Accessibility links

Түркі жазуы туралы кітап. "Басқаша болатын келешек" қандай?


Түркиялық ғалым Ахмет Бижан Ержуласынның 1977 жылы жарық көрген "Бүгінгі түркі әліппелері” кітабының мұқабасы
Түркиялық ғалым Ахмет Бижан Ержуласынның 1977 жылы жарық көрген "Бүгінгі түркі әліппелері” кітабының мұқабасы

Ортақ түрік алфавиті, латын әліппесі туралы саяси мінберлерден де айтыла бастады. Мәселенің қозғалғанына бір ғасырға жуықтады. 46 жыл бұрын Азаттық радиосы бұл туралы қандай хабар таратты? "Азаттық радиосына 70 жыл" аудиоподкасының бүгінгі эпизодында осы туралы айтамыз.

Түркі әліппесі. "Латынға көшпеген Қазақстан мен Қырғызстан қалды"
please wait

No media source currently available

0:00 0:22:20 0:00

Азаттық радиосы осыдан 46 жыл бұрын әуе толқынынан берілген бағдарламасында Түркияда қазіргі түркі елдеріндегі алфавиттер туралы екі томдық кітаптың жарық көргенін көпшілікке хабарлаған.

Хабардың аудионұсқасы бүгінге жетпеген. Алайда оның жазбасы Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханаға өткізілген Хасен Оралтайдың жеке қорында сақтаулы тұр.

"БҰРЫН ЕШКІМ ЗЕРТТЕУ ЖАСАМАҒАН САЛА"

Азаттық радиосының 1977 жылғы 30 қарашадағы хабарында түркітанушы ғалым Ахмет Бижан Ержуласынның "Бүгінгі түркі алфабелері", яғни, "Бүгінгі түркі әліппелері" деген екі томдық кітабы жарыққа шыққаны айтылған.

Ғалым Ахмет Бижан Ержуласынның "Бүгінгі түркі әліппелері" кітабы жайлы Азаттық радиосы хабарының жазбасы. Мюнхен, Германия, 30 қараша, 1977 жыл. Хасен Оралтайдың жеке қорынан алынды.
Ғалым Ахмет Бижан Ержуласынның "Бүгінгі түркі әліппелері" кітабы жайлы Азаттық радиосы хабарының жазбасы. Мюнхен, Германия, 30 қараша, 1977 жыл. Хасен Оралтайдың жеке қорынан алынды.

"Доктор Ахмет Бижан Ержуласын дүние жүзіндегі бүкіл түркі тектес халықтардың әліпбиі туралы мәлімет беруші екі томдық ғылыми еңбегінде қазіргі Совет Одағының құрамындағы түрік тектес халықтар жайында молырақ тоқталған. Мәселен, түрікпендердің, өзбектердің, ұйғырлардың, қырымдықтардың, Еділ-Орал татарларының, башқұрттардың, құмықтардың, ноғайлардың, қарашайлардың, балқарлардың, қарақалпақтардың, қазақтардың, қырғыздардың, алтайлықтардың, хакастардың, чуваштардың және якуттардың әліпбилері жеке-жеке зерттелген... Автор бұрын ешкім зерттеу жасамаған саланы қолға ала отырып, түркология ғылымына зор үлес қосқан", – дейді Азаттық хабарында.

Радио Түркия мәдениет министрлігі шығарған осы кітаптың авторы туралы да мағлұмат келтірген. Ахмет Бижан Ержуласынның осы салада еңбектеніп, ғылыми конференцияларға қатысып, мақалалар жариялап жүргені атап көрсетілген. Ол Жүсіп Баласағұнның "Құтадғу білік" (Құтты білік) еңбегіндегі етістік түрлерін зерттеп, ғылыми атағын қорғаған.

"ЕСІК ЖАЗУЫ" ҚАЙДА?

Ержуласын қазақ әдебиетінен Абай мен Мұхтардың, өзбек әдебиетінен Айбек пен Шолпанның шығармаларын да түрік тіліне аударған екен.

Ахмет Бижан Ержуласын өзінің "Бүгінгі түркі әліппелері" кітабында басқа түртілдес елдермен қатар қазақ әдебиетіне де орын берген.

"Мысалы, ол қазақша қазіргі әліппемен жазылған мақал-мәтел үлгілері мен Қамбар батыр жайындағы "Тоқсан үйлі тобыр" деген өлеңді бергеннен кейін бұны латынша және арабша әріптермен де келтірген. Сонымен қатар ол қазақша берілген мақал-мәтел және өлеңдердің оқушыға түсінікті болуы үшін кітабының қазақшаға арналған бөлімінің соңында бір сөздік жасаған. Қазақша сөздердің Түркие түрікшесінде баламаларын берген", – дейді Азаттық радиосы.

Алматы маңындағы "Алтын адам" қорымынан табылған тарихи жәдігерлердің бірі – сыртына 26 таңба екі қатар жолға ойылып жазылған күміс тостаған. Табылған орнына байланысты бұл жазу үлгісін "Есік жазуы" деп атайды.
Алматы маңындағы "Алтын адам" қорымынан табылған тарихи жәдігерлердің бірі – сыртына 26 таңба екі қатар жолға ойылып жазылған күміс тостаған. Табылған орнына байланысты бұл жазу үлгісін "Есік жазуы" деп атайды.

Доктор Ахмет Бижан Ержуласынның "Бүгінгі түркі әліппелері" деген кітабында түркі жазуының тарихы, жазба мұралары туралы баяндалады. Алайда Азаттық радиосы ғалымның Қазақстандағы "Есік жазуы" туралы айтпағанын сынайды. "Қазақелінің астанасы маңында табылған "Есік жазуы" деп аталатын мұра жайында ешқандай мәлімет бермеген. Демек, ол бұл жөніндегі қазақ ғалымдарының ғылыми тұжырымдарын күткен" делінген осы хабарда. "Есік жазуы" 1970 жылы Есік қорғандарының бірінен табылған болатын. 26 таңбамен тостаған түбіне бәдізделген жазу әлі де толық зерттелмеген деп есептеледі.

Ал Ахмет Бижан Ержуласын өзінің екі томдық "Бүгінгі түркі әліппелері" кітабының кіріспесінде барша түркі халқын өзара бауыр деп сипаттайды. Кітап жазылған кезде түркі халықтарының дені Совет одағының құрамында болатын. Күшпен ұжымдастырылып, атышулы сталиндік қуғын-сүргінді өткерген одақ елдеріне Мәскеудің біржақты өктем саясат ұстағаны белгілі.

Ержуласынның осындай саяси жағдайға меңзеген мына бір пікірінен Азаттық дәйексөз келтірген:

"Түрік тектес халықтар біртұтас бауырластар болып саналады. Олардың тұтастығы мен бауырластығын жалтаруды көздеген факторлар – жасанды және уақытша құбылыстар. Бұл факторларды қазірше мойындай отырып, бұл саладағы істерімізді соған орайластыруға тиіспіз. Келешектің басқаша болатындығында сөз жоқ".

Ғалым Ахмет Бижан Ержуласынның "Бүгінгі түркі әліппелері" кітабы жайлы Азаттық радиосының 1977 жылғы 30 қарашадағы хабарының жазбасы. Хасен Оралтайдың жеке қорынан алынды.
Ғалым Ахмет Бижан Ержуласынның "Бүгінгі түркі әліппелері" кітабы жайлы Азаттық радиосының 1977 жылғы 30 қарашадағы хабарының жазбасы. Хасен Оралтайдың жеке қорынан алынды.

"ҒЫЛЫМИ ОРТАДА КӨП ҚОЛДАНЫЛАТЫН ӘДЕБИЕТ"

"Бүгінгі түркі әліппелері" кітабы жарық көргеннен бері 46 жыл уақыт өтті. Бүгінге дейін бұл еңбек бірнеше мәрте толықтырылып, қайта басылған. Осы кітаптың авторы Ахмет Бижан Ержуласын биылғы ақпан айында мерейлі 80 жасқа толды. Шығыстанушы ғалым, Түрксой – Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымында қызмет атқарған Асқар Тұрғанбай ол туралы Азаттыққа былай деді:

– Ахмет Бижан Ержуласын қазіргі Түркиядағы мықты түркітанушы ғалымдардың бірі. Ғалым ғана емес, қайраткер деп айтуға лайықты тұлға. Ол 1977 жылы шыққан "Бүгінгі түркі әліппелері" кітабында қазақтың ертегілерінен және батырлар жырынан мысалдар келтіреді. Ол өз еңбегінде түркі халықтарының тарихта бес түрлі жазуды өткергенін айтады. Соның ішінде араб, латын және кириллица әліпбилерін қолданысқа енгізу тарихына тоқталады. Ғалымның бұл еңбегі ғылыми ортада көп қолданылатын әдебиеттің біріне айналды. Бұл кітабын ол дамытып шығарып отырған. Сол негізде 1991 жылы бұл кісінің ұйытқы болуымен "Түркі тілдерінің салыстырмалы сөздігі" жарық көрді. 1990 жылы Совет одағы әлі ыдырамай тұрғанда ол Ресей құрамындағы татар, башқұрт ғалымдарынан бастап, түрлі елдерден ғалымдардың басын қосып, жинап, ортақ жұмыс жасады. Соның нәтижесінде осы салыстырмалы сөздік шықты. Бұл өте ауқымды, үлкен жұмыс.

ОРТАҚ ЛАТЫН ӘЛІППЕСІ НҰСҚАСЫ

Түркітанушы Асқар Тұрғанбай доктор Ахмет Бижан Ержуласын зерттеген түркітілдес халықтардың әліппесі мәселесі ұдайы күн тәртібінен түспегенін айтады. Тіпті ортақ түркі әліппесін жасау бағытында да қазіргі заманға сай қадамдар жасалды дейді ол. 1991 жылы ортақ түркі әліппесінің ұсыныс нұсқасы жасалған.

– 1991 жылы 34 таңбадан тұратын ортақ түркі әліппесінің нұсқасы кеңес ретінде ұсынылған. Сол кезде Түркияда ауқымды конгресс болып, бұл әліппеге Қазақстанның ғалымдары да атсалысқан. Кейін Түркі мемлекеттері ұйымы, Түрксой және Түркі академиясы сияқты түркі елдері арасындағы интеграциялық ұйымдар құрылды. Қазір латын жазуына көшпеген елдер де түбінде көшеміз, тек асықтырмайық деген пікір айтып отыр. Әзербайжан, Өзбекстан және Түркіменстан латынға өтті. Түркия латын әліппесін қолданады. Енді латынға көшпеген Қазақстан мен Қырғызстан ғана қалып отыр, – дейді Асқар Тұрғанбай.

Алматыдағы Орталық мемлекеттік музейдің алдында латын әріптерімен қазақша "Наурыз" деп жазылған жазу. 2019 жыл. Азаттық архивіндегі фото
Алматыдағы Орталық мемлекеттік музейдің алдында латын әріптерімен қазақша "Наурыз" деп жазылған жазу. 2019 жыл. Азаттық архивіндегі фото

"ТҮРКИЯНЫҢ ӘЛІППЕСІ СОВЕТ ОДАҒЫНДА ЖАСАЛҒАН"

Ортақ әліппенің тарихы туралы қазір Түркияда тұратын тарихшы ғалым, кезінде Азаттық радиосында қызмет атқарған Әбдіуақап Қараның да пікірін сұрадық.

– 1991 жылы Ыстамбұлда түркі елдерінің тілші-ғалымдары жиналып, қабылданған ортақ әліппе нұсқасы Түркияның 29 таңбадан тұратын әліпбиіне негізделген. Тарихқа үңілсек, Түркияда қолданылып жүрген жазу түріктің өз әліпбиі емес екенін көреміз. Мұны кезінде советтік түркі елдерінің ғалымдары жасаған. 1926 жылы Бакуде өткен түркологиялық конгрессте сол нұсқа қабылданған. Түркия Мұстафа Кемал Ататүріктің тұсында, 1928 жылы осы латын әліпбиіне көшті, – деді ғалым Азаттық радиосына.

Тарихшы Әбдіуақап Қараның айтуынша, Түркия әлі күнге 1926 жылы Бакудегі шешім бойынша қабылданған ортақ латын әліппесі нұсқасын аздаған өзгеріспен пайдаланып келеді. Сол кезде Совет одағына қараған түркітілдес елдер де 10 жыл мұғдарында латын әріптерін қолданғанымен, кейін совет билігі олардың ұлттық алфавитін жаппай кириллицаға көшірген.

ОРТАҚ ЛАТЫН ӘЛІППЕСІМЕН КІТАП ШЫҒАРАТЫН ҰЙЫМ

Совет одағына қарасты елдердің әліпбиі жаппай дерлік кириллицаға Екінші дүниежүзілік соғыс басталар қарсаңда көшірілді. Ал Советтен кеткен түркітілдес халықтардың өкілдері эмиграцияда да латын жазуын қолдануын одан әрмен жалғастырған.

Әбдіуақап Қараның айтуынша, соғыс кезінде түркітілдес тұтқындар үшін құрылған Түркістан легионында шығарылған басылымдар латын жазуымен жарық көрген. Бұл туралы кейін кеңірек айтылмақ.

Жазушы Мұхтар Әуезовтің 1935 жылы латын графикасына негізделген қаріптермен қазақ тілінде шыққан "Тас түлек" кітабы (сол жақта) мен 1947 жылы кириллица негізіндегі қазақ қаріптерімен басылған "Абай" романы. Азаттық архивіндегі фото
Жазушы Мұхтар Әуезовтің 1935 жылы латын графикасына негізделген қаріптермен қазақ тілінде шыққан "Тас түлек" кітабы (сол жақта) мен 1947 жылы кириллица негізіндегі қазақ қаріптерімен басылған "Абай" романы. Азаттық архивіндегі фото

Ал Совет одағы ыдыраған соң, 1993 жылы құрылған, орталығы Анкарада орналасқан Түрксой – Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы шығарған кітаптар ұсыныс нұсқасындағы ортақ латын жазуымен жарық көріп келеді. Сол кітаптардың арасында қазақ әдебиетінің үлгілері де бар. Бұл туралы осы ұйымда Қазақстанның өкілі ретінде қызмет атқарған Асқар Тұрғанбай айтып берді.

– Түрксой ұйымында қазақ әдебиетінен ертегілер мен жырлардан тұратын 10 кітапты осы ортақ түркі әліппесінде шығарғанбыз. Ал қазақтың ерекше дыбыстарын ғалымдармен кеңесіп отырып таңбаладық. Бұл біз үшін нәтижелі жұмыс болды, – дейді ол.

ЛАТЫНҒА КӨШПЕГЕН ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫРҒЫЗСТАН

Ортақ латын әліпбиі туралы сөздер кейінгі кезде биік мінбелерден де естіле бастады. Биыл, 3 қарашада Астанада өткен Түркі елдері ұйымының оныншы құрылтайында бұл туралы Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған айтты. Саясаткердің сөзіне меңзеген тарихшы Әбдуақап Қараның пікірі:

– Орталық Азия, бұрынғы советтік елдер тәуелсіздік алған соң бұл мәселе кеңінен қозғала бастады. Түркі мемлекеттерінің таяуда Астанада өткен кездесуінде Түркия президентінің әліпби бірлігі туралы айтқаны осы тұрғыда маңызды. 30 жылдан астам уақыттан бері көптеген мемлекеттер латынға көшіп үлгерді. Тек Қазақстан мен Қырғызстан ғана қалды. Қазақстан нақты қадам жасамаса да, латынға көшу туралы шешім қабылдаған. Ал Қырғызстанда бұл мәселе әзірге қозғалған жоқ, – дейді ғалым.

Ал Асқар Тұрғанбай қазір Қазақстан қоғамы латын жазуына көшуге дайын деп есептейді. Қазірдің өзіне адамдар, әсіресе, жастар байланыс құралдарын латын жазуында пайдаланады. Ал жастардың көбі ағылшын тілін біледі. Қазақстан латын жазуының нұсқаларын ұсынып, тіпті мекеме маңдайшаларына да тест жасай бастаған еді, кейін екпіні басылды. Қазір бірнеше таңбаның айналасындағы мәселе болмаса, негізгі мәселе шешілді деп ой қорытады Асқар Тұрғанбай.

ЛАТЫН ЖАЗУЫНА ЕРЕКШЕ ДЫБЫСТАРДЫ ҚОСУ – АЗАТТЫҚТЫҢ ТӘЖІРИБЕСІ

Қазақстаннан сыртта, Еуропада латын әліппесін қазақ тілінде үздіксіз 40 жылдан астам қолданып келген бір ұйым бар. Ол – Азаттық радиосы. Нақтылай айтқанда, Азаттық радиосының Орталық Азия елдері тілдерінде хабар тарататын бұрынғы Түркістан редакциясы.

Әбдіуақап Қараның латын әліпбиі туралы зерттеуіндегі Азаттықтағы латын жазуы туралы жазған тұсы. 2020 жыл
Әбдіуақап Қараның латын әліпбиі туралы зерттеуіндегі Азаттықтағы латын жазуы туралы жазған тұсы. 2020 жыл

Совет уағында осы радиода қызмет атқарған эммигранттар үшін латын жазуын қолдану үйреншікті жай болған. Кейін іске латын жазулы Түркиядағы диаспора өкілдері қосылды. Азаттық радиосында қолданылған латын жазуының маңызы жайында тарихшы ғалым, өзі де бұрын осы радиода қызмет атқарған Әбдіуақап Қара пікір білдірді.

– Түркияның қазіргі әліпбиіне ерекше дыбыстарды қосу Азаттық радиосының Қазақ редакциясында жүзеге асып, қолданысқа енгізілді. Өйткені 1953 жылы радио ашылғанда жұмыс істеген адамдар соғыс кезінде Түркістан легионының құрамында болған еді. Және олар Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында советтік Қазақстандағы латын әліпбиімен жазып дағдыланған, – деді Әбдіуақап Қара Азаттыққа.

Азаттық радиосындағы латын жазуы туралы алдағы эпизодта кеңірек шолу жасалады.

Осы мақалада қысқаша мазмұндалған тақырып жайлы "Азаттық радиосына 70 жыл" подкасының бүгінгі эпизодында толығырақ айтылады.

Аудиоподкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG