Accessibility links

Петропавлда оппозиция белсендісіне "тіркелмеген ұйымның ісіне араласқаны үшін" айыппұл салынды


Сергей Измайлов
Сергей Измайлов

Петропавл соты "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясының белсендісі Сергей Измайловқа "тіркелмеген ұйымның ісіне араласқаны үшін" (Әкімшілік кодекстің 489-бабы) 184 600 теңге көлемінде (50 айлық есептік көрсеткіш, 412 доллар) айыппұл салды. Бұл жөнінде Адам құқығын қорғау бюросының сайты жазды.

Адам құқығын қорғау бюросының жазуынша, әкімшілік іс белсендінің қатысуынсыз толтырылған. Измайлов сотты онлайн өткізуді сұрағанмен өтініші орындалмаған.

9 сәуірде Измайлов судьны ауыстыру туралы өтініш түсіргенмен өтініші қанағаттандырылмаған. Сот кезінде белсенді өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтқан, себебі оның айтуынша, "Алға, Қазақстан" партиясы тіркеу процесінде болғандықтан оны тіркелмеген ұйым деп атауға келмейді.

"Измайлов заң мен қисын бойынша әділет министрлігінің ұйымды тіркемеу туралы шешімі күшіне енген кезде ғана оны тіркелмеген ұйым деп санауға болатынын атап өтті. Ал "Алға, Қазақстан" жағдайында ондай шешім шықпаған: былтыр 11 қазанда оны тіркеу туралы өтінішті әділет министрлігі әлі қарап жатыр, ал оның алдындағы тіркемеу туралы шешімдер сотта қаралады" деп жазды бюро.

Адам құқығын қорғау бюросының жазуынша, сотқа куәгер ретінде қатысқан полиция қызметкері Денис Солох облыстық полицияның экстремизммен күрес басқармасының нұсқаулығы бойынша әкімшілік хаттама толтырғанын айтқан. Осы бөлімнің қызметкері Аслан Жамантаев та сұралған. "Бұл істің экстремизмге қандай қатысы бар?" деген сұраққа Жамантаев Қазақстанда бұрын тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" мен "Көше" партияларын (Еуропарламент екеуін де бейбіт оппозициялық ұйымдар деп атаған - ред.) еске түсірген, алайда олардың "Алға, Қазақстанға" қандай қатысы барын түсіндіре алмаған.

Белсенді шешімді апелляцияға беретінін айтып отыр.

Былтыр желтоқсанда Астана соты "әділет министрлігі алдында қамаудағы белсенді Марат Жыланбаевты қолдап, акция өткізгені үшін" Сергей Измайловты 15 тәулікке қамаған. Елде аталған партияның мүшелері жиі қудаланып, қамалады.

Қазақстанда "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясы әділет министрлігіне тіркелуге 20-дан астам өтініш түсірген, алайда министрлік бастама топ ұсынған тізімде "қайтыс болған адамдардың аты-жөні барын айтып" тіркеуден бас тартып келеді. Партия өкілдері билік өздерін саяси себеппен тіркемей отыр деп санайды. Ресми Астана мұны жоққа шығарған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG