Accessibility links

АҚШ "Грузияда демократияны бұзғандарға" виза беруге шектеу енгізбек


АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Мэттью Миллер.
АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Мэттью Миллер.

АҚШ Грузиядағы демократияны бұзды деп санаған ондаған адамға виза беруге шектеу енгізетін ниеті барын хабарлады. Ондай тұлғалардың арасында биліктегі "Грузин арманы" партиясы мүшелері, заң шығарушы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері бар.

АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Мэттью Миллер Вашингтон грузин басшылары шешімін қайта қарайды деп үміттенетінін айтты. "Егер олай болмаса, АҚШ қосымша қадамдар жасауы мүмкін", – деді Миллер.

Бұған дейін АҚШ президенті Джо Байден әкімшілігі Тбилиси "Шетел ықпалының ашықтығы туралы" заң қабылдағанына байланысты Вашингтон Грузиямен қарым-қатынасын қайта қарауы мүмкін деп мәлімдеген еді. Оппозиция бұл заңды Ресейдегі "Шетел агенті туралы" заңның көшірмесі деп санайды.

Еуропа одағы елдерінің бірнеше өкілі Грузияның Еуроодаққа мүшелігіне үміткер мәртебесін қайтарып алуға үндеп, даулы құжатқа қол қойылғаннан кейін Тбилисимен визасыз режимнен бас тартуға шақырды.

3 маусымда Грузия парламентінің төрағасы Шалва Папуашвили "Шетел ықпалының ашықтығы" туралы заң жобасына қол қойды. Осылайша Грузия парламенті даулы заңға қарсы болған ел президентінің ветосын еңсерді.

Жаңа заңға сәйкес, биыл тамыздан бастап 2023 жылы қаржы көзінің 20 пайызынан көбін шетелден алған БАҚ пен үкіметтік емес ұйымдар "шетелдік күштің мүддесін жүзеге асырушы ұйым" ретінде әділет мекемесіне тіркелуге өтініш тапсыруға міндетті болмақ. Бұл талапты орындауға жататындардың басым бөлігі – Батыс қорларымен әріптестік орнатып, жұмыс істеп келген Грузиядағы онлайн-БАҚ пен коммерциялық емес ұйымдар.

Заң жобасының авторлары бұл құжатта репрессиялық шаралар жоқ және ол коммерциялық емес салада қызмет атқаратын ұйымдардың ашықтығын арттыруды көздейді дейді. Олар бұл заң Ресейдің емес, Америкадағы заң нормаларынан алынған деген уәж келтіреді.

Қоғамда дау туғызған заң жобасына оппозиция қарсылық білдірді. Бірнеше апта бойы Грузияда жаппай наразылық акциялары өтті, полиция наразыларға қарсы арнайы құралдар қолданып, кейбір адамды ұстап әкетті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG