Accessibility links

WSJ: Иран элиталық жасақ офицерлерінің бір бөлігін Сириядан әкетеді


Ислам революциясы сақшылар корпусының курсанттары
Ислам революциясы сақшылар корпусының курсанттары

Израиль соққысынан қауіптенген Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы офицерлерінің бір бөлігін Сириядан әкетеді. Бұл жөнінде Сирия және Иран шенеуніктеріне сүйенген The Wall Street Journal басылымы жазды.

Сирия қауіпсіздік қызметі өкілдерінің хабарлауынша, Сирияда АҚШ, ЕО мен бірқатар ел террористік ұйым санатына қосқан Ливандағы ираншыл "Хезболла" тобының жоғары лауазымды адамдары да азайған.

Сирияда орта шенді офицерлер қалады, бірақ олар орындарын ауыстырады. The Wall Street Journal жазуынша, Иран әскері Израиль соққы жасауы мүмкін мезгіл – түн уағында орнын өзгертпек.

Дегенмен басылымның жазуынша, Израильдің қарымта шабуылы ауқымды болмайды. Бұған дейін Израиль билігі араб елдеріндегі одақтастарына Израиль қорғаныс күштерінің әрекеті олардың қауіпсіздігіне нұқсан келтірмейді деп сендірген.

The Jerusalem Post хабарлауынша, Израиль Иранға қашан соққы беретінін әлі нақты шешпеген.

  • 14 сәуірге қараған түні Иран Израильді жүздеген дронмен атқылаған. Барлық снаряд атып түсірілген, көп бөлігі – Израиль аумағынан тыс жерде жойылған. Иран шабуылды 1 сәуір күнгі Иранның Дамаскідегі консулдығының атқылануына жауап ретінде түсіндірген. Ол кезде екі ирандық генерал мен сақшылар корпусының бес офицері опат болған. Тегеран шабуылға Израиль әскерін айыптаған.
  • Иран Израильдегі көздеген барлық әскери нысаналарды атып түсіргенін мәлімдеген. Бұл ақпарат тәуелсіз дереккөздер арқылы әзірге расталмады.
  • Көптеген бақылаушылар шабуылға тойтарысты Израиль әуе қорғаныс күштері мен одақтастарының жетістігі деп бағалады.
XS
SM
MD
LG