Accessibility links

Ғылым министрлігі: Ашаршылық пен репрессияға "баға бермеуге" шақыратын нұсқаулықтың күші жойылды 


Ашаршылық құрбандарын еске алу мемориалына жиналған жұрт. Алматы. 31 мамыр, 2022 жыл.
Ашаршылық құрбандарын еске алу мемориалына жиналған жұрт. Алматы. 31 мамыр, 2022 жыл.

Қазақстан ғылым және жоғарғы білім министрлігі ғылыми мекеме қызметкерлерін ашаршылық пен репрессияға "баға бермеуге" шақырған нұсқаулығының күшін жойды. Бұл туралы Азаттыққа 11 қазанда министрліктің ресми өкілі Ержан Байтанаев хабарлады.

Ол қоғамда дау тудырған нұсқаулықты министрлікке қарасты ғылым комитеті өз бетінше дайындап, таратып жіберген деп отыр.

- Хат [ғылым] комитет қызметкерлерінің жеке бастамасы екенін баса айтамыз және хатты жоғары тұрған ведомствоның алдын ала рұқсатынсыз жарияланған. Бұл хат тек ұсыныс сипатында болды және оның ешқандай заңды күші жоқ, - деді министрліктің ресми өкілі.

Байтанаев қазір комитет дау туғызған хатты кері қайтарып алып, оған байланысты ішкі тексеріс жүргізіп жатқанын айтады.

Ғылым және жоғарғы білім министрлігіне қарасты ғылым комитеті дайындаған 12 пункттен тұратын нұсқаулық 6 қазанда тарап кеткен.

Құжатта тарихшылар мен ғалымдардың "мемлекетаралық конфликт туғызуы мүмкін мәліметтер жариялауына; ашаршылыққа, 20 ғасырдағы отаршылдық пен 20-30 жылдардағы саяси қуғын-сүргінге баға беруіне, қала атын өзгерту, мектепте хиджаб кию сияқты тақырыптарға сұқбат беруіне болмайтыны жазылған.

Нұсқаулықта "ғалымдар жеке тұлғаларға, олардың ата-бабалары мен ұрпақтарының ар-намысына тиетін мәліметтер жариялаудан сақ болуы тиіс және жазған мақалаларын басшылыққа көрсетуі керек" деген пункт болған.

Бұған қоса, құжатта "мемлекеттік билік органдарының беделіне нұқсан келтіруі мүмкін материалдарға да жол бермеу керегі" жазылған.

Кейбір ғалым нұсқаулықты "цензураға" теңеп, құжатты дайындаған ғылым комитетін "ғылымды саясиландарып отыр" деп сынаған.

Бүгін, 11 қазанда ғылым комитеті төрағасының орынбасары Асылхан Бибосынов Азаттыққа нұсқаулықты комитет дайындағанын мойындап, оның тікелей орындауды талап етпейтін ұсыныс деген. Бибосынов "Совет одағы тұсында ашаршылық сияқты мәселе болды. Осы тақырыптан халықаралық конфликт не түсінбеушілік туғанын қаламаймыз" деді.

"Ғылымды саясиландыру". Зерттеушілер биліктің нұсқаулығына наразы
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:02 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG