Accessibility links

Латвия мектептерде орыс тілін оқытудан біртіндеп бас тартады


Латвия үкіметі мектептерде орыс тілін екінші шет тілі ретінде оқытудан біртіндеп бас тарту туралы шешім қабылдады. 2026/27 оқу жылынан бастап оқушылар орыс тілін оқымайды. Бұл жөнінде Латвия министрлер кабинетінің сайтында жазылған.

Бастауышты бітірген оқушылар орыс тілінің орнына Еуроодақ немесе Еуропа экономикалық аймағына кіретін елдердің тілін екінші шет тілі ретінде таңдай алады.

Орыс тілін екінші шет тілі ретінде таңдаған оқушылар оқуын жалғастыра береді. Латвия мектептерінде бірінші шет тілі ретінде ағылшын оқытылады.

Латвия үкіметі мұндай бастама жастарды Еуропаның білім кеңістігіне кіріктіруіне ықпал етеді деп санайды.

"Мектепте Еуроодақ тілдерінің бірін екінші шет тілі ретінде таңдау арқылы біз Еуропаның мәдени кеңістігіне және демократиялық әлем құндылықтарына жататындығымызды растаймыз. Осы ғасырда Ресей бастаған қанды соғыс және украин халқының геноцидінен кейін орыс тілі Латвия қоғамының едәуір бөлігі үшін міндетті екінші шет тілі ретінде қала алмайды" деді Латвияның білім және ғылым министрі Анда Чакша.

Статистика мәліметіне сүйенсек, 2022 жылы Латвияда екінші шет тілі ретінде орыс тілін – 91,1 мың, неміс тілін – 27,6 мың, француз тілін шамамен 4 мың оқушы оқыған. Билік елде орыс тілін үйренгісі келетін азаматтардың көп болуын өзге шет тілі оқытушыларының аздығымен түсіндірген.

XS
SM
MD
LG