Accessibility links

Мәмбет Қойгелді: Ресей архивтерінде әлі де қол жетпеген материалдар бар


Совет заманындағы қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориал. Жаңалық ауылы, Алматы облысы, 26 мамыр, 2015 жыл. Азаттық архивіндегі фото.
Совет заманындағы қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориал. Жаңалық ауылы, Алматы облысы, 26 мамыр, 2015 жыл. Азаттық архивіндегі фото.

20-ғасырдың 20-50-ші жылдары советтік саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды толық ақтау үшін құрылған мемлекеттік комиссия жұмысы былтыр желтоқсанда аяқталған. Комиссия 311 мың саяси құрбанды ақтап, 72 томдық кітап шығарды. 6 миллионнан астам құжат пен материал зерделеніп, құпия белгісі алынып тасталды.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі республикалық комиссия Қазақстан президентінің жарлығымен 2020 жылғы қарашада құрылған. Оның құрамында 425 ғалым мен зерттеуші бар, оның ішінде 260 маман әр өңірде құрылған аймақтық комиссияда еңбек етті.

Бұл Қазақстанның шынайы тарихын жазуға септігін тигізе ме? Ресейдегі құжаттарға толық қол жеткізе алдық па? Азаттықтың осы төңіректегі сауалдарына Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіннің ерекшеліктерін зерттеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Үлттық ғылым академиясының академигі Мәмбет Қойгелді жауап берді.

"ОТАРЛАУҒА БАЙЛАНЫСТЫ ҚҰЖАТТАР МҮЛДЕ АЛЫНҒАН ЖОҚ"

– Мәмбет мырза, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жұмысын аяқтағанын білеміз. Том-том кітаптар шықты, олар Қазақстан тарихы ретінде оқу орындарында, мектепте оқыла ма?

– Дәл осы сұрақты премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова да қойған еді. "Сіздің мақалаңызды оқып шықтым, жақсы мәліметтер бар екен, ол оқу процесіне кірді ме, жоқ па?" деген. Бірақ мен университетте сабақ беріп жүріп "кірмейді" деп қалай айтамын? Ал шындығында архивтен шыққанның бәрін оқу процесіне кіргізу өте қиын.

Тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелді Алашордаға байланысты конференцияда сөйлеп тұр. Алматы, 13 желтоқсан, 2011 жыл. Азаттық архивіндегі фото.
Тарихшы ғалым Мәмбет Қойгелді Алашордаға байланысты конференцияда сөйлеп тұр. Алматы, 13 желтоқсан, 2011 жыл. Азаттық архивіндегі фото.

– Неге қиын деп санайсыз? Әлде оған қарсы шығушылар бар ма?

– Ол процесс жүріп жатыр. "Тарих дөңгелегі айнала береді, бірақ баяу" деген сөз бар. Мен 10-11-ші сыныптарға арналған тарих оқулығын жазуға қатыстым, 11-сынып оқулығы авторларының жетекшісі болдым. Сонда бір нәрсені түсіндім. Тарихты қалай жазамыз, ол – өте маңызды процесс, бірақ оны министрліктегілер ұйымдастыра алмайды. Шоқан Уәлиханов атындағы тарих институтының директоры болып жүрген төрт-бес жыл ішінде бірнеше министр (білім министрі – ред.) ауысты. Бір министр шақырып "Тарихшылар, сіздер не жазып жатырсыздар? "Қазіргі тарих" деген ұғым қоғамның санасын қоздырып жатыр" дегендей пікір айтқан емес. Ал зерттеуді оқу процесіне кіргізу үшін сана мен ұстаным керек.

– Комиссия қандай тың деректер тапты?

1920-1930 жылдардағы халық наразылығы туралы қысқа, әр жерде там-тұм айтылып жүрді. Біз оларды бөліп-жармай толық беруге тырыстық. Алаш қайраткерлерінің тергеуін 12 том етіп толық жарияладық.

– Бұл Қазақстан тарихын түбегейлі қайта жазуға мүмкіндік бере ме?

20-ғасыр тарихын қайта жазуға мүмкіндік береді. Өйткені 20-ғасыр ашық, объективті жазылса онда орыс патшалығы келген 18-19 ғасыр да түсінікті болады. Жалпы тарихты зерделеу жағынан салыстырмалы түрде Орталық Азия елдері арасында Қазақстан көш бастап келеді. Әсіресе (Сталин заманындағы – ред.) репрессияны зерттеу жағынан. Ресейден аспасақ та өкшесін басып келеміз.

– Ресей архивінде қалып қойған мемлекет тарихы үшін маңызды деген құжаттар бар ма, әлде бәрін алдық па?

Ресей архивтерінде әлі де алынбаған, қол жетпеген материалдар бар. Оның көбі саяси репрессияға байланысты. Отарлауға байланысты құжаттар мүлде алынған жоқ.

– Оған қол жеткізсек, ол бізге не береді?

– Ресей империясы құрамындағы Қазақтан тарихын мүмкін болғанша дәл, терең, шынайы білуге, түсінуге мүмкіндік береді. Тарихты жинау, іздеу, табу, жазу бар да, оны қорыту бар ғой. Қорытылған тарих қана пайдалы. Біз осы томдарда барлық материалды қорытып жинадық. Бұл – тарих. Сол арқылы бабалардың жүріп өткен жолын көре аласыз.

– Архив түгенделсе, қазақтардың отарлаудан шеккен зардабы үшін Ресей кешірім сұрауы мүмкін бе?

– Мүмкін емес. Ол үшін [Ресейдің қазіргі президенті Владимир] Путин кетіп, орнына демократ келуі керек. Ал біз Ресейге жалтақтап отырмыз.

"ЖҮЗ АДАМ ҚОРҚУЫ ҮШІН ОНЫН АТУ КЕРЕК"

- 1928-1932 жылдар арасында қазақ даласындағы советтік ұжымдастыру, индустрияландыру науқандарына қарсы ірілі-уақты көтеріліс көп болды. Мәселен, қазіргі Абай өңіріндегі Қаражал, Шұбартау, Абыралы көтерілістері. Бұл көтерілістерді ұлт-азаттық көтерілісі деп қарауға бола ма?

– Әлбетте. 1928-1931 жылдар арасындағы көтерілістер большевизм мен Алаштың (демократиялық негіздегі автономдық мемлекет құруға үндеген қазақ зиялыларының қозғалысы – ред.) арасындағы текетірестің жалғасы. Маркс "бәленің бәрі тап күресінде, таптық қанауда жатыр, сондықтан капиталистік меншікті жойса болды, адамдар тең болады" деді. Қайда? Маркстің ғылыми тереңдігіне дау айтпаймын. Ленин мен Сталин: "Қазақтар – көшпенділер, надандар, тағылар; оларды өркениетке әкелу керек, ол үшін отырықшыға айналдыру керек. Колхоз, совхозға ұйымастырып, меншігін алып, оны ортаққа колхоздастыру керек" деді.

Ашаршылық жылдары көше кезіп жүрген ана мен бала. Қазақстан, 1930 жылдар. Фото авторы - Дмитрий Багаев.
Ашаршылық жылдары көше кезіп жүрген ана мен бала. Қазақстан, 1930 жылдар. Фото авторы - Дмитрий Багаев.

1928 жылы Қазақстанда 40 млн мал болса, 1933 жылы төрт-ақ млн қалды. Қазақтардың негізгі азық-түлік көзі, табыс көзі – мал. Малды алған соң халық қырылып қалды. Трагедия. Неге олай болды? Большевиктер "біздің қолымызда қоғамды түзеудің кілті бар" деді. "Біз мемлекеттік билікті орнатып, керек емес әлеуметтік топтарды, байларды, феодалдар мен капиталистерді, содан кейін интеллигенцияның бәрін репрессиямен жоямыз, бұл – социалистік хирургия, керек емес нәрсені кесіп алып тастаймыз" деп қынадай қырды. Бұл жоспар Голощекиннің (бүкілодақтық коммунистік партияның Қазақстандағы өлкелік комитетінің хатшысы – ред.) 1927 жылы Сталинге жазған "Қазақ ауылдарын советтендіру туралы" хатында кеңінен баяндалады. Бұл озбырлыққа қарсы шыққандарға советтік тарихта "банда" деген атау тақты. "Қазақтың байлары кедейдің азаттығына қарсы, олар кедейлерді қанай бергісі келеді, басып ұстағысы келеді" деген идеология қалыптастырған.

– Бұл көтерілістердің Алаш қозғалысымен байланысы бар ма?

– Тікелей байланысы бар. Большевиктер "қазақ ауылдарын советтендіру" үшін оларды байдың, интеллигенцияның ықпалынан шығару керек" деп санап, 1927 жылы репрессияны бастады. Алаштықтарды соттады, қамады. Советтендіру кәмпескелеуге, халықтың малын тартып алып, оны Ресейдегі зауыт, фабрика салып жатқандарды асырауға ет түрінде жіберуге ұласты. Алаштықтар колхоздастыруға, отырықшылыққа көндіру үшін кәмпескелеуге қарсылық білдіріп, "бұл процестер жүзеге асса халық қаңғырып кетеді" деген. Малды алуға, қазақтарды малсыз қалдыруға болмайтынын айтқан.

1930 жылдары аштықтан босып бара жатқан қазақтар. Фото авторы - Дмитрий Багаев.
1930 жылдары аштықтан босып бара жатқан қазақтар. Фото авторы - Дмитрий Багаев.

Советтендіру соңы көтеріліске ұласты. Елдің сөзін сөйлейтін Алаш қозғалысы өкілдерін түрмеге жапқан соң, халық басшысыз қалды. Көтеріліске молда, байларға дейін бәрі қатысты, қолдады. Мәселен, Қызылорда өңіріндегі Қарақұм көтерілісін молда Жұмағазы Байымбетов басқарған. "Большевиктер, біз неге көтерілдік? Сендер біздің тыныш өмірімізді бұздыңдар. Өмір сүру құқымыздан айырдыңдар. Сендер бейбіт қазақты таптағанды тоқтатыңдар" дейді. Бұл көтерілістің барлығы аяусыз басып-жаншылды. "Қалған 100-і қорқуы үшін 10-ын ату керек" деген Лениннің сөзі бар. Сондықтан Алаш тек интеллигенция қозғалысы емес, ол ұлт-азаттық қозғалысы. Тарихтағы жоғарыда өзіңіз атаған көтерілістер ұсақ ереуілдер емес, олар – ұлттың азаттығы жолындағы күрестің бір бөлігі. Жалпы 1920-1931 жылдар аралығында совет өкіметіне қарсы 300-ден астам көтеріліс болған.

"ЕСКІ ҚАЗАҚСТАН АРТЫҢНАН ҚАРАП ТҰРСА, ҚАЙТІП "ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫ" ҚҰРАСЫҢ?"

– "Тарих қайталанады" дегенді естиміз. Келісесіз бе?

– Әрине, келісемін. Карл Маркс "тарих екі рет қайталанады: бірі реалистік тұрғыда болса, екіншісі имитация қалпында болады" деген. Мынадай мысал келтіргім келеді: тарихтан белгілі, 19-ғасырда Қазақстанның Батыс аймағында Жәңгір ханның реформасына наразы Исатай-Махамбет көтерілісі болды. Жәңгір хан қазақ тарихында алғаш рет жерге жеке меншікті орнатты. Ордадағы Еділдің бойында шұрайлы жайылымдарды сұлу әйелі Фатиманың әкесі мен туыстарына беріп, актімен бекітті. Мұндай тартуды өзінің айналасындағы жақын жүргендерге де жасады. Халық өзінің ата қонысына бара алмай қалды. Наразылық өршіп, Жәңгірдің ставкасы қоршауға алынды. Махамбет шауып алмақ болғанда, Исатай басу айтып, соңында екеуі де өлді. Жәңгір хан өлген соң да халық толқуы басылмай, жерге жеке меншік жойылды.

Нұрсұлтан Назарбаев билігі тұсында не істеді? Ол да акті тарата бастады. Ол бірінші премьер-министр Сергей Терещенкоға Ертіс бойынан тамаша жақсы жерлерді берді. Жерге байланысты жаппай наразылық 2016 жылы Атырауда болғанын білесіздер. Бұл мәселе әлі өзектілігін жойған жоқ.

Үкіметтің жер реформасына қарсы Атырауда өткен наразылық жиыны. 24 сәуір, 2016 жыл.
Үкіметтің жер реформасына қарсы Атырауда өткен наразылық жиыны. 24 сәуір, 2016 жыл.

Мал жаятын жер жоқтығы, жерге жеке меншікті жою талабын айтқан наразылық әр жерден осы күнге дейін естіліп келеді. Тарихтың қайталануы емес пе? Мал бағатын аудандарға жеке меншік формасы келмейді. Қазақ мал баға алмай қалады. Қазақтың менталитеті, өмір сүру ерекшеліктері деген осы. Назарбаев елдің жағдайын табиғи ресурстарды сатумен жөндемек болды. Ауыл ескерусіз қалып, тозып кетті, ауыл тұрғындары қалаға жаппай көшті. Қазақтың өміріне қолайлы реформа жасалмады, мал шаруашылығын жаңа сұранысқа бейімдеу орнына құртып кетті, ауылда мал өнімін өңдейтін зауыттар салынбады.

Кез келген революциялық өзгерістің өзегінде меншік жатады. Біздің қазіргі жағдайымызда да сол. Билікте неге кикілжің жүріп жатыр? Сол меншік үшін талас. Назарбаев неге кеткісі келмейді? Анау да меншігі, мынау да меншігі, қыздарынікі, туыстарыныкі, балаларынікі; ол меншікті бергісі келмейді. Сондықтан да Қасым-Жомарт Тоқаев "Жаңа Қазақстан" дейді. Ескі Қазақстан артыңнан қарап тұрса, қайтіп жаңа Қазақстанды құрасың? Баяғыдағы "социализм, коммунизм құрамыз" деген сияқты бейшара халықты алдау ғой.

"АЛАШОРДА" ЖЕҢІСКЕ ЖЕТКЕНДЕ НЕ БОЛАР ЕДІ?

– Алашқа қатысты бір сұхбатыңызда 1917 жылы қазанда билікке пролетариат диктатурасы келген соң сол жылы Орынборда 13 желтоқсанда өткен Екінші жалпықазақ съезі алдында большевиктер мен [қазақ зиялылары жариялаған автономдық үкімет] "Алашорданың" арасында компромисс болды дегенсіз. Одан нәтиже болмады ма?

– Екінші съездің алдында большевиктер мен "Алашорда" арасында компромисс болды. Бірақ бұл уақытша компромисс еді. Алаштықтар "қанаушы тапты" жоятын пролетариат диктатурасын орнатқан совет билігінің баламасы ретінде Алаш ұлттық автономиясы құрылғанын жариялаған.

Большевиктер ультиматум қойып, "Бізге бағыныңдар, ал біз сендерді теңдікке бір-ақ апармыз" деді. Бұл әрине Ленин-Сталин идеясы-тұғын. Бірақ оған Алаш лидері Әлихан Бөкейханов сенімсіздік білдірді. Ол "Бізге керегі ішіміздегі бай-феодалды жою емес, орыстың отаршылдығынан құтылып, мемлекет ретінде тәуелсіздігімізді алу үшін бірігу. Өз проблемамызды өзіміз шешуіміз керек. Әр ұлт, әрбір халық өз проблемасын өзі шешуі керек. Біз Ресейден кетпейміз, бірақ бізге автономия беріңіздер" деді. Большевиктер бұған келіспеді, өйткені, көз алдында Польшаның мысалы бар еді. Большевиктер өз қотырын өзі қасығысы келген Польшаны революциядан соң еркіне жіберді. 1917 жылы революция жеңген соң Ленин бірінші кезекте декретке қол қойып, Польша мен Финляндияның тәуелсіздігін жариялады. Ленин өте айлакер стратег еді. Польша мен Финляндиядағы қоғамның даму деңгейі мен мәдениеті Ресейден әлдеқайда жоғары екені көзге ұрып тұрған еді. Сондықтан тәуелсіздік алған бұл мемлекеттер Ресейдің, орыс философы Николай Бердяев жазғандай, "құлдар мен крепостнойлар мемлекеті" екенін білді. Сөйте тұра, қара халық большевиктер алдауына түсті, олардың "зауыт, фабрика жұмысшыларға, жер шаруаларға" деген сөзіне сенді. Әдемі миссия, бірақ іс жүзінде солай болды ма? Большевиктерде модель болмады.

– Алаш идеясы бүкіл қазақтың қолдауына ие болды деуге бола ма?

– Алаш үшін екі маңызды фактор болды, ол – жер мен ел. Бөкейхановтардың Семейді таңдағаны, ол жерде ұлт-азаттық қозғалыс қатты дамыды. Олар жаңа автономиялық қазақ мемлекетін құру үшін байларға арқа сүйеу керек екенін ұқты. Мал-жанды, жерді сақтау үшін берік мемлекет болуы керегін байлар да жақсы түсінді. Семейдегі байлардың арасында қаланың Жаңа Семей деп аталатын бөлігінде тұрған Үкібаев Ике, Әділов Қаражан дегендер болған. Алаштың барлық қайраткері сол Икенің үйінде жиналған. Ол мықты бай болған. Басқа байларды да Алаш идеясын қолдауға тартқан.

Омбы қаласындағы архивтен табылған Алаш әскері туралы видеодан скриншот.
Омбы қаласындағы архивтен табылған Алаш әскері туралы видеодан скриншот.

Мысалы, Алаш екі полк жасақтады. Ол мемлекеті, банкі, ақшасы жоқ болса оны қалай жасақтады? Байлар көмектесті. Оның мінетін атын, киетін киімін, ішетін асын берді. Ике туралы бір құжатта "өте ақылды адам, егер оған еркіндік берсе бүкіл қазақты басқаратын адам" деп сипаттаған. Осы зерттеу барысында бір томды байларға арнадым. "Алашорданы" құруға Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Көкшетау байлары кең қолдау көрсетіп, ақшалай жәрдем берген. Кейін олардың бәрін соттаған. "Тарбагатайские алашординские дела" деген болған. Бір томды соған бердім. Бір Тарбағатайдан 110 адамды соттаған. Олардың барлығы елден кетуді жоспарлаған. Сол 110-ның ішінде Тайыр Жомартбаев, Қасымхан Бекенаев деген Семей училище семинариясын бітіргендер бар. Тағы 110 адамды соттап, Ташкентке жер аударған, бірсыпырасын атқан. Айта кету керек, Тарбағатай жағын алашордалық заңгер Райымжан Марсеков басқарған. Қытайға көшуді ұйымдастырып, "Совет үкіметі тыныштық бермесе өтіп кетеміз" деген мақсат болған.

Қоғамдық қатынас мыңдаған жыл бойы қалыптасады. Қазақтың қоғамы да мыңдаған жыл бойына эволюциядан өтіп, рулық қатынас, жүздік қатынас, жерге байланысты мәдениет, салт-дәстүрі бәрі електен өтіп, іріктелген. Бір ұлттың ұстанымын революциялық жолмен өзгерту үлкен қателік болды. Мемлекет өз дамуы барысында бұл ұстанымдарды қоғамның қажетіне қарай бейімдеп, халыққа саяси жолмен көмектесуі керек. "Социализм халықты репрессияға ұрындыратын қауіпті жол" деген Алаштың айтқанын қазір көріп отырмыз. Біздің қоғам ауруының түп негізі социализмнің, Ленин идеясының әлі күнге дейін сақталған қалдығында.

"БИЛІКТЕГІЛЕРДІҢ БАСЫМ КӨПШІЛІГІ ТІЛ, ТАРИХ, ДӘСТҮРДІ БІЛМЕЙДІ"

– Қазіргі мемлекетті басқару саясаты Алаш моделіне сай ма?

Алаштың бір ерекшелігі билік пен халық арасындағы алшақтықты жоюға тырысты. Олар кез келген мәселені тереңнен көрді, соңына дейін жеткізуге тырысты. Маған біздің үкімет халықтың проблемасын, ұлттың іргелі мәселесін шешуге қажетті әдіс-құралдарын таба алмай жүргендей көрінеді.

Бірінші қатарда солдан оңға қарай: Халел Ғаббасов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов. Екінші қатарда (солдан оңға қарай): Жүсіпбек Аймауытов, Әлкей Марғұлан, Абдолла Байтасов.
Бірінші қатарда солдан оңға қарай: Халел Ғаббасов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов. Екінші қатарда (солдан оңға қарай): Жүсіпбек Аймауытов, Әлкей Марғұлан, Абдолла Байтасов.

Алаш билікке келгенде реформаны халықтың шаруашылығынан бастайтын еді. Соны жаңа сұранысқа ықшамдайтын еді. Өйткені, алаштықтар елдің экономикалық дамуын, оның табиғи ерекшеліктерін жете зерделеген ұсыныстар жасаған.

Мемлекет басқаратын адамның алдымен іргелі тарихи білімі болуы керек деп санаймын. Олар халықтың қалыптасуы жолындағы өткен жолдарын білуі тиіс. Біздің биліктегілердің басым көбі тіл, тарих, дәстүрді білмейді. Ахмет Байтұрсынов сол кездегі билікті "қазақтың проблемасын білмейтін адамдар келіп шешіп жатыр" деп бағалаған. Қазір де солай. Халық неге жылап-еңіреп, тентіреп жүр? Халықтың ауылдан қалаға үдере көшуі, шетел асып мигрантқа айналуы, жалдамалы жұмыс іздеп көшеде жүруі халықтың тұрмысынан хабарсыз шенеуніктердің, министрлер жасаған қате реформалардың салдары. Сол себепті Маңғыстауда мұнай компаниялары жұмысшылары көшеде тұр. Қазақстан билігі мұнай-газды шетелге бөліп берді. Ал сол қазба байлықтың үстіндегілер "мұнай-газымызды алып жатырсыңдар, біз әлі кедейміз" дейді. Дұрыс айтады.

Сұхбатыңызға рақмет.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG