Accessibility links

Жел, күн және... атом? Қазақстанның "жасыл" энергия саласында не болып жатыр?


Жамбыл облысындағы жел электр станциясы. Азаттық архивіндегі сурет
Жамбыл облысындағы жел электр станциясы. Азаттық архивіндегі сурет

Қазақстан 10 жылдан астам уақыт бұрын "жасыл экономикаға" көшу тұжырымдамасын қабылдаған. Оған сәйкес, 2050 жылға қарай елде өндірілетін энергияның жартысы су, күн, жел сияқты табиғи (жаңғыратын) қуат көздерінен алынуға тиіс. Оған елдің әлеуеті "жоғары" деп айтылды. Азаттық осы сала қазір қандай күйде екенін анықтап көрді.

Қазақстан осыдан 13 жыл бұрын жарқын болашаққа кезекті саяхатын бастаған еді. "Жасыл экономикаға" көшу жөніндегі тұжырымдамаға сәйкес, 2030 жылға қарай елдегі балама қуат көзінің үлесін 15 пайызға, ал 2050 жылға қарай 50 пайызға жеткізу көзделген.

Алматы қаласынан 140 шақырым қашықта орналасқан Шелек дәлізіндегі жел паркі – жаңаратын энергия көздерін (ЖЭК) өндіру саласындағы соңғы ірі жобалардың бірі. 2022 жылғы қыркүйекте іске қосылған, биіктігі 90 метр 24 турбинадан тұратын станция сағатына 226 ГВт қуат өндіреді. Бұл – елдің ең ірі қаласы Алматы бір жылда тұтынатын энергияның бес пайызына тең. Құны 80 млн доллар тұратын жобаға Қытай банкінен несие алынды.

Паркті Қытайдың Power China корпорациясымен (ол станцияның 75 пайызына иелік етеді) серіктесе отырып іске қосқан "Самұрық-Энерго" мемлекеттік корпорациясы жел паркі 80 мың тонна көмір үнемдеу арқылы ауаны көмірқышқыл газымен ластауды азайтып, 60 мың үйді энергиямен қамтамасыз ететіндіктен, бұл Қазақстанға және ғаламшарға орасан зор көмегі тиетінін жоба деп мәлімдеген.

Кейінгі он жылда Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамытуға 700 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Алдағы жеті жылда Тұжырымдамада белгіленген көрсеткішке қол жеткізу жоспарланса, бұл соманы тағы бір есе арттыру қажет болады. Қазір Қазақстанда былтыр барлық электр энергияның бес пайызынан кемін өндірген жаңаратын энергия көздерінің (ЖЭК) 142 нысаны (күн, жел, су электр станциялары) жұмыс істеп тұр. Негізгі үлес жел электр станцияларына тиеселі.

Алматы облысы Қонаев қаласындағы жел электр станциялары. 22 тамыз, 2023 жыл
Алматы облысы Қонаев қаласындағы жел электр станциялары. 22 тамыз, 2023 жыл

Қазақстанда жаңартылатын электр көздерін (ЖЭК) дамытудың алғашқы жылдары көңілге мол сенім ұялатты, үміт пен сенім толығымен ақталды. Тек жел энергиясының шамасын елдің Энергетика министрлігі жылына 920 ТВт/сағ деп есептейді. Салыстырамалы түрде алсақ, 2022 жылы Қазақстан барлығы 112 ТВт/сағ энергия өндірген.

Бірақ сарапшылардың айтуынша, ЖЭК даму қарқынына көптеген фактор тосқауыл болып отыр. Жиі кездесетін қиындықтардың бірі – логистика мәселесі, әсіресе көлемі ірі жел мұнараларын, қалақтарын тасымалдау мен орнату кезінде туындайтын қиындықтар.

Қазақстан "жасыл" жобаларының негізгі кредиторларының бірі Еуропаның қайта құру және даму банкі мамандарының зерттеулерінде "Қазақстанның ішкі тасымалдау байланысы әлсіз. Сонымен қатар өндірушілер жабдықтың -50-ден +50 градусқа (Цельсий) дейінгі температура диапазонында жұмыс істеуге жарамдылығына кепілдік беруге әзір болуы тиіс. Бұл жел қондырғылары өндірілетін жерге жақын және климаты қоңыржай басқа елдермен салыстырғанда, Қазақстанда жел энергиясының құнын арттырады" деп айтылған.

Қазіргі кезде Қазақстан сынды елдің энергия жүйесі жаңартылатын қуат көздеріне негізделуі мүмкін деген күмән жиі айтылып жүр, оның басқа да себептері бар. Ол тұрақсыздығымен ерекшеленеді, бұлтты немесе желсіз күндері балама көзге тәуелді нысандар толықтай тоқтан ажыратылуы мүмкін.

Әлемде электр энергиясының тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету үшін артық өндірілген энергияны сақтайтын аккумуляторлар қолданылуы мүмкін. Ал мұның басқа шешімі – қажет болған жағдайда жетіспейтін көлемді жедел қамтамасыз ете алатын маневрлік қуат көзі деп аталатын газ немесе су станцияларымен бірлесе жұмыс істеу.

Алайда көмір станцияларына негізделген Қазақстан энергетикасы мұндай қарқынмен жұмыс істеуге қабілетсіз, өйткені олар шамамен бір күннің ішінде іске қосылады.

Бұл турасында Энергетика министрлігінің жаңартылатын энергия көздері жөніндегі департаментінің директоры Жасұлан Қасенов Қазақстанда "бүгінгі таңда ЖЭК негізгі генерацияны алмастыра алмайды, ал алмастыруға мүмкіндігі бар елдерде "жағдай басқа"" деп есептейді.

– Олардың климатының өзіндік ерекшелігі, ЖЭК нысандары генерациясының кедір-бұдырын тегістеуге мүмкіндік беретін қосалқы энергия жүйесі бар көрші елдермен өзара байланысы бар. Өз нысандары энергияны аз өндірген кезде олар көрші елдермен энергия алмасады, – дейді Қасенов.

Энергетика және экономика саласындағы сарапшы, электр желілерін басқару жөніндегі ұлттық оператор – "KEGOC" корпорациясының бұрынғы басшысы Әсет Наурызбаевтың пікірі басқадай. Ол техникалық жағынан алғанда, көрші елдер мен Қазақстанда ЖЭК-ті сапалы дамытуға қажет маневрлік қуат көздерінің бар екеніне сенімді.

– Түркістанда қуаты 1000 МВт болатын маневрлік газ станциясы мен Қызылордада 200 МВт-тық станция салынып жатқанын ескерсек, қазіргі уақытта Қазақстанның оңтүстігінде шамамен 5000 МВт жаңартылатын электр көзінің үлкен көлемін құруға қажетті қор жеткілікті, - дейді Наурызбаев.

PWC халықаралық консалтинг компаниясы Қазақстанда жаңартылатын электр көздерінің нарығы туралы зерттеуіне сүйенген сарапшы Әнуар Қошқарбаев басты мәселе техникалық қиындықтарда емес деп есептейді. Ол балама көздердің көмегімен энергияның 67 пайызын өндіріп отырған Данияны мысалға келтіріп, Қазақстанның не себепті қиындыққа тап болғанын түсіндіреді.

"Даниядағы ЖЭК іс жүзінде 100% өздерінің электр көзі есебінен емес, көрші елдердің маневрлік қуат көздері есебінен жүзеге асырылады. Олардың өзара байланысының бұл механизмі ұлттық органдардан жоғары тұратын орган деңгейінде Еуропа одағының міндетті түрде орындалатын тиісті директиваларында бекітілген, бұл Дания сияқты елдің электр қауіпсіздігіне нақты кепілдік береді. Өз жүктемесін 100% өтей алатын Данияның өзі көрші Еуропа елдеріне толықтай сеніп отыр. Бұл әрине, біздегідей [Қазақстан] жағдай емес", – дейді Қошкарбаев.

ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ КӨРШІЛЕР

Бұл салада Қазақстанның көршілермен қарым-қатынасы елдің біркелкі бөлінбеген энергетикалық қуатын теңестіретін екіжақты келісімдер негізінде реттеледі.

Басты өндіруші нысандар Қазақстанның солтүстік және орталық бөліктерінде орналасқан. Ол жақта өндірілетін энергия елдің қажетін артығымен қанағаттандырады. Оңтүстік Қазақстанда болса, электр энергиясы тапшы – ондағы өндіріс тұтынылатын энергияның 57,2 пайызын ғана қамтамасыз етеді.

Тапшылықтың орнын Қазақстан көршілердің, негізінен Ресейдің есебінен толтырады. Сауданы олар екі елдің энергия желісінің қосалқы жұмысы туралы келісім бойынша жүзеге асырады. Биыл қараша айында Астанада осы салаға қатысты жаңа келісім шарт жасалды, қазір ол ратификацияланып жатыр.

Ресейде елдің батыс бөлігі де қатты тәуелді. Себебі бұл аймақ энергия жетіспейтін оңтүстікті қуат көзіне бай солтүстікпен байланыстырып жатқан Қазақстанның бірыңғай энегрия жүйесіне (барлық электр станцияларының жиынтығы, электр тарату желісі және елдің қосалқы станциясы) жалғанбаған.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, елдің батыс бөлігін Қазақстанның бірыңғай энегрия жүйесіне қосу мәселесі әзірге тек қарастырылып жатыр.

"2022 жылы жобаның тек алдын ала ТЭН жасақтау жүмыстары ғана аяқталған, Батыс Қазақстанның энергия жүйесін Қазақстанның бірыңғай энергия жүйесіне біріктірудің техникалық және экономикалық негіздемесі анықталған. Қазіргі уақытта "KEGOC" АҚ жүйелік операторы бірыңғай энергия жүйесін жасап жатыр. Жобаны шамамен 2028 жылға дейін толық аяқтау жоспарланған", – деп мәлімдеді энергетика министрлігі Азаттыққа.

Ал БЭЖ-дің онсыз да барлық жағынан жалғанған оңтүстік және солтүстік аймағының арасындағы байланысты күшейту әлдеқайда қарқынды жүріп жатыр. Оның үстіне, солтүстікте жаңа энергетикалық қуат жасақтау көзделіп отыр: қараша айында БЭЖ-дің солтүстік аймағында көмірмен жылынатын тағы үш ЖЭО салу жоспары бары айтылды.

Әсет Наурызбаев бұл жайттарды Қазақстанның энергия өндірісіндегі географиялық сәйкессіздікті одан әрі "күшейту және консервация" деп бағалады.

– Олар солтүстікке тағы да күшейту құрылғыларын тұрғызғысы келеді. Себебі ол жақта біздің олигархтар мен "Самұрық-Энергоның" активтері шоғырланған. Сондықтан энергетиканы өз мүдделеріне сай дамытқысы келеді. Оларға көмірді ескі технологиямен өндіріп, өз алаңдарында станция тұрғызып, бизнесін дамытқан әлдеқайда тиімді, – деп есептейді Наурызбаев.

Сарапшы Шығыс-Батыс векторы бойымен электр желісін дамытуға жеткілікті күш салмай жатыр деп есептейді.

– Солтүстік-оңтүстік желісі бойымен тұрғызу – Энергетика министрлігі мен KEGOC-тің стратегиялық қателігі. Қытайдың электр желісіне қосылу керек, өйткені резерв ретінде екі қуатты электр желісінің болғаны, төтенше жағдай болған сайын Ресеймен келіссөз жүргізе бергенше, әлдеқайда сенімді. Егер осындай масштабтағы екінші ел пайда болса, онда бізде таңдау болады. Қазір біз Ресейдің айтқанымен жүруге мәжбүрміз, – дейді Наурызбаев.

ЖЭК-тің БОЛАШАҒЫ

Қазір жалпы алғашқы энергия тұтыну құрылымының 50 пайызы көмірдің еншісінде. Сол себепті Қазақстанның энергетика секторы ауаға таралатын парникті газдың 70 пайызы үшін жауапты. Ауаны ластау бойынша Қазақстан Орталық Азияда бірінші орында тұр.

Сондықтан отандық энергетиканы "жасыл" аймаққа көшіру – елдің халықаралық міндеттемлерінің бір бөлшегі ғана. 2015 жылы Қазақстан Климаттың өзгеруімен күрес жөніндегі Париж келісімін ретификациялаған. Оған сәйкес, 2060 жылға дейін ол өндіріс кезінде ауаға тарайтын парник газының көлемін нөлге теңестіруге тиіс.

2021 жылы Қазақстан 2050 жылға қарай көмірден толық бас тартамыз деп мәлімдеме жасады. 2023 жылы сарапшылар Қазақстанның ондай қадамға баруға саяси жігері жетпейді деген қорытындыға келді.

Қағаз және сөз жүзінде ЖЭК-ті дамытудан бас тартпайды. Жаңа қуат көзін тұрғызу 2035 жылға дейін энергетикалық саланы дамытуға арналған Тұжырымдамада да айтылған. Оның ішінде 35 жел және 12 күн энергиясы станциясын салу, сондай-ақ Жамбыл облысында жел энергиясына қатысты бірлескен ірі жобаны жүзеге асыру жоспарлары бар.

Алайда энергетика министрлігінің тұжырымдамасында нақты мерзім көрсетілмеген. Онда тек 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптандыру бойынша міндеттемелерді орындау үшін Қазақстан алдағы жылдары "шамамен 7 ГВт жаңа ЖЭК қуатын" енгізуі керек делінген.

"ЖЭК компоненттерін өндіру орны одан да өзекті мәселе", – деп жазылған тұжырымдамада. Онда тағы бір жобаның аты аталады. Ол – Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясының құрылысы. Тұжырымдаманың ауқымды бөлігін Энергетика министрлігі АЭС-тің басқа елдерде қолданылуын сипаттауға арнаған. Атом станциясын салу міндеті "дамудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері" бөліміне енгізілген: 7-тармақ "Қазақстан Республикасының 2035 жылға дейінгі бекітілген энергетикалық балансына сәйкес, атом электр станциясын қоса алғанда, қолданыстағы қуаттарды жаңғырту және жаңа өндіруші қуаттарды салу" деп аталады.

"Міндет энергетикалық қуаттардың тапшылығы, маневрлік генерацияның жетіспеушілігі және "таза" энергетиканы енгізу бойынша міндеттемелер тұрғысынан шешуші рөл атқарады. 2035 жылға дейінгі энергетикалық теңгерімге сәйкес, перспективалы алаңдар анықталып, пысықталуы, 2035 жылға дейін энергетикалық қуаттарды салу бойынша белгілі бір жобаларды іске асыруды қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануы тиіс", – делінген тұжырымдамада.

Халықаралық деңгейде АЭС шынымен "жасыл" энергия көзіне жатады, алайда оның ескеретін тұсы да бар. Еуроодақ энергияны "жасыл" деп есептегенмен, станцияның жұмысында кең көлемде ақаулар болу қатері барын ескеріп, қажетсіз деп санайды.

Қазақстанда АЭС құрылысын салу көп дау-дамай мен қарсылық туғызды: бір жағы қоршаған ортаға зиян келеді деп алаңдаса, екіншіден саяси астары бар ма деп қорқады. Халықтың бір бөлігі құрылыс жұмыстары Ресейге беріле ме деп қауіптенеді, бұл өз кезегінде Қазақстанның ол елге энергетикалық тәуелдігін күшейтіп жіберуі мүмкін. Келіспеушіліктерді реттеу үшін билік мәселені референдумға шығаруға уәде етті, бірақ оның мән-жайы әлі айтылған жоқ.

Қазақстанда қуаты 2,4 ГВт болатын, екі блоктан тұратын АЭС құрылысына шамамен 15 млрд доллар жұмсалуы мүмкін. Құрылыстың болжалды мерзімі – 10 жыл.

Сондай-ақ Қазақстанда ЖЭК енгізу процесінің флагманы көрсеткіштері АЭС-тен гөрі жоғары Жамбыл облысындағы жел паркі болуға тиіс. Жел паркінің құны 1,9 млрд доллар деп бағаланған. Бұл АЭС құрылысынан жеті есеге арзанға түсетін жоба. Оның жоспарлы қуаты – 1 ГВт. Парк 2026-2027 жылдары іске қосылады деп жоспарланған. Станцияға энергия толтыру жүйесін қоса салмақшы, яғни ол желсіз күндері энергияны резервтен алатын болады.

2022 жылдың қарашасында Қазақстанның энергетика министрлігі Еуропаның министрлігімен және Францияның сыртқы істер министрлігімен жел паркінің құрылысы туралы келісімге қол қойды. Биыл жоба жаңа кезеңге өтті: Франция президенті Эммануэль Макрон келген уақытта бірлескен кәсіпорын туралы келісімге қол қойылды. "Самұрық-Қазына" мен "ҚазМұнайГаз" компанияларымен бірге бұл жобаға станцияның 60 пайыз акциясына ие француздың Total компаниясы серіктес болуға тиіс.

Сарапшы Әсет Наурызбаев ЖЭК технологиясын дамыту экологиялық тұрғыдан ғана емес, экономикалық тұрғыдан да өте тиімді болар еді дейді:

– Жаңартылатын энергияның бағасы түсіп кетті, жел станциясы бойынша бәссауда 9,5 теңге килловат-сағат болды. Бұл кез келген көмір немесе газ станциясынан әлдеқайда арзан. Сондықтан ол жай ғана шетелдік инвестор тарту тренді емес, арзан энергия. Сіз бір кВт үшін 60 теңге төлейсіз бе, 10,5 теңге ме? Атом энергиясын дамытқысы келетіндер 60 теңге төлей берсін, – дейді ол.

Жел электр станциясының түнде түсірілген суреті. Алматы облысы, 12 тамыз, 2023 жыл
Жел электр станциясының түнде түсірілген суреті. Алматы облысы, 12 тамыз, 2023 жыл

Қазақстанда ЖЭК дамуының қазіргі қарқынын Наурызбаев қолайлы деп санайды. Оның айтуынша, көрсеткіштер 13 жыл бұрын қабылданған Тұжырымдама аясында қол жеткізуге жоспарланған көрсеткіштерге сәйкес келеді.

Сарапшының пікірінше, Энергетика министрлігі "жүйелі шешім" қабылдамағандықтан проблема туған. Олар ЖЭК-ке басымдық бермеген. Бұл ретте көміртегі бейтараптығы бойынша халықаралық міндеттемелерді орындауға Қазақстанның уақыты аз қалды.

"Энергетика үшін 40 жыл түк емес, бәрін қазірден бастау керек", – дейді Наурызбаев.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG