Accessibility links

Қаңтардан соң ішкі істер министрі қызметінен босаған Ерлан Тұрғымбаев ұсталды


Бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Қаңтар оқиғасынан кейін ішкі істер министрі қызметінен босаған Ерлан Тұрғымбаев "билігі мен өкілетін асыра пайдаланды" деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы 30 сәуірде Қазақстан бас прокуратурасы хабарлады.

Экс-министрдің ұсталғанын 29 сәуір кешке жергілікті ақпарат құралдары мен телеграм-арналар жазды.

"29 сәуірде ауыр зардаптарға әкеп соққан билік пен лауазым өкілетін асыра пайдаланғаны үшін (Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігі) Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабы тәртібінде бұрынғы ішкі істер министрі Е.З.Тұрғымбаев ұсталды" деп жазылған бас прокуратура хабарламасында.

Прокуратура 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына қатысты қылмыстық істерді тергеу жалғасып жатыр деп мәлімдеді.

Ақпаратқа қарағанда, қылмыстық істе мемлекеттік құпия саналатын мәліметтер бар, сол себепті бас прокуратура сотқа дейінгі тергеп-тексеру туралы басқа деректерді жария етпейді.

Биыл наурызда Қазақстанның бірқатар ақпарат құралы бұрынғы ішкі істер министрінің үстінен Қаңтар оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған.

Кейін бас прокуратура Тұрғымбаев "Қаңтар оқиғасы кезінде тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етпеген, сонымен бірге азаматтарды азаптаған күштік орган қызметкерлеріне қатысты" іс аясында тергелгенін мәлімдеді.

61 жастағы Ерлан Тұрғымбаев 2022 жылғы 11 қаңтарда үкімет құрамы жаңарғанда орнын сақтап қалды. Сол жылы 25 ақпанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны қызметінен босатты. Артынша президенттің кеңесшісі қызметіне тағайындалды. 2023 жылы Тұрғымбаев Шанхай ынтымақтастық ұйымының терроризммен күрес жөніндегі аймақтық құрылымының кеңесшісі болды.

  • Қаңтар оқиғасынан кейін ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов ұсталып, 2023 жылдың сәуірінде сот оны "мемлекетке опасыздық жасады", "қызмет бабын асыра пайдаланды", "билікті күшпен басып алмақ болды" деген айыппен 18 жыл түрме жазасына кесті.
  • Мәсімовтің орынбасарлары – Әнуар Садықұлов, Дәулет Ерғожин және Марат Өсіпов "мемлекетке опасыздық жасау" және "қызмет бабын асыра пайдалану" тәрізді түрлі айып бойынша кінәлі деп танылып, сәйкесінше 16, 15 және 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
  • Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі,ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары болған Самат Әбіш Қаңтар оқиғасы кезінде билігін асыра пайдаланды деп айыпталып, 8 жылға шартты жаза алды.
  • Қорғаныс министрі болған Мұрат Бектанов "қызметін асыра пайдаланды" деп 12 жылға, Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев 10 жылға сотталды.
  • ҰҚК Алматы департаментінің бұрынғы бастығы Нұрлан Мажилов алты жылға бостандығынан айырылды. ҰҚК Алматы облыстық департаментінің бастығы Сәбит Құрманәлиев те алты жылға сотталды.
  • Ұлттық қауіпсіздік комитеті 5-департаментінің бұрынғы бастығы Руслан Ысқақов Қаңтар оқиғасына байланысты "қылмыстық топ құрып басқарды", "билігін асыра пайдаланды", "адамды бостандығынан заңсыз айырды" деп сотталып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG