Accessibility links

Мәжіліс әскери резервті жасақтау туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады


Қазақстан әскері жаттығу кезінде.
Қазақстан әскері жаттығу кезінде.

15 қарашада Қазақстан парламентінің төменгі палатасы әскери резервті жасақтау туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжаттың ресми атауы – "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы.

Құжат Қазақстанда "әскери қызметтің жаңа түрі - резервтегі қызметті енгізуді қарастырады" деп жазды ресми БАҚ.

"Заң жобасын іске асыру азаматтарға резервте әскери қызмет етуге мүмкіндік береді. Ол үшін келісімшарт ерікті түрде үш жылға жасалады. Даярлық бір жылда екі айдан аспайды. Жауынгерлік жиындар 30 күнде іске асырылады. Резервтегілерге арналған сабақтар ай сайын екі-үш күн болады" деді парламент отырысында қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов.

Ресми ақпаратқа қарағанда, әскери резерв 2025 жылға қарай жасақталады. Бірінші кезеңде оған шамамен 2 мың адам алу қарастырылған.

Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, әскери резервте қызмет еткісі келетіндерге ай сайын ең төменгі жалақы төленеді. Жауынгерлік жиын кезінде орташа жалақы төлеу жоспарланған. Оларды қамтамасыз етуге бюджеттен 3,5 млрд теңге жұмсалады. Әскери резервтегі адам қызмет еткен кезде жұмыс орны сақталады дейді қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов.

Әскери резервке адамдар ерікті түрде тартылады. Оның құрамына енгісі келетіндерге денсаулық жағдайы бойынша да талаптар қойылады. Олар әскери бөлімдерде дайындықтан өтеді және тиісті қару-жарақ пен техника да берілмек.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, Қазақстан қорғаныс министрлігі елдің қорғаныс қабілетін әскери резервті жасақтау арқылы нығайту жөнінде 2022 жылдың көктемінде – Ресей Украинаға басып кірген шақта айтқан.

Былтыр қазанда қорғаныс министрлігі президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған әскери доктринадағы өзгерістерді жария еткен. Министрліктің хабарлауынша, жаңартылған әскери доктрина «жаңа қауіп-қатер мен тәуекелдерге жауап беру үшін елдің әскери әлеуетін арттырады».

«Қазақстан өзгерістер енгізілген әскери доктринаны бекітті, оның мазмұнында Ресейдің Украинаға басқыншылығына алаңдаушылық көрініс тапқандай» деп жазған еді сол кезде Eurasianet басылымы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG