Accessibility links

Нүкенованың өлімі бойынша сот: Бишімбаев марқұмның туыстарынан кешірім сұрады


"Салтанат Нүкенованы қатыгездікпен өлтірді" деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаев сотта тұр. 27 наурыз 2024 жыл.
"Салтанат Нүкенованы қатыгездікпен өлтірді" деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаев сотта тұр. 27 наурыз 2024 жыл.

"Әйелін аса қатыгездікпен өлтірді" деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаев бүгін, 1 сәуірде Астанадағы сот отырысында марқұм Салтанат Нүкенованың туыстарынан кешірім сұрады.

"Басында оның өлімін қабылдау өте қиын болды. Мен кешірім сұрағым келеді. Кешіреді деп үміттенбеймін, бірақ кешірім сұрау – менің міндетім. Бұл орны толмас жоғалту екенін түсінемін және бұған менің қатысым бар" деді Бишімбаев соттағы жауабында.

Ал Салтанат Нүкенованың анасы Бишімбаевқа қайырылып, "Сен менің қызымды 8 сағат бойы өлтіргенсің, қызымның бетінен түк қалмаған" деді ашынып. Осыдан соң судья жәбірленуші тарапқа ескерту жасап, айыпталушыға сөйлеуге мүмкіндік беруді сұрады.

Бишімбаев әріқарай Нүкенованы "қасақана өлтірмедім, мұндай ақылға сыймайтын әрекет жасау ойымда болған жоқ" деді. Бұған қоса, ол бес ай бойы өзіне қарсы теріс пікір қалыптасты деп санайды.

"Оның көзін шығарып, басын тесті, сау жері қалмады деп оқыдыңыздар. Мұның бәрі шындыққа жанаспайды. Айыптау актісінде ондай ештеңе айтылмаған. Мен өзімді қорғауға мәжбүрмін" деді Бишімбаев.

Одан әрі ол Нүкеновамен қалай танысқанын ұзақ айтты. Оның сөзінше, Салтанатпен қарым-қатынасы кабинетіндегі бизнес серіктесінің фотосынан кейін бұзылған. Осыдан соң жәбірленушінің адвокаты Жанна Оразбақова Бишімбаевтың сөздері іске қатысы жоғын айтып, судьядан сотталушының сөзін үзуді сұрады.

Үзілістен кейін күннің екінші жартысында Бишімбаев жауабын жалғастырды.

"Мені Салтанатты бұрын қарым-қатынаста болған адамдардан қызғанды деп айыптап жатыр. Бұл ойдан шығарылған. Оның абыройын төгейін деп айтып тұрған жоқпын. Мен қызғанбағанымды түсіндіруім керек. Мен алданғаныма ұялдым, ішім ашыды" деді ол.

Бұған дейін жәбірленуші тараптың өкілдері интимді видео жайлы сөз болып, "оны Бишімбаев Салтанатқа шантаж жасау үшін түсірілген" айтылған. Айыпталушы мұндай видео түсірмегенін, ондай видеоны анонимді телеграм-каналдан алғанын алға тартады. Оның сөзінше, "видеодағы қыз Салтанатқа ұқсас болған".

Осыдан соң жәбірленуші тараптың адвокаты бұл сөздердің бәрі іске қатысы жоғын айтып, соттан мұндай сөздерге жол бермеуді сұрады.

Айыпталушы одан әрі Салтанатпен бірнеше рет ұрсысқанын, әр ұрысқан сайын әйелі ашуланғанын айтады. Бишімбаев Салтанат өзінен 12 рет кетіп қалғанын сөз етіп, мұны әйелінің психикалық жағдайымен байланыстырды.

Жәбірленуші тараптың қорғаушылары соттан мұндай мәлімдемелерді назарға алмауды сұрап, Бишімбаев диагноз қоятындай маман емесін айтты. Ал сотталушы әйелінің әрекеттерін психикалық жағдайымен байланыстырғысы келді.

"Маған ауыр айып тағып жатыр. Оның салдары үлкен жаза болуы мүмкін. Мен өз сөзімді айтқым келеді, одан кейін не істесеңіздер де өздеріңіз біліңіздер" деді ол.

Бишімбаевтың сөзінше, кезекті жанжалдан соң Салтанат кетіп қалып, кейін үйіне көзі көгеріп келген.

"Салта, көзің неге көгерген?" деп сұрадым. Ол "түнде дәретханаға кетіп бара жатып, соғып алдым" деді. Кейін оны құрбысының туған күнінде көзі көгергенін көріп, "Салта, бәрі көзіңді көгерткен мен деп ойлайды ғой" деп айттым" дейді айыпталушы.

Бишімбаев 2023 жылы 20 қазанда кезекті ұрыстан кейін әйелі Iphone 14 телефонын бетіне лақтырғанын, осыдан соң өзін ұстай алмай бетінен салып жібергенін айтады.

Бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған. Бишімбаев "өлтіру ниетім болған жоқ" деп, айыпты мойындамайды.

Бұл іс бойынша Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырды деп сотқа тартылып жатыр. Салтанат Нүкенованың өлімі бойынша алқабилердің қатысуымен 27 наурызда басталған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG