Астанада "Алға, Қазақстан" тіркелмеген оппозициялық ұйымы 13 сәуір, сенбіге жоспарлаған баспасөз мәслихатын залды бірден жалға алып жатып, әрең өткізді. Оның алдында бірнеше орын партия өкілдеріне конференцияны өткізе алмайтындықтарын айтқан.
– Бізге үш жерде бас тартты. Барлық конференция залдарының басшылары қорқатындарын айтып, ақшамызды қайтарды, – дейді 13 сәуірде партия мүшесі Амангелді Жахин Азаттыққа.
Тіркелмеген оппозициялық партияның бастамашыл тобы жиында өздеріне партияны тіркетпек болған әрекеттері үшін қысым мен қудалау көбейгенін айтпақ болған. Бірақ сенбі күні таңертең жиын өтетін орын иесі партия өкілдеріне конференцияны өткізе алмайтынын айтқан. Дәл осыған ұқсас жауапты тағы бірнеше орын иелері де қайталаған.
13 сәуірде Азаттық тілшісі оппозициялық белсенділер белгілеген үшінші орын – Астанадағы “Асылтау” бизнес орталығына келгенде бұл жердің де бас тартқаны белгілі болды.
– Бүгін таңертең директор қоңырау шалып “ешкімді кіргізбе” деді. Сондай бұйрық бар. Ақшаларын қайтарып берді. Орталық жабық, - деді аты-жөнін айтудан бас тартқан орталық өкілі Азаттық тілшісіне.
Сенбі күні партия өкілдері Астанадағы Иманбаева, 5 мекенжайына келіп, залды бірден жалға алып баспасөз жиынын өткізді. Жиын өтіп жатқанда полиция қызметкерлері келді. Бірақ залға кірмей шығып кетті. Жиынға қатысқан адвокат Мейіржан Досқараев "құқық қорғау органы әрекетінің заңдық негізі жоқ" деп мәлімдеді.
– Тоқаев билігі бізге партияны тіркеуге мүмкіндік бермей отыр. Екі жылдан бері өтініштерімізді кері қайтарып келеді. Қысым көбейді, құжат өткізуге келгенімізді митинг деп бағалап, айыппұл салып жатыр, - деді Жахин жиын кезінде.
Алғақазақстандықтар алған беттерінен қайтпайтынын, партияны тіркеуге барынша күш салатынын жеткізді. Айтуларынша, өздеріне қысымнан бөлек телеграмдағы арналарына да "шабуыл жасалған". "Телеграм-арнамызға ұқсатып арна ашып, ұқсас чат боттар пайда болды. Бұл біздің аймақтағы қолдаушыларымызбен байланыс орнатуда біраз кедергі туғызды" деді партия өкілдері.
Партия өкілі, құқық қорғаушы Сергей Измайлов "құжат өткізген сайын видеонақтылау беріп келеміз" дейді. "Енді министрлік бас тартқан хатында бұрынғыдай өлі саналғандар тізімін көрсетуді қойды, жай бар деген бір ғана жауап беріп келеді" деді.
- Министрлік тіркеуден бас тарту туралы жауабында біздің бәрімізді “өлген” деп көрсетіп отыр. Сот процесіне қатысқандар жақсы біледі: министрлік біздің дәлел сұраған сауалымызға жауап бермейді. 8-ші рет бас тартқан кезде “55 шетелдік бар” деп көрсеткен, 15-ші рет бас тартқан кезде жауап беруден бас тартты. “Қоңырау шалып, өлген адам бар екенін анықтадым” деген де судья болды. Мені заңмен рұқсат етілмеген ұйымының жұмысына қатысты деп айыппұл да салды. Ол шешіммен келіспеймін, шағымданамын, - дейді Сергей Измайлов.
Баспасөз жиынында Қостанайда келген Алина Смаковая да өзіне заңсыз айыппұл салғанын жеткізді.
Қазақстанда "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясы әділет министрлігіне тіркелуге 20-дан астам өтініш түсірген, алайда министрлік бастама топ ұсынған құжаттарда қате барын айтып келеді. Партия өкілдері билік өздерін саяси себеппен тіркемей отыр деп санайды. Ресми Астана мұны жоққа шығарған.
Осы аптада Петропавл соты "Алға, Қазақстан" оппозициялық партиясының белсендісі Сергей Измайловқа "тіркелмеген ұйымның ісіне араласқаны үшін" 184 600 теңге көлемінде (50 айлық есептік көрсеткіш, 412 доллар) айыппұл салған. Белсенді шешімді сотқа беретінін айтқан, себебі оның айтуынша, "Алға, Қазақстан" партиясы тіркеу процесінде болғандықтан оны тіркелмеген ұйым деп атауға келмейді.
Аталған бастама топтың жетекшісі Марат Жыланбаев "экстремизмді қаржыландыру" және "тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" баптары бойынша кінәлі танылып, жеті жылға сотталған. Белсенді мен жақтастары айыпты жоққа шығарды. Қазақстандық құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары, арасында Amnesty International және Human Rights Watch та бар, Қазақстан билігін Марат Жыланбаевты босатуға үндеген.
ПІКІРЛЕР