Accessibility links

Ресей көлік министрі: Санкцияның салдарынан еліміз 76 ұшақтан айырылды


Украинаға басқыншылығына байланысты Ресей авиациясына салынған санкцияның салдарынан Ресей 76 жолаушылар ұшағынан айырылды. Бұл жөнінде Ресей көлік министрі Виталий Савельев РБК арнасына айтты.

Оның сөзінше, техникалық себепке байланысты шетел аялдамаларында тұрған 76 әуе кемесі тұтқындалған. Шетелге жолаушылар тасымалдап жүрген ресейлік әуе компаниялар лизингке алған бұл ұшақтар санкцияға қосылған шетелдік компанияларға тиесілі.

Мұндай жағдай былтыр да болған. Савельевтің сөзінше, Ресейде қазір 1167 жолаушылар әуе лайнері пайдаланылып жатыр. Олардың басым бөлігі шетелде құрастырылған. Санкция салынғаннан кейін лизингте тұрған ұшақтар ресейлік реестрге ауыстырылып, ресейлік сақтандыру компанияларында сақтандырылған. Сол кезде Савельев "біз бөтен біреулердің меншігін тартып алдық" деген. Былтыр маусымда министр ресейлік әуе компаниялар ұшақтарын тұтқындамауға кепілдік беретін 11 елге рейстерін жалғастыра береді деп айтқан.

Ресей мен Батыс елдері арасында тіке әуе рейстері 2022 жылдың ақпан айынан бері жоқ. Санкциялар ресейлік ұшақтардың Батыс елдерінің әуе кеңістігінде ұшуға тыйым салады. Boeing және Airbus Ресейге бөлшектер сатуды тоқтатты және ресейлік әуе компанияларының ұшақтарына техникалық қызмет көрсетуді де доғарды.

  • Былтыр қыркүйекте Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ICAO) Ресейде ұшу қауіпсіздігі тиісті деңгейде емес деп мәлімдеген. Бөлшектер тапшылығы салдарынан ресейлік әуе компаниялар қауіпсіздік талаптарын жұмсартып жатыр. "Новая газета.Европа" басылымының жазуынша, Ресейде әуе апаттарының саны соңғы жылда алдыңғы бес жылдағы орташа көрсеткішпен салыстырғанда екі есе көбейген.
XS
SM
MD
LG