Accessibility links

Башқұртстанда сот полициямен қақтығыста ұсталғандарды қамады


Уфа соты 17 қаңтарда кешке Башқұртстан республикасының Баймақ қаласындағы наразылық кезінде ұсталған алты адамды қамады. Бұл жөнінде "ОВД-Инфо" сайты жазды.

Денис Скворцов, Фанзиля Ахметшина, Юлай Аралбаев, Радмир Мухаметшин және Дмитрий Петров 10 тәулікке қамалды. Ильнар Галин – 13 күнге әкімшілік қамауға алынды. Олардың барлығы "рұқсат етілмеген акцияға қатысқаны үшін" кінәлі деп танылды. Оларды Баймақта емес - республика астанасына апарып соттауының себебі түсініксіз күйде қалды.

Сәрсенбі күні Баймақ қалалық сотында экобелсенді Фаил Алсыновқа үкім оқылып, белсенді төрт жыл түрмеге кесілген. Сот ғимараты алдына бірнеше мың адам жиналып, Күштауды қорғап жүрген белсендіні босатуды талап еткен.

Полиция жұртты сот ғимаратынан тықсыруға тырысып, халық пен полиция қақтығысып қалды. Куәгерлердің сөзінше, арнайы жасақ халыққа жас ағызатын газ шашып, жарқылдақ граната пайдаланған. Жұртты резеңке таяқпен ұрған.

Акциядан кейін ондаған адам ұсталған. Шамамен 20 шақты адам медициналық көмекке жүгінген.

Тергеу комитеті жаппай тәртіпсіздік және билік өкіліне күш қолдану бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Фаил Алсыновқа қарсы іс Башқұрстан басшысы Радий Хабировтың өтініші бойынша қозғалған.

Қылмыстық іске белсендінің былтыр сәуірде Баймақ ауданы Ишмурзино ауылында сөйлеген сөзі түрткі болған. Тергеу болжамынша Алсынов "Кавказ жұрты", "Орта Азия және "армяндар" сөздерін пайдаланып, "адамның намысына тиетін сөздер айтқан". Белсенді мұны жоққа шығарады.

Алсынов "Башқұрт" ұйымын басқарған. Бұл ұйымды 2020 жылы Ресей билігі экстремистік деп танып, қызметіне тыйым салған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG