Accessibility links

Ақтөбеде атыстан мерт болған студентті жерледі


Ақтөбе қаласы көшесіндегі полиция көліктері. Азаттық архивіндегі фото.
Ақтөбе қаласы көшесіндегі полиция көліктері. Азаттық архивіндегі фото.

Ақтөбе облысында атыста оқ тиіп мерт болған студент Диас Талғатұлын туыстары 30 мамырда Бозой ауылындағы қорымға жерледі. Тірі болғанда екі айдан кейін 18 жасқа толар еді дейді туыстары.

Биыл Ақтөбе политехника колледжінің 2-курсын бітірген студенттің ата-анасы мен бауырлары Шалқар ауданындағы Бозой ауылында тұрады.

Ақтөбедегі көпбейінді облыстық ауруханаға сейсенбі, 28 мамырға қараған түні 17 мен 22 жас аралығындағы сегіз адам түскен. Арасында кеудесінің бірнеше жеріне пышақ сұғылып, аяғына оқ тиген Диас Талғатұлы да бар. Дәрігерлер топ адам қатысқан төбелестен кейін ауруханаға түскен жастардың бәрінің аяғына оқ тигенін айтты.

Ақтөбедегі ауруханада қазір жеті адам ем алып жатыр. Оның алтауы – Ақтөбе облысының Шалқар ауданындағы Бозой ауылының жастары.

– Қайтыс болған Диас пен тағы екі бала Ақтөбедегі политехника колледжінде оқып жүрген. Тағы екі бала Ақтөбедегі Жұбанов университетінің, біреуі Оралдағы технология университетінің студенті. Өзгелері қалада жұмыс істеп жүрген жастар. Қай-қайсы да бұрын-соңды жаман аты шықпаған еді. Білуімше, Бозой жастарының қолында қару болмаған, – дейді Бозой ауылының әкімі Жасұлан Жұбаназаров.

Полиция 28 мамырға қараған түні Ақтөбедегі мал базары ауданында бір топ жас жігіт төбелескен деп хабарлады. Төбелестің аяғы атысқа, пышақтасуға ұласқан. Полиция күдікті ретінде төрт адам ұсталғанын хабарлады. Бұл дерек бойынша "Адам өлтіру", "Бұзақылық" бабымен іс қозғалған. Полиция төбелеске не себеп болғанын айтпады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG