Accessibility links

Ереуілдеген мұнайшылар келіссөзден бас тартпағанын мәлімдеп, әкімдіктің айтқанын жоққа шығарды


West Oil Software компаниясы жұмысшыларының ереуілі. Маңғыстау облысы, 15 желтоқсан 2023 жыл.
West Oil Software компаниясы жұмысшыларының ереуілі. Маңғыстау облысы, 15 желтоқсан 2023 жыл.

11 желтоқсаннан бері ереуілдеп жатқан West Oil Software мұнай-сервистік компаниясының жұмысшылары келіссөзден бас тартпағанын мәлімдеді.

Қарақия ауданы әкімдігі 20 желтоқсанда West Oil Software қызметкерлері "Қазмұнайгазбен" келіссөз жасаудан бас тартты" деп мәлімдеген еді.

Жұмысшылар жаңа видеомәлімдемесін президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бағыттады.

"Біз, West Oil жұмысшылар ұжымы Еңбек кодексінің 173 және 174 баптарына сүйене отырып, аудан әкімі, "Қазмұнайгаз" басшыларынан заң аясында келіссөз үстеліне отыруды өтіндік. Келген бастықтар заңгерлерімен ақылдасатынын айтты. Бірнеше сағаттан кейін әлеуметтік желіде "West Oil келіссөзден бас тартып жатыр" деген жалған ақпарат таратты. Біз, West Oil жұмысшылары заңды түрде өтуі тиіс келіссөздерден бас тартпаймыз" деді жұмысшылардың үндеуін оқыған наразыардың бірі.

Ереуілдеген мұнайшылар Қарақия аудандық прокуроры Аманжол Айтуғановқа қайырылып, "West Oil-ге қатысты жалған ақпарат таратқан ақпарат құралдарына қатысты неге шара қолданбайсыздар?" деп сұрады.

Жұмысшылар президент Тоқаевты мәселені шешуге араласуға үндеді. "West Oil ұжымының еңбек дауына қатысты жағдай барған сайын күрделеніп баралы" деді жұмысшылар.

20 желтоқсанда Қарақия ауданы әкімдігі "бүгін аудан әкімі Сымбат Төретаевтың бастамасымен West Oil Software қызметкерлерімен келіссөз жүргізуге әрекет жасалды, алайда жұмысшылар "ҚазМұнайГаз" штатына жұмысқа орналасуды талап етіп, келіссөзден бас тартты" деп хабарлаған.

Маңғыстау облысында West Oil Software жұмысшыларының ереуілдеп тұрғанына 11 күн болды. Жұмысшылар West Oil компаниясын "ҚазМұнайГаздың" мердігері Oil Transport corporation (ОТК) балансына қосу, бірыңғай төлем жүйесін енгізу және материалдық-техникалық базаны жаңартуды талап етеді. Бұған дейін ҚМГ олардың алғашқы екі талабын орындай алмайтындықтарын айтқан.

Бұған дейін мұнайшылар қысым күшейгенін де айтқан. Олардың кейбірі жұмыстан қуылған. Жергілікті сот ереуілді заңсыз деп таныған. Сот шешімімен келіспеген жұмысшылар сотқа қатыспағандарын айтқан.

XS
SM
MD
LG