Accessibility links

"Жауапты саласы сынға ұшыраған" Мейірхат Қасымбаев "ҚазАвтоЖол" компаниясынан кетті


Қалбатау-Майқапшағай тас жолы
Қалбатау-Майқапшағай тас жолы

"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Мейірхат Қасымбаев кеше, 30 қазанда "өз ықыласымен" қызметінен кеткенін мәлімдеді.

"Жасыратыны жоқ, автожол саласы мемлекет басшысының тарапынан да, тұрғындарымыздың тарапынан да бірнеше рет сынға ұшырады. Жолдың мәселесі бір күнде шешілмейді. Оң өзгеріске қол жеткізу үшін жүйелі түрде жұмыс істеу керек" деп жазды ол Instagram парақшасында.

Қызметке 2022 жылдың ақпанында тағайындалған Мейірхат Қасымбаев өзі басшылық еткен уақытта "ел аузында жүрген" жолдарда жөндеу қайта басталды деп жазды. Соның ішінде Атырау-Астрахан, Қазталов-Жәнібек-Ресей шекарасы, Өнеге-Бисен-Сайхын, Ақтөбе-Қандыағаш, Үшарал-Достық, Талдықорған-Қалбатау-Өскемен, Қарағанды-Балқаш, Күрті-Бұрылбайтал, Меркі-Бұрылбайтал бағыттарын атап өтті.

Ол жазбасында құрылыс мерзімі кешіккен тағы бір жоба - Қалбатау-Майқапшағай тас жолының қазіргі ахуалы туралы айтпаған. Азаттық бір айдай бұрын осы жолдың құрылысы туралы журналистік зерттеу жариялаған. Зерттеу барысында құрылысқа берілген 21 миллиард теңге аванс қаржысының "едәуір бөлігін жымқырды" делінген мердігер "КазГерСтрой" компаниясын бір кезде Қасымбаевтың өзі басқарғанын анықталған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Азаттыққа "компанияның басшылығы кінәлі деп танылды, бірақ оларға рақымшылық берілді" деп жауап берді. Алайда кінәлілердің аты-жөнін атамады. Бас прокуратура Қасымбаевқа қатысты қызметтік тексеру жүргізілді ме деген сұрақты "құпия" мәлімет қатарында қалдырған.

Қалбатау – Майқапшағай жолын жөндеуге бөлінген 21 млрд теңгені жымқырып, "рақымшылық" алған кімдер?
please wait

No media source currently available

0:00 0:08:47 0:00

Мейірхат Қасымбаев 1980 жылы Шығыс Қазақстан облысында туған. "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясынан бұрын "КазГерСтрой" бірлескен кәсіпорынында вице-президент, кейін бас директор болған. Осы компанияның құрылтайшысы Bereke Astana Group кәсіпорынына Абылай Жүнісов деген адаммен бірге иелік еткен. Абылай Жүнісов - экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың түрмедегі інісі Қайрат Сатыбалдының бажасы. Қазір Bereke Astana Group компаниясы Сатыбалдының баласы Бауыржан Нұрсұлтанның атына өтті.

Қасымбаев - 2005-2011 жылдар аралығында мемлекеттік қызмет істері агенттігінде төраға, кейін Қазақстанның Өзбекстандағы, Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі болып істеген Зауытбек Тұрысбековтің көмекшісі әрі кеңесшісі қызметтерін де атқарған.

Қалбатау-Майқапшағай автожолын салуда ақша жымқырды деп танылған "КазГерСтрой" компаниясына сол жылдары осы Зауытбек Тұрысбековтің ұлы Тимур Тұрысбеков пен германиялық кәсіпкер Роберт Шумахер қожалық еткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG