18 қазанда Алматыда белсенді Дархан Уәлиев 15 тәулікке қамалды. Бұл жөнінде адвокат Жанар Балғабаева және өзге белсенділер хабарлады.
Жанар Балғабаеваның сөзінше, Уәлиевке "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" (488-бап, 6-бөлігі) бабы бойынша айып тағылған. Уәлиев 19 қыркүйекте "әуежайды басып алу ісі" бойынша ашық сотқа қатысу үшін Алматы қалалық сотына барған. Ол сол кезде барған халықпен бірге ашық сот процесіне қатыса алмаған. Оны сол үшін әкімшілік жазаға тартып отыр. Уәлиев сот кезінде ешқандай шараға қатыспағанын, ашық сотқа бару "митинг емесін" айтқан. Бірақ сот соған қарамастан оны әкімшілік қамауға алған.
"Оны Лобачевский емес, уақытша қамау изоляторына қамады. 27 қазанда оның пробациялық бақылау мерзімі бітеді. Бұл соған әсер етуі мүмкін болғандықтан оны изоляторға қамаған болуы мүмкін" дейді Жанара Балғабаева. Ол шешімді міндетті түрде апелляцияға беретінін айтты.
Қыркүйектің соңында "әуежайды басып алу ісі" бойынша сотқа барған бірқатар белсенділер әкімшілік жазаға тартылған еді. Оларға да "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу" бабы бойынша айып тағылған. 19 қыркүйекте Қаңтар оқиғасы кезінде "Әуежайды басып алу ісі бойынша" сотталғандардың шағымын қарайтын Алматы қаласындағы апелляциялық сот даумен басталған. Сот отырысына келген адамдар көбейген кезде сот онлайн режимде өтетіні хабарланып, сотталушылардың туыстары, адвокаттары мен белсенділер наразылық білдірген.
Бұған дейін шетелде жүрген Ақорда сыншысы, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов жақтастарын 25 қазанда митингіге шығуға шақырған. 17 қазанда Қазақстан ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха "Қазақстанның демократиялық таңдауы" "экстремистік ұйымына митинг өткізуіне рұқсат бермейміз" деп мәлімдеген. (Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" ұйымын Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп таныған, ал Еуропарламент "оппозициялық бейбіт ұйым" деп атаған – ред.).
Бір күн бұрын "Ар.Рух.Хақ" қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина 25 қазан күнгі митинг қарсаңында белсенділерді қудалау үдегенін, құқық қорғаушылар адам құқығын бұзу жайттарын бақылап отырғанын жазды.
Кей ақпаратқа қарағанда, Астанада белсенділер Айдар Сыздықов пен Мереке Нұғыманов ұсталған болуы мүмкін. Алматыда белсенді Бибігүл Иманғалиева, Нұртай Шегебекұлына полицияға шақырту қағазы берілген.
Полиция әзірге түсініктеме бермеді.
Оппозиция митингісі қарсаңында елде белсенділерді полицияға шақыру, ұстау, қамау – елде жиі кездесетін практика. Халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар ресми Астананы азаматтардың бейбіт жиналу құқығын сақтауға үндеп келеді.
ПІКІРЛЕР