Accessibility links

Тұрғымбаев Қаңтардан екі жыл өткен соң ұсталды. Экс-министрдің ісі жайлы не белгілі?


Экс-министр Тұрғымбаев ұсталды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:30 0:00

Экс-министр Тұрғымбаев ұсталды

2022 жылғы қанды Қаңтар оқиғасынан кейін ішкі істер министрі қызметінен босаған Ерлан Тұрғымбаев "билік пен лауазымдық өкілетін асыра пайдаланды" деген күдікпен ұсталды. Бұрынғы ішкі істер министрі Қаңтар оқиғасына байланысты істі болып жатыр. Тұрғымбаевтың енді ғана күдікке ілінуі нені білдіреді?

"ҚАҢТАРҒА ӘЛІ НҮКТЕ ҚОЙЫЛМАҒАНЫН БІЛДІРЕДІ"

Бас прокуратура 30 cәуірде таратқан мәліметінде Қаңтар оқиғасына байланысты тергеу жалғасып жатқанын жаза келе Тұрғымбаевтың 29 cәуірде ұсталғанын мәлімдеді. Орган қылмыстық істе мемлекеттік құпиялар болғандықтан басқа деректер жарияланбайтынын да айтты.

61 жастағы Тұрғымбаевтың ұсталғаны жайлы ақпаратты ҚазТАГ ақпарат агенттігі дереккөздеріне сілтеп, кеше, 29 сәуір кешкісін жазған. Экс-министрге іс қозғалғаны туралы биыл наурызда да ақпарат тараған еді. Сол кезде бас прокуратура Тұрғымбаев "Қаңтар оқиғасы кезінде тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етпей азаматтарды азаптаған орган қызметкерлеріне қатысты" іс аясында тергелгенін ғана мәлімдеген.

Қаңтар оқиғасы кезінде өртке оранған Алматы қаласының әкімдігі, 5 қаңтар 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасы кезінде өртке оранған Алматы қаласының әкімдігі, 5 қаңтар 2022 жыл.

2022 жылы 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасынан соң ҰҚК, қорғаныс министрлігі мен басқа да орган қызметкерлері орнынан алынып, істі болып жатқанда Тұрғымбаев қызметінде қалған еді. Ол қанды оқиғадан соң үкімет құрамы жаңарғанда да орнын сақтап қалған. Тек 2022 жылы 25 ақпанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны қызметінен босатып, өзіне кеңесшісі етіп тағайындады. Ал 2023 жылы тамызда Тұрғымбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының терроризммен күрес жөніндегі аймақтық құрылымының кеңесшісі қызметіне ауысты.

Тұрғымбаевтың Қаңтар қырғынынан екі жыл өткенде осы оқиғаға байланысты ұсталуы елде күннің басты жаңалығы болды. Қанды Қаңтарға қатысты істерді бақылап жүрген заңгер, мәжіліс депутаты Абзал Құспан бұрынғы ішкі істер министрінің ұсталуы Қаңтар оқиғасына әлі нүкте қойылмағанын білдіреді деп топшылайды.

– Тұрғымбаев неге енді ғана ұсталды дегенге келсек, тергеу барысы – осы. Мұндай аса ірі көлемде үлкен, ауыр зардаптарға әкелген оқиғалар жылдап тергеле береді. Ондай әлемдік практикада өте көп. Яғни, тергеу барысында [Тұрғымбаевқа қатысты] нақты дәлел-дәйектер енді-енді қолға түсуі мүмкін. Ұсталған азаматтардың жауаптары, жүргізілген сараптамалар әртүрлі. Соның бәрінің жиынтығынан соң [Тұрғымбаев күдікті] болуы мүмкін. Менің айтқым келетіні, бұл бір Тұрғымбаевпен ғана шектелмеуі мүмкін. Алда басқа да лауазымды тұлғалар да күдікке ілінуі мүмкін - дейді ол.

Абзал Құспан Тұрғымбаев күдікке ілінген "Қызметін асыра пайдалану" бабы ауыр қылмысқа жататының, бұл бапта түрме жазасы қарастырылғанын айтады.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Қаңтар оқиғасына қатысты былтыр маусымда шығарған "Ескертусіз оқ ату" кітабында Тұрғымбаевтың жауапқа тартылуы керегі жайлы айтқан еді. Сол кітапты құрастырушылардың бірі Бақытжан Төреғожина ішкі істер министрлігін басқарған адам Қаңтар оқиғасына байланысты бірден тергелуі керек еді деп санайды.

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Қаңтар оқиғасы туралы "Ескертусіз қасақана оқ ату" кітабын көрсетіп отыр. 2023 жылдың маусымы.
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Қаңтар оқиғасы туралы "Ескертусіз қасақана оқ ату" кітабын көрсетіп отыр. 2023 жылдың маусымы.

- Әр қаладағы тәртіп пен адамдардың қауіпсіздігіне ең алдымен полиция жауапты. Ал полиция ішкі істер министріне бағынышты болғандықтан, онда қылмыстық та, саяси да жауапкершілік бар. Одан бөлек ішкі істер министрлігіне қарайтын полиция департаменттерінде, тергеу изоляторында болған азаптауларды білеміз. Сондықтан Тұрғымбаев жауапқа тартылуы керек деген мәселе тұрды. Бұл жайлы біз кітапта да айттық, - дейді Төреғожина Азаттыққа.

ТҰРҒЫМБАЕВ: МИНИСТРДЕН ҰСТАЛҒАНҒА ДЕЙІНГІ ЖОЛЫ

Тұрғымбаев ішкі істер министрлігіне елді Нұрсұлтан Назарбаев басқарып тұрған тұста келді. 2006 жылы ІІМ тергеу комитетінің басқарды, кейін Алматы қаласы ІІД басшысы қызметін ұзақ уақыт атқарды. Ал 2012 жылы ішкі істер министрінің орынбасары, 2019 жылы ақпанда ішкі істер министрі болды.

Тұрғымбаев министр болып тұрған тұста бейбіт митингіге келген халықты күштеп ұстап, бейбіт наразылық білдіргендерді "кеттлингке" алды. Полицейлердің бұл әрекеттерін Amnesty International құқық қорғау ұйымы, Foreign Policy Centre тәуелсіз зерттеу орталығы есебіне қосқан. Елдегі түрмелер мен қамау орындарында азаптау фактілері де жиі тіркелді.

"Қазақстанның демократиялық партиясын" құруға ынталы топ мүшелері полиция құрсауында ("кеттлинг") тұр. Алматы, 28 ақпан 2021 жыл.
"Қазақстанның демократиялық партиясын" құруға ынталы топ мүшелері полиция құрсауында ("кеттлинг") тұр. Алматы, 28 ақпан 2021 жыл.

2018 жылы жазда мәнерлеп сырғанаудан олимпиада жүлдегері Денис Тенді Алматыда тапа-тал түсте өлтіріп кеткен соң қоғамда полиция жұмысына сын күшейген еді. Кейін билік ішкі істер органдарына реформа жасалатынын мәлімдеп, бұл міндет Тұрғымбаев басқарған ішкі істер министрлігіне жүктелген. Бірақ елде белсенділер мен сарапшылардан құралған "ІІМ реформалаймыз" қозғалысы реформа баяу жүріп жатқанын, қоғам органдардың жұмысынан оң өзгеріс көрмегенін айтқан.

Ал 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Тұрғымбаевқа тікелей бағынған қалалар мен облыстардағы ішкі істер департаментіндегі қызметкерлер "жұмыс орнын тастап кетті, әрекетсіздік танытты", түрме қызметкерлері азаптау істеріне байланысты "қызметін асыра пайдаланды" деп айыпталған еді. Басқа полицейлер істі болып, кейбірі жазасын өтеп жатқан тұста Тұрғымбаевтың ұсталғаны жайлы хабар шықты.

ҚАҢТАРҒА БАЙЛАНЫСТЫ ІСТІ БОЛҒАН ОРГАН ӨКІЛДЕРІ

Ерлан Тұрғымбаев – Қаңтар оқиғасына байланысты күдікке ілінген екінші министр. Бұған дейін қорғаныс министрі болған Мұрат Бектанов "қызметін асыра пайдаланды" деп 12 жылға сотталған.

ҰҚК төрағасы болған Кәрім Мәсімов Қаңтар оқиғасынан соң ұсталып, 2023 жылдың сәуірінде "мемлекетке опасыздық жасады", "қызмет бабын асыра пайдаланды", "билікті күшпен басып алмақ болды" деген айыппен 18 жыл сотталды.

Мәсімовтің орынбасарлары – Әнуар Садықұлов, Дәулет Ерғожин және Марат Өсіпов "мемлекетке опасыздық жасау" және "қызмет бабын асыра пайдалану" тәрізді түрлі айып бойынша кінәлі деп танылып, сәйкесінше 16, 15 және 3 жылға түрмеге қамалды. Ал экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары болған Самат Әбіш Қаңтар оқиғасы кезінде билігін асыра пайдаланды деп айыпталып, 8 жылға шартты жаза алды.

Бас прокуратураның мәліметі бойынша, істе "мемлекеттік құпияға жататын" мәліметтер болғандықтан, Тұрғымбаевтың ісі де Қаңтарға байланысты қамалған басқа лауазымды тұлғалардікіндей жабық қаралады. Демек істің жай-жапсары жалпы қоғамға белгісіз болып қалуы мүмкін.

Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев Қаңтар оқиғасы кезінде "қызметін асыра пайдаланды" деп 10 жылға сотталды.

ҰҚК Алматы департаментінің бұрынғы бастығы Нұрлан Мажилов пен ҰҚК Алматы облыстық департаментінің бастығы Сәбит Құрманәлиев те алты жылға түрмеге қамалды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG