Чехия астанасы Праганың орталығындағы Карлов университетінің философия факультетінің ғимаратына 21 желтоқсан кешкісін бір адам қарумен шабуыл жасады. Чехия қоғамдық телеарнасының хабарлауынша, шабуылдан кемі 10 адам қаза тауып, оннан аса адам жараланған.
Полиция оқ атқан адам да өлтірілгенін хабарлады. Ал Прага қаласының мэрі Богуслав Свобода Чехия қоғамдық телеарнасына шабуылдаған адам биіктен секіріп кеткенін айтты.
Бұл адамның Чехия азаматы екенін айтылды, бірақ оның не үшін оқ атқаны белгісіз.
Куәгерлердің бірі Азаттықтың Орыс қызметіне айтуынша, Прага уақытымен түскі үш кезінде университет қызметкерлеріне ғимаратта қарулы адам жүруі мүмкін деп хабарланған.
Карлов университетінде сабақ беретін Азаттық радиосы Орыс қызметінің тележүргізушісі Сергей Медведев атыс кезінде оқиға орнында болған. Ол университетте сабақ беріп жатқан. Медведев басында аудиторияда жасырынғанын, кейін басқа жаққа эвакуацияланғанын айтты.
Чехияның Novinky.cz сайты жариялаған суреттерде қолын көтеріп тұрған адамдар, қашып бара жатқандар көрінеді. Чехиядағы ақпарат агенттіктері оқиға орнында полиция мен құтқарушылар жүргенін, университет маңына елдің ішкі істер министрі Вит Ракушан келгенін жазып жатыр.
Прага әлемдегі ең қауіпсіз қалалардың бірі саналады.
ПІКІРЛЕР