Accessibility links

Петропавлда Ұлттық ұлан сарбазы әріптесінің оғынан қаза тапты


Ұлттық ұлан сарбаздары жаттығу кезінде. Көрнекі сурет
Ұлттық ұлан сарбаздары жаттығу кезінде. Көрнекі сурет

Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласында Ұлттық ұланда келісімшарт бойынша қызмет атқарған сарбаздың қазасының жай-жапсары тексеріліп жатыр.

Ұлттық ұлан баспасөз қызметі "12 қарашада №6637 әскери бөлімде келісімшартпен қызмет атқаратын сарбаз әріптесін абайсызда атып, жаралаған. Әскери қызметкерді дереу медициналық мекемеге жеткізген, бірақ ажалдан алып қала алмады" деп хабарлады.

Оқыс оқиғаның жай-жапсарын тексеру басталған.

Кейінгі бірнеше аптада Ұлттық ұлан қызметкерлерінен осымен екінші адам оқ тиіп қаза тапты.

ІІМ қазан айында Астанадағы Ұлттық ұланның №6636 әскери бөлімінде қызметкердің қазасы бойынша тергеу басталғанын хабарлады. Басына оқ тиген сарбаз өлі табылған.

Былтыр маусымда Қазақстанның қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов "бейбіт уақытта әскери қызметкерлердің жаралануы мен қаза болуына жол бермеу үшін барлық лауазымды тұлғалар іс-шара қолдануға тиіс" деген тапсырма берген. Сол жылы Жақсылықов сарбаз өліміне "әскер ғана кінәлі емес, олар әскер қатарына қоғамнан өз проблемаларымен келді, біздің мақсатымыз – ересек адамға мәселесін шешуге көмектесу, әскери қызметке бейімдеу" деп айтқан.

Бір жылдан кейін, 2023 жылдың маусымында Астанада журналистердің әскер қатарындағы қайғылы оқиғалар туралы сұрағына жауап берген Жақсылықов Қазақстан қарулы күштері басшылығы "келеңсіз жайттарды жою үшін шара қабылдап жатыр" деп мәлімдеді.

Былтыр тамызда Алматы қаласындағы №3650 әскери бөлімде келісімшарт бойынша қызмет істеп жүрген 21 жастағы жауынгер Абылай Сабыров міндетін атқарып жүргенде қаза тапқан. Ресми ақпаратта жауынгер өзіне берілген тапаншамен өзін атқан деп жазылған.

2021 жылы Орал қаласында басына оқ тиген сарбаз көз жұмған. Сол кезде де сарбаз өзін атқан деп айтылды.

2019 жылы Алматы облысындағы №28237 әскери бөлімде міндетті әскери борышын өтеп жатқан сарбаз қазаға ұшырады. Ресми ақпаратта қатардағы жауынгер Ұласбек Қожан 23 қаңтарда қарауылда тұрған жерінде әскери қаруымен "өз-өзін басынан атып" қайтыс болған деп айтылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG