14 тамызға қараған түні Ресей әскері Одессаға 15 "Шахид" дроны және сегіз "Калибр" қанатты зымыранымен соққы жасаған. Украина әуе күштері зымыран мен дронның бәрін атып құлатқанын хабарлады.
Одесса облысы әскери әкімшілігінің спикері Сергей Братчуктың айтуынша, Ресей әскері түнде Одессаға үш рет соққы жасаған. Алдымен дрон, кейін зымыран ұшырылған. Братчуктың сөзінше, олар қала орталығына шабуыл жасамақ болған.
Облыстың әскери әкімшілігінің жетекшісі Олег Кипердің айтуынша, құлаған зымыран мен дрон бөлшектерінен жатақхана, тұрғын үй және супермаркет бүлінген, салдарынан екі ғимаратта өрт шыққан. Супермаркеттің үш қызметкері жараланып, екеуі ауруханаға жатқызылған.
Ресей әскері 18 шілдеден бері Украинаның Одесса қаласы мен облысына жиі соққы жасап жатыр. Сол күні Ресей астық келісімінен шыққан. Украина билігі Мәскеу астық экспортын тоқтатқысы келеді деп санайды. Соққыдан бірнеше адам жараланып, қаза болған. Ресей өзінің әрекетін 17 шілде күнгі Қырым көпіріне жасалған шабуыл үшін "кек алу" деп атады.
ПІКІРЛЕР