Accessibility links

HRW "НеМолчи.kz" қорының жетекшісін бейтарап тергеуге шақырды


"Немолчи.kz" қорының жетекшісі Дина Смайылова
"Немолчи.kz" қорының жетекшісі Дина Смайылова

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігі әйелдер құқығы саласындағы қызметі үшін "НеМолчи.kz" қорының жетекшісі Динара Смайылованы (Дина Таңсәрі) есе қайтару мақсатында қудалап жатпағанына кепілдік беруі керек деп мәлімдеді.

"Динара Смайылованың адвокатының құқықтары тергеуде толық сақталып, билік сот төрелігі жүйесі манипуляция үшін және белсендінің үнін өшіретін құрал ретінде қолданылмайтынын қамтамасыз етуі қажет" дейді ұйым.

55 жастағы Смайылова − Қазақстанда тұрмыстық және жыныстық зорлық құрбандарын қорғайтын және оларға көмек көрсететін "НеМолчи.kz" қорының негізін қалаушы. Ішкі істер министрлігі былтыр 27 желтоқсан күні Динара Смайылованың үстінен алты қылмыстық іс қозғалғанын, олардың арасында "алаяқтық", "көрінеу жалған ақпарат тарату" мен "жеке өмірге қол сұқпау құқығын бұзу" баптары барын мәлімдеген.

Қылмыстық іске Таңсәрінің әлеуметтік желіде жариялаған зорлық-зомбылық құрбандары және зардап шеккендерге көмектесу үшін ақша жинауға шақырған жазбалары түрткі болған деп айтылады.

Желтоқсан соңында Өскемен қалалық тергеу соты Динара Смайылованы екі айға қамауға рұқсат етті. 27 желтоқсанда оған Қазақстанда іздеу жарияланды.

"Билік Смайылова заңсыз әрекетке барғанын дәлелдеу үшін барын салып, айғақ іздеп жатқанға ұқсайды. Бұл осы істің астары қандай деген алаңдаушылық туғызады, − дейді HRW-дің Орталық Азия жөніндегі зерттеушісінің көмекшісі Виктория Ким. – Биліктің Смайыловаға қарсы белсенді іс-қимылға көшуі − қылмыстық әрекетті жоюдан гөрі оның ұйымының заңды жұмысын қаралау әрекетіне көбірек ұқсайды".

Динара Смайылова екі жылдан аса уақыттан бері отбасымен бірге шетелде тұрып жатыр. Ол бұған дейін әлеуметтік желіде "НеМолчи.kz" қорына ақша аударған қазақстандықтарды полиция тергеуге шақырып, алаяқтық туралы арыз жазуға көндіруге тырысып жатқанын жазды. Оның ойынша, билік тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін көтерген қорды жапқысы келеді.

HRW Смайылованың адвокаттарының сөзіне сүйеніп, полиция "НеМолчи.kz" қорына 18 маусымнан 14 тамызға дейін ерікті түрде ақша аударған 7 мыңнан астам адамды анықтап, 800-ден астам адамнан жауап алғанын келтіреді.

Адвокаттарға берілген құжаттарға қарағанда, тергеу жарна аударған жеті адамның алтауының шағымына негізделген. Айыптау тарабының мәліметінше, бұл "алты донор жалпы сомасы 23 мың теңгеден айырылған". Алты шағым 16 мың теңге көлемінде ақша жымқыру жайлы қылмыстық іс қозғалған соң ғана түскен.

Смайылованың адвокаттары HRW ұйымына тергеу кезінде көп процессуалдық заңбұзушылық болғанын, бір адвокатқа тергеу материалдарымен танысуға рұқсат берілмегенін жеткізген.

Смайылова қылмыстық іс жайлы алғаш рет былтыр қазан айының аяғында қорға қайырымдылық жарна аударғандар полицияға шақыртылғанын өзіне хабарлаған соң естіген.

Былтыр қараша айында прокуратура қор мен Смайылованың есепшоттарын бұғаттаған.

"НеМолчи.kz" қоры тұрмыстық және жыныстық зорлық көрген әйелдерге мыңдаған онлайн кеңес берген. Қор жұмысы нәтижесінде жыныстық зорлық көрсетті деп айып тағылған ондаған адам сотталды. Ондаған полицей әрекетсіздік және жұмысқа немқұрайлы қарағаны үшін жауапқа тартылып, 200-ден астам полицей тәртіптік жазаға тартылды.

HRW өз мәлімдемесінде Қазақстан әйелдер мен қыздарды зорлық-зомбылықтан қорғау үшін тиісті шараларды қолға алмағанын атап өткен.

"Полиция тұрмыстық және жыныстық зорлық-зомбылық үшін айыпталғандарға қарсы жиі шара қолданбайды, бірақ осы қылмысты әшкерелеу мен оны жасаушыларды жауапқа тартумен айналысатын ұйым басшыларын қудалау үшін аянбайды. Билік халықаралық адам құқықтарын құрметтеп, бұл саладағы міндеттемесін толық орындап, Смаилованың әділетті процеске құқығын сақтап, ол әйелдер құқығы саласындағы жұмысы үшін қудаланып жатпағанына кепілдік беруі керек" дейді HRW-дің Орталық Азия жөніндегі зерттеушісінің көмекшісі Виктория Ким.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG