Accessibility links

Мәскеу соты "Крокус" ісі бойынша оныншы күдіктіні қамауға алды


Якубджони Юсуфзода.
Якубджони Юсуфзода.

Мәскеудің Басман аудандық соты "Крокус Сити Холл" концерт залына шабуыл ісі бойынша ұсталған тағы бір адамды қамауға алды. Тергеу мәліметінше, 25 жастағы Якубджони Юсуфзода шабуыл жасағандардың біріне банк картасынан ақша аударған, терактіден кейін де картасынан ақша жөнлеткен. Юсуфзода кемі 22 мамырға дейін қамауда болады.

"РИА Новости" агенттігінің хабарлауынша, Юсуфзоданы 25 наурызда құжаттарын тексеру кезінде ұстаған, ол полицияға бағынбағаны үшін 12 күн әкімшілік қамауға алынған. Енді оған теракт туралы бап бойынша айып тағылды. Сот күдіктіні тұтқындауды сұраған Ресей тергеу комитетінің өтінішін орындады.

Сот отырысы жабық өтті. "РЕН ТВ" арнасының материалынан күдіктінің Тәжікстанда дүниеге келгені, әйелі мен үш баласы бары және Ресейде құрылысшы болып жұмыс істегені белгілі болып отыр.

Юсуфзода — "Крокус Сити Холл" концерт залына шабуыл ісі бойынша ұсталған оныншы күдікті. Бұған дейін Тәжікстанның төрт азаматы қамауға алынған еді. Оларға топ болып террорлық шабуыл жасады деген айып тағылды. Ресейдің құқық қорғау органдарының айтуынша, тағы ұсталған бес адам оларға баспана берген, концерт залына айдап келген көлікті сатқан немесе ақша аударған.

22 наурыз күні кешке Мәскеу іргесіндегі "Крокус Сити Холл" концерт залының ішінде камуфляж киген бірнеше адам жұртқа оқ жаудырған. Іле-шала ғимаратта жарылыс болып, өрт шыққан. Кейінгі ресми мәліметтерге сәйкес, шабуыл салдарынан 144 адам қаза тауып, 382 адам зардап шеккен. "База" телеграм-арнасының ақпаратынша, 95 адам хабар-ошарсыз кеткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG