Accessibility links

Тағы 6 жыл. Путиннің жаңа мерзімінен не күтуге болады?


Ресей президенті Владимир Путин онлайн дауыс беріп отыр.
Ресей президенті Владимир Путин онлайн дауыс беріп отыр.

Путин Ресейдегі кезекті президент сайлауында жеңіске жетті. Енді не болады? Сарапшылардың айтуынша, Путин майданға адам жинап, соғыс шығынын өтеу үшін салықты көтеріп, Кремльде кадр ауыстырып, НАТО-ға жаңа қауіп төндіріп, билік сыншыларына қарсы қуғын-сүргін күшейтуі мүмкін.

Владимир Путин Ресейдегі үш күнге созылған кезекті президент сайлауында жеңіске жетті. Бұған ешкімнің күмәні болмаған. Енді Ресей президенті елді тағы 6 жыл басқарады.

Алда не болары белгісіз, бірақ сарапшылар билік майданға әскер жинайды, соғыс шығындарын жабу үшін салықты көтереді, Кремльде кадрлық ауыс-түйістер болады, НАТО-ға жаңа қатер төнеді, режим сыншыларына қарсы қуғын-сүргін басталады деп болжайды.

Өткен айда Путин елдегі ахуал жайлы мәлімдемесінде алдағы күндерге біраз шолу жасағандай болды. Ресей саясаты бойынша тәжірибелі сарапшы Татьяна Станованың айтуынша, бәрінен де Путин мен Кремльдің елдің геосаяси жағдайына қатысты сенімі маңызды.

"Бұл – бос пропаганда емес, идеологиялық экспансия жоспары, Батыс елдеріне “путинизмді” экспорттау және ықтимал “достармен” белсенді жұмыс істеудің көрінісі. Қарапайым тілмен айтсақ, құндылықтар үшін геосаяси күрес алаңы қайтадан Батыс территориясына қарай ойысты. Путин өзін сенімді сезініп отыр. “Қасиетті соғыс” аумағы кеңейді" дейді Станова Бейбітшілік үшін Карнеги қорына жазған сараптамасында.

СОҒЫС ТОҚТА(МА)ДЫ

Ресейдің Украинаға басып кіргеніне 2 жылдан асты. Мәскеу өткен айда Авдеевка қаласын басып алған жеңісіне масаттанып, украин әскеріне қарсы шайқасты үдетіп жатыр.

Ресей адам және техника саны бойынша, Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі ең үлкен шығынға батып үлгерді. Батыс елдерінің дерегінше, Украинаға қарсы соғыста 320 мың ресейлік жауынгер қаза тауып, жараланған. Мыңдаған қару-жарақ, танк пен көлік жойылған.

Санкт-Петербург тұрғындары наурызда өткен президент сайлауының жарнамасы ілінген аялдамада автобус күтіп отыр.

Ресей өнеркәсібі толықтай қару-жарақ пен техника өндірісіне жұмылдырылған.

Бәрінен де соғысқа адам жеткізу қиын болды. Кремль Украина аумағына басып кіргеннен кейін 7 айдан соң ішінара мобилизация жариялап, 300 мың адамды әскер қатарына шақырды. Бұл қадам соғыстың әлі ұзаққа созылатынын аңғартты. Путиннің мобилизация туралы жарлығын естіген ресейліктер жаппай көрші елдерге қаша бастады.

Әскери басшылық мыңдаған азаматпен келісімшарт жасап, майданда ерікті болуға көндірді. Оларды орташа жалақыдан жоғары еңбекақы, соғыста қаза тапқан жағдайда туыстарына төленетін өтемақы сияқты шаралармен ынталандырған.

Финляндия банкінің дамушы экономика институты жүргізген зерттеуге сәйкес, жаңа келісімшартқа қол қойғандарға берілетін сыйақы мөлшері 700 мың рубльге жуықтайды. Бұл 2022 жылғы орташа жылдық жалақыдан әлдеқайда жоғары. Ресейдің жалақы мөлшері төмен, кедей өңірлерінде еріктілерді ақшамен ынталандырып, соғысқа тарту оңай.

Украинаның Ресей бақылауындағы Донецк облысында дауыс беруге бара жатқан адамдар. 15 наурыз 2024 жыл.
Voters visit a polling station during Russia's presidential election in Donetsk, Russian-controlled Ukraine, amid the Russia-Ukraine conflict on March 15, 2024. (Photo by STRINGER / AFP)

Ресей түрмеде отырған тұтқындарды да майданға салды. Оларға әскери қызметі үшін амнистия ұсынылды. Кей деректер бойынша, 100 мыңға жуық тұтқын жекеменшік отрядтар қатарында Украинадағы соғысқа қатысқан болуы мүмкін.

15-17 наурызда өткен сайлау кезінде Владимир Путин бесінші рет президент болып сайланды. Сайлауда кімнің жеңіске жеткені емес, мұның Ресей мен әлемге қандай өзгеріс әкелетіні маңызды.

Әскери командирлер келісімшартты бұрмалап, өз мүддесіне пайдаланып отыр. Мәселен, қысқамерзімді әскери қызметке келіскен жауынгерлерді үйіне қайтармай, соғыс аяқталғанша, майдан шебінде қалуды бұйырған. Командирлер соғыстан қажыған әскерилердің демалыс уақытын да қысқартқан. Бұл жақындары соғыста жүрген азаматтардың наразылығын туғызды. Ресейде осылай “Путь домой” деген қозғалыс пайда болды.

Сарапшылар Ресейде тағы бір мобилизация болады дейді. Ресейдің 2022 жылдың ақпанынан бастап қазірге дейінгі адам шығыны Совет Одағының Ауғанстандағы 10 жылдық соғысы кезінде қаза тапқан әскерилер санынан асып кетті.

– 2024 жылы адам шығыны дәл осылай жоғары деңгейде қала берсе, Кремльге жауынгерлер қатарын толықтыруға тура келеді, – дейді Тафтс университеті Флетчер атындағы құқық және дипломатия мектебінің зерттеушісі Павел Лузин.

Сарапшының пікірінше, Кремль не тағы бір мобилизация жүргізеді, не әскери борышын өтеп жүрген сарбаздарды Украинаға жібереді. Қос шара да қоғамның қолдауына ие болмайды.

Заң бойынша, 18-30 жас аралығындағы ресейлік азаматтар 12 ай әскери қызметте болуы керек. Әскери борышын өтеп жүрген жауынгерлерді соғысқа немесе шетелге жіберуге болмайды.

ӘСКЕРИ ЭКОНОМИКА

Ресей экономикасы әскери сипатқа көшті. Ел өнеркәсібі қару-жарақ өндірісіне ден қойды.

Соғыстың алғашқы 2 жылында Кремль әскери мақсатқа 30 триллион рубль (325 миллиард доллар) бөлген. Сарапшылар есебінше, биыл қорғаныс және қауіпсіздік саласына бөлінген қаржы жалпы ішкі өнімнің 8 пайызынан асады.

Бұл шығындар Ресей экономикасының Батыс санкцияларына қарсы төтеп беруіне серпін болды. Биыл Ресей экономикасы 2,6 пайызға өседі деп болжанып отыр.

Әскери шығындарды мұнайдан түскен табыстан құралған мемлекеттік қазына өтейді. Қаңтарда қаржы министрлігі биыл мұнай және газ саудасынан 11,5 триллион рубль пайда түсетінін мәлімдеді. Ресейдің энергетикалық ресурстарының негізгі тұтынушысы – Қытай мен Үндістан.

Үкімет қиын күндері талғажау етуге жиған қорын да соғысқа салып жіберді. Ресми деректерге қарағанда, 2023 жылдың соңына қарай ұлттық әл-ауқат қорының жартысы таусылған.

Путин өткен айда сөйлеген сөзінде Кремль қазынаға кірісті арттырып, соғыс шығындарын табысы жоғары адамдарға арту үшін салық кодексін өзгертетінін айтты.

Үкімет 5 миллион рубльден көп ақша табатындардың табыс салығын 15 пайыздан 20 пайызға дейін, ал корпоративті салық мөлшерін 20 пайыздан 25 пайызға көтеруді жоспарлап отыр. Бұл туралы ресейлік «Важные истории» сайты мен Bloomberg ақпарат агенттігі жазды.

Мұндай шара 2024 жылы болуы мүмкін 1,6 триллион рубль бюджет тапшылығын жабуға көмектеседі.

ЖАҢА ЭЛИТА

Путин өз сөзінде жаңа ұлттық элита құрылатынын айтты. Президенттің пікірінше, соғысқа қатысып, Кремльдің әскери қимылдарын қолдаған азаматтарға қоғамда және үкіметте айқын басымдық берілуі керек.

Қазіргі «элита» арасында Путиннің кеңесшілері, сенімді өкілдері, ықпалды президент әкімшілігі, премьер-министр Михаил Мишустин бастаған үкімет бар.

Путиннің айналасындағы сенімді тұлғалардың көбі қартайды. Мысалы, 68 жастағы генерал, Украинадағы соғыстың қолбасшысы, бас штаб басшысы Валерий Герасимов әскери қызметтен зейнетке шығатын жасқа жетті. Федералды қауіпсіздік қызметінің басшысы Александр Бортников 72 жаста, Путиннен бір жас ғана үлкен. Бортников сырқаттанып жатыр деген сыбыс бар.

Ресей бас штабының жетекшісі генерал Валерий Герасимов пен қорғаныс министрі Сергей Шойгу дауыс беріп жатыр. 15 наурыз 2024 жыл.
Ресей бас штабының жетекшісі генерал Валерий Герасимов пен қорғаныс министрі Сергей Шойгу дауыс беріп жатыр. 15 наурыз 2024 жыл.

– Ресейлік әскерилер саясатта бой көрсете бастайды. Зардабы қандай үлкен болса да, Ресейдегі әр соғыстан кейін саясатта маңызды рөл атқаратын танымал генералдар пайда болады, – деді 14 наурыздағы форумда сөйлеген жазушы, Ресей қауіпсіздік қызметі бойынша сарапшы Андрей Солдатов.

Путин үндеуінде негізгі әлеуметтік саясатқа бағытталған 5 жаңа ұлттық жоба құру, премьер-министрге жаңа орынбасар тағайындау туралы да айтылды.

– Путин көп жылдан бері билік ауысымындағы спекуляцияларға жол бермес үшін жоғары лауазымды шенеуніктерді ауыстырудан қашқақтап жүрді. Бірақ қазір жаңа саяси ойыншыға құзырет беруден басқа амалы жоқ, – дейді саяси шолушы Андрей Перцев.

Шынымен салмақты ауыс-түйістер болса, Сергей Кириенко деген атқа мұқият қарау керек. Ол – президент әкімшілігінде сахна сыртында жүрген ықпалды ойыншы. Кириенко Украинаның оккупацияланған территорияларындағы Кремльдің сенімді өкілі болған.

Үкімет шенеуніктерінің бірі Медуза басылымына берген пікірінде “Кириенко Донбастың басшысы болды, карьерасында жақсы көтерілді” деген.

– Бұл легитимдік мәселесі емес. Кремль қалаған нәтижеге жету үшін жүйені бақылауда ұстап отырғанын және элита арасындағы адалдықты көрсетуге тырысады. Оның үстіне, Кремль батыс елдеріндегідей демократиялық легитимділік терминін қолданбайды. Бұл басты назардағы мәселе емес, – дейді 2004-2007 жылдары Ақүйде ұлттық қауіпсіздік бойынша Ресей жөніндегі директор қызметін атқарған Томас Грэм.

ӨРКЕНИЕТТІҢ ЖОЙЫЛУЫ

Путиннің ел ішіндегі танымалдығы 2000-жылдардан басталатын орта таптың баюымен тікелей байланысты. Борис Ельциннің онжылдық аумалы-төкпелі билігінен кейін Путин алысты ойлайтын, салмақты басшы боп көрінді.

Путин Ресейге Совет Одағы тұсындағы ғаламдық ықпалын қайтаруға мүдделі мықты тұлғаның образын қалыптастырды. Батыс елдері, НАТО және АҚШ-пен текетірес – осы жоспардың бір бөлігі. Кремль Батыс елдерін шынайы қауіп көреді.

Путиннің соғыс риторикасы 2007 жылы АҚШ-ты нацистік Германиямен салыстыруынан басталды. 2018 жылғы соңғы сайлауда және 2022 жылы ақпанда Украинаға басып кірердің алдында бұл риторика күшейді.

Парламенттің алдында сөйлеген сөзінде Путин Ресейдің ядролық арсеналымен мақтанды. Ресей президенті Батыс елдері Украинадағы соғысқа араласса, оларға қарсы ядролық қару қолдануға уәде берді.

– Бұл ядролық қару қолданатын, сәйкесінше, өркениеттің жойылуына әкелетін кикілжіңге апарады. Олар бізде Батыс елдеріндегі нысандарға жететін қару-жарақ барын түсінуі керек, – деді Путин.

Кремль сарапшылары Украинадағы соғыс нәтижесін Путин мұрасымен байланыстырады. Путинге толық жеңіс немесе өзін жеңімпаз деп жариялайтын басқа бір нәтиже керек. Батыс елдері де Украинаны Ресейге бағындырмау үшін барын салып жатыр. Осының бәрі соғыс риторикасы жалғасатынын көрсетеді.

Сарапшылар Кремль соғыс барысына қарай НАТО мен АҚШ-қа әртүрлі әдіспен қарсы тұруға тырысады дейді.

Еуропаның кей басшылары Кремль өзін НАТО-ның реакциясын байқап көргісі келетіндей деңгейде сенімді сезініп отыр дейді.

САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН

2012 жылы Путин 4 жыл премьер-министр болғаннан кейін президент қызметіне қайта оралды. Осы кезден бастап үкімет азаматтық қоғамға, үкіметтік емес ұйымдар мен тәуелсіз ақпарат құралдарына қысым көрсетіп келеді. Ондаған азамат пен ұйым қара тізімге ілікті, қылмыстық қудалауға ұшырады, банкрот болып, елден қуылды.

Украинадағы соғыс полициялық мемлекет саясатына көшуді одан әрі жеделдетті. Соғысты немесе билікті сынағандардың бәрі жауапқа тартыла бастады.

Жақында қайтыс болған оппозиция басшысы Алексей Навальныйдың Мәскеудегі зиратының басына гүл қойылған. 1 наурызда оппозиционердің жерлеу рәсімі өткен шіркеуге ондаған мың адам жиналды.

Соғысқа қарсы бұрынғы депутат Борис Надеждинді Путин мен Украинадағы басқыншылыққа қарсы азаматтардың көбі қолдайды. Бірақ билік ресми себептерді сылтауратып, оны президент сайлауына қатыстырмай қойды.

Өткен айда көп жыл жемқорлыққа қарсы күресіп келген Алексей Навальный Арктика түрмесінде көз жұмды. Бұл оппозиция үшін ауыр соққы болды. Навальныйдың жерлеу рәсіміне қатысқан кей азаматтарды полиция қудалай бастаған.

Путин қайта сайланғаннан кейін билік сыншыларына қарсы қуғын-сүргін күшейеді. Қоғам биліктің кез келген шешімін үнсіз мақұлдайтын апатия деңгейіне түсуі мүмкін.

– Кремльге жаппай қоғамдық тәртіпсіздік ұнамайтыны рас. Олар режимнің тұрақтылығына алаңдайды. Қоғамдық наразылық тұрақтылықты бұзады деп әсіре ойлайды. Ондаған жыл бойы осыдан қорқып келеді. Олар халықтың аяқасты шешімдерінен, бастамаларынан қорқады. Азаматтардың саясаттан аулақ болғанын, саяси апатияда жүргенін қалайды. Жүйенің тұрақтылығы осы апатияға негізделген, – дейді Грэм.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG