Қытай билігі Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесіндегі ядролық сынақ алаңында тереңдігі кемінде 500 метр болатын тік шахта қазған. Бұл туралы америкалық The New York Times газеті жазды. Шыңжаңдағы Лобнор көлінің маңындағы осы алаңда 1964 жылы ядролық қарудың алғашқы жерасты сынағы жүргізілген. Газеттің жазуынша, бұл дерек — Қытай билігі кейінгі жылдары күшейтіп жатқан ядролық қаруын одан әрі жетілдіре түсу мәселесін қарастырып жатқанын көрсететін қазіргі уақыттағы ең салмақты айғақ.
Жаңа ұңғымалар пайда болғанына дәлелдерді, спутник суреттерін Пентагондағы геокеңістікті барлау ұлттық агенттігінің бұрынғы қызметкері, Қытайдың ядролық қару бағдарламасы бойынша сарапшы Ренни Бабиарц анықтаған. «Терең шахталардағы жарылыс сынақтары Қытайдың жаңа ядролық қаруын жетілдіруді тездетуі мүмкін» дейді ол.
Лобнор — Қытайдың батысындағы Шыңжаң өлкесінде орналасқан әскери база. Қытайдағы дереккөздің газетке хабарлауынша, Пекин бұл маңды жері құнарсыз әрі қашықта орналасқан соң сынақ алаңы ретінде таңдаған. Бірақ газет бұл өлкеде кейінгі жылдары жаппай ұсталған, қатаң бақылауға алынған ұйғырлар тұратынына назар аударады.
«Ұйғырлар осы ядролық сынақ алаңында 1964 жылы басталған жарылыстар зардабын тартып отырғанын айтып, көптен бері наразылық білдіріп келеді» деп жазады басылым.
Кейінгі бірнеше жыл бойы АҚШ үкіметі мен тәуелсіз сарапшылар Лобнордағы осы ескі база жайлы алаңдаушылық білдіріп келген. Олардың есебінде «[Пекин] тұрақты операцияларға әзірленіп жатқан болуы мүмкін» екені, әскери база бойынша «ашықтық жоғы» айтылатын.
«Басқа ядролық державалардың да шешімі сияқты Қытайдың [Лобнордағы] бұл қадамы да әлем бойынша ядролық сынақ жүргізуге салынған 1996 жылғы тыйымның бұзылуына әкелуі мүмкін. [Лобнор базасындағы қимыл-әрекет] АҚШ пен Қытай қатынасы қалт-құлт етіп тұрған сәтте болып отыр» деп жазады басылым.
Қытайдың сыртқы істер министрлігі газеттің Лобнордағы ядролық сынақ алаңы туралы сұрағына жауап берген. Пекин бұл тұжырымды «Қытайдан төнетін ядролық қауіп туралы негізсіз әңгімелердің жалғасы» деп санайды.
Биыл қазанда Пентагон Қытайға қатысты саясаты жөніндегі есебін жариялап, «АҚШ Қытай билігінің ядролық қару-жарағын жылдам арттырып жатқанына алаңдайды» деп мәлімдеген. АҚШ дерегінше, Пекин кейінгі бір жылда өзінің ядролық қаруын күрт күшейтіп, қуатты оқтұмсық санын 500-ге жеткізген. Пентагон есебінде Қытай 2030 жылға қарай оқтұмсық санын мыңға жеткізуді жоспарлап отырғаны айтылады. Онда «Қытайдың ядролық қаруды көбейту ұмтылысының нәтижесі Вашингтон күткеннен асып түскенімен, ядролық қару қоры Ресей мен АҚШ-тан әлі де аз» деп жазылған. Стокгольмдегі Халықаралық бейбітшілікті зерттеу институтының дерегінше, ядролық оқтұмсық саны Ресейде — 5889, ал АҚШ-та — 5244.
Қытай басшысы Си Цзиньпин 2012 жылы билікке келгелі елдің әскерін нығайтуға тырысып келеді. Ол 2049 жылға қарай Қытай жаһандық деңгейдегі қорғаныс күшін қалыптастырады» деп мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР