Ұзаққа созылған науқастан қоғам қайраткері, публицист, саясаттанушы Сейдахмет Құттықадам қайтыс болды. Бұл жөнінде Желтоқсан оқиғасының қатысушысы Құрманғазы Айтмұрзаевқа сүйенген Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасының бұрынғы жетекшісі Мәди Манатбек хабарлады.
"Сейдахмет ағамыздың үйіне таңертең ғана барып, өзімен жүздесіп, ашық-жарқын сөйлесіп едік. Сырқатына байланысты ем-шараларын ақылдасқанбыз. Енді міне ағамыздан айырылып қалдық" деп Айтмұрзаевтың сөзінен үзінді келтірген.
Ол 77 жаста болған.
"Сейдахмет Құттықадам жазған әр кітабында, берген әр сұхбаты мен зерттеуінде демократия құндылықтарын насихаттайтын. Қатты айтса да анығын айтып, мемлекетті басқарудың мансап қана емес қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік екенін, сондықтан ел билегендердің ең алдымен жанашыр болуы керектігін жете түсіндіретін" деп жазды Мәди Манатбек.
Түркістан облысының тумасы Сейдахмет Құттықадам әр жылдары түрлі басылымдарда бас редактор қызметін атқарған. "Ұлтқа қызмет ету» және «Қазақ драмасы» кітаптарының авторы.
Азаттыққа берген сұқбаттарының бірінде ол елдегі зиялы қауымды сынаған.
"Зиял қауым екенсің – ақыл-кеңес беруің керек, жөн сілтеуің керек. Билікке де, оппозицияға да, халыққа да жол көрсетуге тиіссің. Арың, қолың, жүрегің таза болса, әрине. Ал бізде, өкінішке қарай, зиялы қауым – қорқақ, жаны тәтті. Сонда олардың қорқатыны – «биліктің беріп жатқан тиын-тебенінен айырылып қаламын-ау» деген уайым" деген.
ПІКІРЛЕР