Accessibility links

Атырауда базардағы жанжалда адам өлтіріп алған тұрғын 8 жылға сотталды


Атыраудағы "Дина" базарындағы кісі өлімі бойынша айыпты деп танылған Мұхтар Ахмедов сотта тұр. 15 қазан 2024 жыл.
Атыраудағы "Дина" базарындағы кісі өлімі бойынша айыпты деп танылған Мұхтар Ахмедов сотта тұр. 15 қазан 2024 жыл.

19 желтоқсанда Атыраудағы сот биыл маусымда "Дина" базарындағы жанжалдан соң қаза болған Амандық Сағынғалиевтің өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Айыпты Мұхтар Ахмедов 8 жылға сотталды.

Тергеу мәліметінше, 5 маусымда 56 жастағы Сағынғалиев базарға сауда жасауға келіп, "Газель" жүк көлігін қойып жатқанда жанында тұрған Mercedes-Benz көлігінің есігін сырып кеткен. Ашуға мінген көлік иесі Сағынғалиевті аяусыз соққыға жығып, оны ауыр жаралайды. Қызылқоға ауданы Қарабау ауылының тұрғыны облыстық аурухананың жансақтау бөліміне түсіп, 10 маусымда есін жимастан көз жұмған.

Марқұмның өліміне кінәлі деп айыпталған 39 жастағы Ахмедов 6 маусымда қамауға алынды. Оның марқұмға қол жұмсап, басынан бірнеше рет ұрғаны камераға түсіп қалған. Бұл бейнежазба маусымда желілерде де тарап, қоғамда резонанс туғызған еді.

Ахмедовке "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру арқылы абайсызда адам өлтіріп алу" бабы бойынша айып тағылған. Ахмедов сотта айыпқа ішінара келісетінін айтты. Ол – "Ризық" шаруа қожалығының директоры, бес баланың әкесі.

Сотталушы өзінің кінәсін мойындап, адам өлтіру ниетінің болмағанын айтып, жазаны жеңілдетуді сұрады. Сот Ахмедовтің кінәсін толық дәлелденді деп таныды. Прокурор да оған 8 жыл жаза беруді сұраған еді.

Үкім әлі күшіне енген жоқ, тараптардың апелляция шағымын түсіруге хақысы бар.

Облыстық соттың баспасөз қызметі өз хабарламасында жаза тағайындау кезінде сотталушының кәмелет жасына толмаған бес баласының бар екені жеңілдететін жағдай ретінде ескерілгенін, ал ауырлататын мән-жайлар анықталмағанын жазды.

"Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру арқылы абайсызда адам өлтіріп алу" бабында 8 жылдан 12 жылға дейін соттау жазасы қарастырылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG