Accessibility links

Сот экс-министр Бишімбаевтың айыптау бабын жеңілдетпеді. Істі алқабилер соты қарайды


Қуандық Бишімбаев (сол жақта) сотта тұр. 12 наурыз 2024 жыл.
Қуандық Бишімбаев (сол жақта) сотта тұр. 12 наурыз 2024 жыл.

12 наурызда Астанадағы сот азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы "өлтірді" деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың айыптау бабын "Аса қатігездікпен адам өлтіру" бабынан "Абайсызда адам өлтіру" бабына ауыстырудан бас тартты.

Істі қарап жатқан судья Бишімбаевтың істі алқабилер соты қараса деген өтінішін ғана қанағаттандырды. Бұдан бөлек, судья айыпталушы адвокаттарының мына талаптарын орындаудан бас тартты:

  • Кейбір дәлелдерді істен алып тастау,
  • Қайта комиссиялық экспертиза мен криминалистикалық зерттеу жүргізу,
  • Тергеу экспериментін жүргізу,
  • Банктерден Бишімбаев пен Нүкенованың есепшоттарын сұрату,
  • Нүкенованың әкесінің психиатриялық есепте тұрған-тұрмағанын тексеру.

Бұған қоса, сот іс сотқа түскен уақыттан бастап Бишімбаевтың қамаудағы уақытын алты айға созды. Соттың келесі отырысы 27 наурызда өтеді.

Бұрынғы экономика министрі Бишімбаевтың ісіне қоғам назары ауған тұста бас прокуратура сотқа кедергі келтірмеуге шақырған мәлімдеме таратты. Ведомство медиада "Бишімбаевтың қылмыстық ісіне қатысты сотқа дейінгі тергеу нәтижесіне күмән келтіретін ақпараттар тарап жатқанын, бұл ақпараттар сотқа қарсы әрекет деп бағалануы мүмкін екенін" ескертті.

"Медиа кеңістікте Бишімбаевтың ісіне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесіне күмән келтіретін материалдар жарияланып жатыр. Мұндай мәліметтердің жариялануы соттың нақты осы іс бойынша объективті әрі бейтарап құқықтық шешім қабылдауына кедергі келтіретіндей деңгейде сотқа ықпал ету деп қабылдануы мүмкін" делінген бас прокуратура мәлімдемесінде.

Прокуратура "сот жұмысына кедергі келтіруге жол берілмейтінін, бұл үшін қылмыстық жауапкершілік барын" ескертті.

Былтыр 8 қарашада Астанадағы "Бау" ресторанында бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың әйелі Салтанат Нүкенова ауыр соққыдан қаза тапқан. 11 қарашада Бишімбаев бұл қазаға күдікті ретінде қамалған еді. Экс-министр Қылмыстық кодекстің "Қинау" және "Аса қатігездікпен адам өлтіру" бабы бойынша айыпталған.

Бұл іс бойынша соттың алдын ала тыңдауы 11 наурызда өткен. Айыптау актісін оқыған прокурор Бишімбаевтың Нүкенованы Астанадағы "Бау" ресторанында аса қатыгездікпен өлтіргенін айтқан. Алғашқы отырыста Бишімбаев өзіне тағылған айыпты мойындамаған.

Бұған қоса, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша "қылмысты жасырды" деген күдікпен сотқа тартылып жатыр.

Нүкенованың қазасынан соң қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі қайта көтеріліп, кінәлілер көп жағдайда жазасыз қалатыны айтыла бастаған. Былтыр 15 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министрлігіне бұл істі "ерекше бақылауда ұстауда" тапсырған еді.

Бишімбаев 2018 жылы жемқорлық айыбымен 10 жылға сотталған. Кейін сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев оған кешірім берген еді. 2019 жылы қазанда Бишімбаев шартты түрде қамаудан шыққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG