Алматы, 9 тамыз, 2023 жыл.

Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясы "Талибан" қозғалысының бақылауындағы Ауғанстан үкіметімен сауда-саттық бойынша келісімге келген Қазақстан билігінің әрекетін "террористік топқа болысуға" теңейді. Оппозициялық партияны тіркете алмай жүрген белсенділер бұл туралы 9 тамызда Алматыда өткен баспасөз мәслихатында айтты.

"Жоғарғы соттың шешімі бойынша, Қазақстанда "Талибан" қозғалысының қызметіне тыйым салынған. Қылмыстық кодексте де террористік ұйымның қызметіне араласуға болмайды деп көрсетілген. Бірақ соған қарамастан, тамыздың басында тыйым салынған қозғалыс өкілдері Қазақстанда болып, сауда айналымын арттыру бойынша келісімдерге қол қойды. Олармен байланыс орнатып, сауда жасау – террористік ұйымға көмектесу деп есептейміз" деді "Алға, Қазақстан" партиясын құру жөніндегі ұйымдастырушы топтың мүшесі Мереке Нұғманов.

3-5 тамыз күндері Астанада қазақ-ауған бизнес форумы өткен. Жиынға Ауғанстаннан 200-ден астам делегат келген. Екі ел сауда-саттыққа байланысты құны 200 млн долларға жуықтайтын келісімге қол қойғаны хабарланды.

"Талибан" басқаратын ауған үкіметі өкілдерінің Қазақстанға келуі елде қызу талқыланды. Ресми Астананың әрекетін сынағандар көп болды. Өткен аптада Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Астана Ауғанстанмен сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және энергетикалық байланысты сақтауға мүдделі деп мәлімдеген.

Қазақстанда "Талибан" қозғалысы сот шешімі бойынша 2005 жылдан бері террорлық ұйым ретінде танылып, жұмысына тыйым салынған. Алайда Ауғанстанда тәліптер билікті басып алған соң да Астана Кабулға ресми делегациясын жіберген, Қазақстанның Кабулдағы елшілігі де жұмысын тоқтатпаған.

Сәрсенбіде Алматыда өткен баспасөз жиынында белсенділер Қазақстан билігінің көп елде "террористік ұйым" деп танылған "Талибанмен" қарым-қатынас орнатып, ал елде үкіметті сынап, пікірін ашық айтқандарды "экстремист" деп қудалап жатқанын айтты. Мысал ретінде "Алға, Қазақстанның" лидері, әйгілі супермарафоншы Марат Жыланбаевтың ісін келтірді. Билікті қатаң сынап, балама ұсыныстар айтып жүрген Жыланбаев мамыр айында "экстремистік ұйымның жұмысына қатысу", "экстремистік ұйымды қаржыландыру" баптары бойынша айып тағылып, екі айға тергеу абақтысына қамалған. 23 шілде күні сот оны қамауда ұстау мерзімін тағы бір айға ұзартқан. Адвокаты бұған дейін абақтыдағы Жыланбаевтың денсаулығы нашарлағанын хабарлаған.

Баспасөз мәслихатында белсенділер "Алға, Қазақстанды" партия ретінде тіркеуге 17 рет тырысқанымен әлі күнге дейін рұқсат ала алмай отырғанын айтып, билікті сынады. "Алға, Қазақстан" партиясын ұйымдастыру комитетінің мүшесі Сергей Измайлов әділет министрлігі партияны тіркеуді бастауға негізсіз рұқсат бермей отыр деп мәлімдеді.

"Алға, Қазақстан" ұйымы партия ретінде ресми түрде тіркелуге 2022 жылғы мамырдан бері рұқсат ала алмай жүр. Бір жылдан астам уақытта әділет министрлігі олардың өтінішін түрлі уәжбен 17 рет қанағаттандырмады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG