Бір топ кәсіпкер қорғаныс министрлігі жанындағы "Әскери құрылыс" компаниясын "алдап кетті" деп айыптады.
Ақпаратқа қарағанда, "Әскери құрылыс" компаниясы қорғаныс министрлігі үшін қызметтер мен тауарларға тапсырма беріп, бірақ оларды атқарған компанияларға келісімде көрсетілген қаражатты бермеген. Мәселе 5 миллион доллар жөнінде болып отыр.
30 тамызда кәсіпкерлер қорғаныс министрлігі ғимараты алдында жиналды. Солардың бірі – Юрий Литвинов. Оның компаниясы 2020 жылы Балқаштағы әскери бөлімше үшін 65 мың долларға шағын станция салып берген. Бірақ бүгінгі күнге дейін бұл қаражатты алмаған.
Татьяна Ляменконың компаниясы да қорғаныс министрлігінің бұйрығымен Үшаралда канализация салған. Бірақ үш жылдан бері бұл қызметі үшін ақша ала алмай келген.
Астанадағы кәсіпкерлер митингісі (30 тамыз 2023 жыл, видео орыс тілінде)
Сәрсенбі күні кәсіпкерлерді қорғаныс министрінің орынбасары Мұхаммеджан Таласов қабылдады. Ол қарызды "Днепр" радиолокация станциясын сатқаннан кейін ғана төлеп беретінін жеткізді.
"Қазір сатып алушыны табу қиын болып тұр. Екі жыл шыдадыңдар, енді тағы аз уақыт шыдаңдар. Жыл соңына дейін негізгі қарызды жабамыз", - деді Таласов.
Бүгінгі күні бұл фактілер бойынша "Әскери құрылыс" компаниясына қатысты қозғалған қылмыстық іске байланысты тергеу жүріп жатыр.
ПІКІРЛЕР