Accessibility links

Тасқын зардабы. Үкімет шығынды қалай өтейді?


Қостанай қаласындағы су тасқыны, арнасынан асып жайылған Тобыл өзені. 9 сәуір, 2024 жыл.
Қостанай қаласындағы су тасқыны, арнасынан асып жайылған Тобыл өзені. 9 сәуір, 2024 жыл.

Биыл Қазақстанның 10 облысы су тасқынынан зардап шекті. Үкімет комиссиясы тасқыннан келген шығынды әлі есептеп біткен жоқ. Кәсіпкерлер мен ірі компаниялар зардап шеккенгерге көмек ретінде ақша аударып жатыр. Қазірге дейін 153 миллиард теңге жиналған. Үкімет резервінде 467 миллиард теңге бар. Бұл қаржы тасқын салдарын жоюға жете ме?

Қазақстан билігі тасқыннан зардап шеккен мыңдаған адамға өтемақы беруге уәде етті. Біреу үйінен, енді бірі малынан, өмір бойы жиған дүние-мүлкінен айырылды. Жүз жиырма мың адам бас сауғалауға мәжбүр болды.

Қазақстан үкіметі су тасқыны шығынын қалай өтейді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:08:02 0:00

10 ОБЛЫС ШЫҒЫНЫ

Зардап шеккен адамдардың шығыны әлі есептеліп біткен жоқ, әр өңірде комиссия жұмыс істеп жатыр.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев тасқын салдарын жоюға шамамен 200 миллиард теңге қажет деді. 24 сәуір күні Батыс Қазақстан облысында болған кезде ол комиссия суға кеткен үйлердің 30 пайызын бағалап үлгергенін айтты.

Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев (сол жақта) пен төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов. 3 сәуір, 2024 жыл.
Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев (сол жақта) пен төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов. 3 сәуір, 2024 жыл.

– Бірақ су тасқыны әлі біткен жоқ. Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында қауіп сейілген жоқ, шығыста не болатынын қарап отырмыз. Шығынның нақты көлемін айтуға ерте, – деді Бозымбаев журналистерге.

Жалпы шығын көлемін алдын ала болжаған өңірлер де, қазіргі сәтте ішінара жұмсалған шығынын айтқандар да бар.

Жалпы шығын көлемін бірінші болып есептеген Ақтөбе облысы әкімдігі 51 миллиард теңге керек екенін мәлімдеді. Оның 40 миллиардын үкіметтен сұрамақшы, 10 миллиардын облыс резервінен алады. Алайда облыстың биылғы бюджетінде резервке 1,5 миллиард теңге бөлінген. Жергілікті билік мәслихатқа резервтегі қаржыны көбейту жөнінде ұсыныс жасай алады.

Әкімдік 51 миллиард теңгенің 22 миллиардын үй тұрғызып, электр, газ, су тартуға, 10,2 миллиардын 25 тас жол мен 12 көпірді қалпына келтіруге, 7,5 миллиардын әлеуметтік нысандарды жөндеуге, 6,6 миллиардын өтемақыға, 2,2 миллиард теңгесін мал шығынын өтеуге бөлмекші.

Тасқын құлатқан үйдің ауласына тігілген шатыр. Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Қаратал ауылы. 13 сәуір, 2024 жыл.
Тасқын құлатқан үйдің ауласына тігілген шатыр. Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Қаратал ауылы. 13 сәуір, 2024 жыл.

Биыл Ақтөбе облысында алты аудан мен бір қалада 1500-ден астам үй-жайды су зақымдаған.

Солтүстік Қазақстан облысында да алты аудан, 2 мыңға жуық тұрғын үй суға кеткен. Облыс әкімдігі тасқын салдарын жоюға қанша қаржы керек екенін айтпады. Мың отбасына бюджеттен жиынтығы 400 миллион теңге біржолғы көмек берген. "Қазақстан халқына" қоры бір саяжайға 100 үй салып беруге келіскен. Облыстың биылғы резервінде 1,2 миллиард теңге бар.

Қазақстанда су тасқынынан қатты зардап шеккен өңірлердің бірі – Атырау облысы. Жылыой ауданы Құлсары қаласында тасқын судан төрт адам қаза тапты, 3 мыңға жуық үй-жай ғимараты суға кеткен. Оларға қанша шығын келгенін комиссия әлі есептеп жатыр. Облыс әкімдігі Құлсарыдағы кәсіпкерлерге шамамен 6,4 миллиард теңге шығын келгенін айтқан. Атырау облысының резервінде 3,3 миллиард теңге қаржы бар.

Тасқыннан зардап шеккен тұрғындар билікке талабын жазып жатыр. Атырау облысы Құлсары қаласы. 10 сәуір, 2024 жыл.
Тасқыннан зардап шеккен тұрғындар билікке талабын жазып жатыр. Атырау облысы Құлсары қаласы. 10 сәуір, 2024 жыл.

Судан қатты зардап шеккен өңірлердің бірі – Батыс Қазақстан облысы. Екі толқынмен келген тасқыннан Орал қаласының іргесіндегі саяжайлар, Жайық бойындағы ауылдар зардап шекті. 15 мыңға жуық үй-жай суға кеткен. Облыс резервінде 3,5 миллиард теңге бар.

Қостанай облысында 11 ауылды су басып, алты ауданда төтенше жағдай жарияланған. Комиссия 900-ге жуық үй-жайды қарап, соның 303-і тұруға жарамсыз деген байлам жасаған. 561 үй жөнделетін болды. 637 бас мал шығын болып, жиынтығы 64 миллион теңгенің өтемақысы берілген. Әзірше 1720 отбасына бюджеттен 635 миллион теңге аударылған.

Тобыл өзені жағалауы маңында су алған үйлер. Қостанай қаласы, 10 сәуір, 2024 жыл.
Тобыл өзені жағалауы маңында су алған үйлер. Қостанай қаласы, 10 сәуір, 2024 жыл.

Облыстағы Арқалық қаласында суға кеткен 92 ғимараттың 73-і тұруға жарамсыз болып қалған. Әкімдік оларға әрқайсысы 15 миллион теңге тұратын пәтер сатып алып беретінін хабарлады. Тас жолдар мен көпірді қалпына келтіруге 120 миллион теңге қажет.

Қостанай облысының шығыны әзірше 1,2 миллиард теңгеге жуықтайды. Бұл көрсеткіш әлі де өсуі мүмкін. Облыс резервінде тасқынға дейін 500 миллион теңге болған. Тасқыннан кейін әкімдік мәслихатпен кеңесіп, облыс резервіне 10 миллиард теңге қосты. Қазір резервте 10,5 миллиард теңге бар.

Құлсары әкімдігіне жұрт күнде келеді. Бірі өтемақы, кейбірі тамақ сұрайды
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:13 0:00

Ақмола облысында 200-ге жуық үй-жайды қарғын су басты. Ресми дерек бойынша, мұнда кемі жеті аудан мен бір қалада төтенше жағдай режимі жарияланды. 174 отбасына жиынтығы 65 миллион теңгенің біржолғы көмегі берілген. 12 отбасының материалдық шығынына 8 миллион теңге аударылған.

Көшелеріне су кірген Көкшетау қаласында да төтенше жағдай жарияланған. Әкімдік мұнда бірнеше отбасына үй сатып әпергенін хабарлады. Бірақ ол баспананы қаншаға сатып алғанын, қанша отбасына бергенін жария етпеді. Аудандардағы шығын туралы дерек жоқ. Әзірше бір ғана Көкшетаудың шығыны – 73 миллион теңге шамасында. Облыс резервінде бар болғаны 1,6 миллиард теңге бар.

Павлодар облысында бір ауданда төтенше жағдай енгізілді. Жеті ауылды су басқан. 80 отбасына мүлік шығынының өтемі ретінде 86,2 миллион теңге берілген. Облыста 5 үй тұруға жарамай қалған. Әкімдік өтемақыға да, үйге де демеуші қаржысы жұмсалатынын хабарлады.

«Күрегің де, қабың да жоқ». Петропавлдағы тасқын салдары
please wait

No media source currently available

0:00 0:11:15 0:00

Қарағанды облысындағы бір ауданда төтенше жағдай режимі жарияланды, төрт ауылға су кірді. Жиынтығы 60 үй-жай судан зардап шеккен, оның 54-і жөнделіп жатыр деп хабарлады облыс әкімдігі. Әкімдік ақша береді, жөндеуді қарапайым халық өзі істейді. Алты үй апатты жағдайда тұр деп танылған, соның бесеуіне үй сатып алынады, біреуіне жаңадан салынады. Облыста 111 бас мал өлген. Жергілікті резервте 481 миллион теңге бар.

Абай облысында 22 үй-жайды су басқан. Екі ауданда төтенше жағдай жарияланды. Әкімдік су кірген үйлерге, щығынға ұшыраған мал мен бүлінген мүлікке жиынтығы 57 миллион теңге шығын келгенін айтты. Бұзылған төрт көпір мен тас жолды жөндеуге 2,5 миллиард теңге қажет болған. Ал облыс резервінде 259,5 миллион теңге бар. Әкімдік жетпегенін үкімет резервінен алмақ.

Ұлытау облысында да 22 үй тасқын судан зардап шеккен, оның бесеуі тұруға жарамай қалған. Екі ауданда төтенше жағдай режимі енгізілді. Облыс әкімдігі су тасқыны салдарын жою үшін 274 миллион теңге керек деп шешкен. Шығынның 70 пайызы облыс бюджеті есебінен, ал өзгесі тасқын болған аудандардың бюджеті есебінен өтелмек. Облыс резервінде 792 миллион теңге бар.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, тұрғын үйлер үкімет қаржысына салынады. Әкімдіктер үй салуға қанша қаражат қажет екенін Құрылыс және өнеркәсіп министрлігіне айтқан. Министрлік резервтен алып береді. Ал жөндеуді қажетсінетін үйлердің қаржысы мен мал шығынын әкімдіктер өз резерві есебінен өтейді.

Әзірше ең қатты зардап шеккен екі облысты (Батыс Қазақстан және Атырау облыстары) қоспағанда тасқын салдарынан 55,5 миллиард теңге шығын шығып тұр. Комиссия жұмысы әлі біткен жоқ, сондықтан шығын көлемі әлі өсуі әбден мүмкін.

Қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов тасқын шығынын өтеуге болатын үш қаржы көзін айтты: үкімет резерві, жергілікті атқарушы органдар резерві және кәсіпкерлер мен компаниялардан жиналған көмек қаражат.

ҮКІМЕТ РЕЗЕРВІ

Резерв – аяқ астынан бірдеңе бола қалған жағдайда жұмсайтын ақша. Онымен бюджет жоспарына енбей қалған, шұғыл жабу керек шығындарды өтейді. Резерв көлемі жыл сайын бюджетпен бірге бекітіледі. Республика бюджетінде үкімет резерві, ал облыс бюджетінде жергілікті атқарушы орган резерві деп аталады.

Резервтегі қаржының көп бөлігі кезек күттірмес шығындарды жабуға, одан қалса табиғи және техногендік апат салдарын жоюға арналады. Тағы бір кішкентай бөлігі – төтенше жағдай кезіндегі халықтың жағдайы мен бір бөлігіне сот шешіміндегі міндеттемелерді орындау оңайға түспеді.

Бескөл ауылын судан қорғау үшін құм толы қап төсеп жасалған бөген. Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы. 17 сәуір, 2024 жыл.
Бескөл ауылын судан қорғау үшін құм толы қап төсеп жасалған бөген. Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы. 17 сәуір, 2024 жыл.

Үкіметтің биылғы резервінде тасқынға дейін 331 миллиард теңгеге болған. 30 наурызда жергілікті бюджетке өзгеріс енгізіп, резервтегі ақша толықтырылып, 467 миллиард теңгеге жетті. Оның 7,3 миллиард теңгесі – төтенше жағдайға, 458 миллиарды – шұғыл шығынды жабуға арналған.

Төтенше жағдай режиміне байланысты бөлінген ақша жетпесе, тек бір себеппен – Қазақстанның саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығына, адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төнген жағдайда ғана шұғыл шығынды жабуға арналған ақшаны жұмсауға болады. Ал ол да жетпесе, үкімет резервтегі ақшаны толықтыруға ұсыныс жасай алады.

Үкімет резервінде жыл сайын миллиардтаған қаржы болады:

  • 2019 жылы – 167 миллиард теңге;
  • 2020 жылы – 337 миллиард теңге;
  • 2021 жылы – 202 миллиард теңге;
  • 2022 жылы – 418 миллиард теңге;
  • 2023 жылы – 276 миллиард теңге болды.

Былтыр резервтен "ҚазАгор" ұлттық компаниясын құтқаруға 31 миллиард теңге алынған. Ол компания ішіндегі "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" акционерлік қоғамының жарғы капиталын толықтырған. 2021 жылы резервтегі 1,6 миллиард теңгеге Түркістан облысы шаруаларына Қырғызстаннан су жіберілді. 2019 жылы кезектен тыс президент сайлауын өткізуге 9,5 миллиард теңге алынды.

Көп қазақстандыққа бұл резерв 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін жақсы таныс шығар. Жаппай тәртіпсіздік кезінде өртенген, қираған ғимараттарды қалпына келтіруге, кәсіпкерлердің шығынын өтеуге резервтен 90 миллиардқа жуық теңге алынды.

2022 жылы резервтегі ақша Қаңтар оқиғасының шығынын жабуға ғана емес, неше түрлі, бір-біріне ұқсамайтын шығындарға жұмсалған. Оның есебін былтыр Жоғары аудиторлық палата жария еткен. 2022 жылғы резервтегі ақшаға үкімет "Қазақстанның даму банкі" мен "Бәйтерек" холдингінің капиталын толықтырған, олимпиадада жүлде алған спортшыларға сыйақы төленген, шығармашылық және спортқа қатысты мемлекеттік тапсырыстарға, Қостанайда оқушылар сарайын салуға жұмсаған, тіпті Түркістан облысында мұғалімдердің жалақысы да резерв есебінен төленген.

Резерв қаражатын қалай жұмсалғанына есеп жүргізген Жоғары аудиторлық палата ақша жөн-жосықсыз, мақсатсыз жұмсалды деп үкіметті сынға алған. Ұйым "қордағы ақша түрлі нәрсеге бейберекет жұмсала берсе, елдің саяси, экономикалық және әлеуметтiк тұрақтылығына қауіп төнген жағдайда қиналып қаламыз" деп жазды. Ұйымның сол кездегі басшысы Наталья Годунова резервке жауапты Қаржы министрлігінің іс-әрекетін, жауапкершілігін қайта қарауды ұсынған.

Ескеретін жайт, егер резервтегі қаржы тиісті жылы жұмсалмай қалған жағдайда республикалық бюджетке қайтарылады. Жергілікті атқарушы органның резерві облыс бюджетіне қайтарылады.

Жыл сайын бюджет ақшасы қалай жұмсалғанына есеп жүргізетін, тиімсіз пайдаланылған жерін әшкерелейтін, сол үшін үкіметке, әкімдерге сын айтатын аудитор палатасының басшысы жақында ауысты. Бұрын есеп комитеті, қазір жоғары аудиторлық палата деп аталған ұйымға жеті жылға жуық төрағалық еткен Наталья Годунованы 1 сәуірде президент Қасым-Жомарт Тоқаев қызметінен босатып, орнына ұйым төрағасы етіп үкіметтің бұрынғы басшысы Әлихан Смайыловты тағайындады.

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев Telegram арнасында Наталья Годунованың қызметтен кетуін жағымсыз жаңалыққа балады. Ол ауыс-түйіс аудитор палатасының 2023 жылғы бюджет жөніндегі есебі жарияланбай тұрып жасалғанына назар аударған. Жаңа есепте төтенше жағдайлар, сауда және интеграция министрліктерінің, кейінгі кезде жемқорлыққа қарсы агенттіктің көзіне жиі түсіп жүрген "Казспецэкспорт" кәсіпорынының және тағы басқа мемлекеттік ұйымдардың бюджетіне толық аудит жасалуы керек болған.

Бюджет қаржысы қалай жұмсалғанын бақылайтын ұйымдар дәл осы тасқын кезінде аудиторлық палатаның рөлі зор деген. Экономист, Zertteu Research Institute директоры Шолпан Әйтенова тасқын салдарын жоюға кәсіпкерлер мен компаниялар жинаған қаражат пен мемлекеттік бюджеттің тиісті жерге жұмсалуын аудиторлық палата қадағаласа игі еді деп санайды. Оның ойынша, өйткені төтенше жағдай кезінде жемқорлық қатері жоғары болады.

КӘСІПКЕРЛЕР КӨМЕГІ

Үкімет қаржысы жетпей қалады деп сескенген болуы керек, президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық форум өткізілмейтінін, дүниежүзілік ойындар мен көрме шығыны қысқаратынын және әр облысқа бір-бірден Forbes тізіміндегі бизнесмендерді тағайындайтынын айтты. 2024 – 2026 жылғы республика бюджетінен 13 миллиард теңге қысқартылды.

Бұған дейін ірі компаниялар тасқыннан зардап шеккендерге аз-маз ақша аударып жатқан. Тоқаевтың Forbes тізімі туралы сөзінен кейін ертеңіне 2-3 кәсіпкер бір Ақтөбе облысының шығынын өтейтіндей қаржы аударатын болды деген ақпарат тарады.

Су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жеткізілді. Қостанай облысы Алтынсарин ауылы, 10 сәуір, 2024 жыл.
Су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жеткізілді. Қостанай облысы Алтынсарин ауылы, 10 сәуір, 2024 жыл.

Кәсіпкерлерден бөлек елдегі ірі компаниялар, жеке қорлар, ұлттық компаниялар тасқыннан зардап шеккендерге жәрдем ретінде ақша аудара бастады. Қаражат түрлі қорларға және белгілі облыстарға арналып салынып жатыр, ортақ жинақ қоры жоқ. Қазірге дейін кәсіпкерлер мен компаниялардан ерікті түрде жиналған көмек көлемі – 152,8 миллиард теңге.

Экономист Шолпан Әйтенова жан-жақтан жиналған есебі жоқ ақша тиісті жерге, шынымен мұқтаж жандарға жетпей қалады-ау деп уайымдайды. Ол жұмсалған қаржының есебі ашық болмаса, бәрі бекер дейді. Экономист бұл іске цифрлық министрлік пен аудитор палатасы араласуы керек деп санайды.

– Төтенше жағдай кезінде шешім жылдам қабылданып жатады. Ондайда ақша аударып жатқан кәсіпкер нақты кімге, қандай көмек қажет екенін ескермей, эмоциямен шешім қабылдайды. Мұндайда сыбайлас жемқорлық, алаяқтық болуы әбден мүмкін, жиналған көмек тиімсіз жұмсалып та жатады. Төтенше жағдай кезінде халықаралық ұйымдар жіберетін көмектің 30 пайызы діттеген жеріне жетпейді деген дерек бар. Нақты ережемен жұмсалатын мемлекеттік бюджет қаражаты да талан-таражға салынатынын ескерсек, гуманитарлық көмекке төнген қауіп тіптен зор, – деп жазды экономист Facebook парақшасында.

Қазақстан үкіметінің 26 сәуірдегі дерегінше, 12 мыңнан астам отбасының әрқайсысы 369 200 теңге көмек алған. Оған бюджеттен 4,5 миллиард теңге жұмсалған. Мал шығынына 211,5 миллион теңге жұмсалған. Олардың жиынтық шығыны әлі есептеліп жатыр. Үкімет 100 АЕК көмектен бөлек, материалдық шығынға деп әр отбасына 150 АЕК (553 800 теңге) дейін қаржы қарастырылғанын мәлімдеді.

Республика бюджетіндегі қаржы су тасқыны болмай тұрып келген шығынды толық өтеуге жетпейтін. 2024 жылғы бюджеттегі шығыс 23,3 триллион теңге, кіріс – 20,1 триллион теңге деп көрсетілген. Үкімет жетпей тұрған 3,5 триллион теңгені болашақ ұрпаққа қажет қаржы жинақталатын Ұлттық қордан алады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG