Accessibility links

Утилалымға наразылар петицияны қарайтын жұмыс тобына сенімсіздік білдірді


Утилизация алымына қарсы петицияны қарау жөніндегі жұмыс тобының отырысы. Астана, 13 маусым, 2024 жыл.
Утилизация алымына қарсы петицияны қарау жөніндегі жұмыс тобының отырысы. Астана, 13 маусым, 2024 жыл.

13 маусым күн кешке өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде утилалымға қарсы петиция авторлары мен үкімет мүшелері қатысқан жиын өтті. Петиция авторлары үш сағатқа созылған жиында "келісімге келе алмадық" деді. Олар шетелдік көліктерге салынатын утилизация алымын азайту не алып тастау бойынша бірінші отырысты ресми жиын деп санайтынын айтып, жұмыс тобына сенімсіздік білдіретінін мәлімдеді.

"Шенеуніктер нақты сұрақтарымызға жауап бере алмады, дайындықсыз келген. Сонда біз ойнауға келдік пе? Бұл халықтың нақты талабы болатын" деді петиция авторларының бірі, қоғам белсендісі Санжар Боқаев жиыннан кейін Азаттыққа.

Боқаев "министрлік жұмыс тобының құрамы мен жоспарды жаңартпаса, референдумға дайындаламыз" деді. Петиция авторлары утилизация алымы мен алғашқы тіркеу жарнасын толық алып тастау немесе бағасын түсіруді талап етеді. Олар өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев бірінші отырысқа қатыспады деді.

Утилалымға наразылық бірнеше жылдан бері Қазақстанның түрлі өңірінде болып жатыр.

Утилалым - шетелден әкелген көлікті тіркеу кезінде оның қолданыстан шыққаннан кейінгі утилизациясы үшін көлік иесі төлейтін ақша. Ол ақша "Жасыл даму" атты арнайы компания шотына жіберіледі. Наразылардың айтуынша, ол көлік бағасын қымбаттатып, азаматтарды шығынға батырады. Көлікті рәсімдегенде иесі оның қозғалтқыш көлеміне қарай 277 мың теңгеден 3 миллион теңгеге дейін (615 доллардан 6600 долларға дейін) жетеді.

Өнеркәсіп министрлігінің ақпаратына сәйкес, утилалым мәселесі бойынша отырыс басталғанда вице-министр Олжас Сапарбеков петицияны қарауды конструктивті түрде өткізу маңызды екенін айтқан.

"Петиция бастамашысы утилалымның экономика салаларына, соның ішінде автомобиль өнеркәсібіне, құрылыс, жол және арнайы техника өндірісіне тигізетін әсері туралы айтты" деп жазды министрліктің баспасөз қызметі.

Министрлік жұмыс тобы пікірталас аясында утилалымнан жиналған қаржыны бөлудегі ашықтық тақырыбын, Қазақстандағы автомобиль өнеркәсібінің болашағы мен оның қазіргі жағдайын талқылады деп хабарлады.

Министрлік ақпаратына қарағанда, автомобиль нарығындағы компания өкілдері утилалымды алып тастаса, жұмыс орындары азаяды деп алаңдайтынын айтқан. Олардың сөзінше, автомобиль жасау саласында және оған қатысты өндірістерде көп адам жұмыс істейді. Компания өкілдері жұмысшылар қазіргі уақытта тұрақты және бәсекеге қабілетті жалақы әрі әлеуметтік пакет алып отыр және олардың біліктілігін арттыру мүмкіндігі бар дейді.

Жұмыс тобының мүшелері жақында өңірлердегі зауыттарға бармақ. Олар Көкшетау қаласындағы "КАИК", Kazrost Engineering LTD және "КАМАЗ-Инжиниринг", Алматыдағы Hyundai Trans Auto және Hyundai Trans Kazakhstan, Семейдегі SemAZ және Daewoo Bus Kazakhstan, Қостанайдағы "СарыаркаАвтоПром", "Машиностроительный завод МТЗ-Казахстан" және "Агромашхолдинг KZ" зауыттарын көреді.

Өнеркәсіп министрлігінің ақпараты бойынша, жұмыс тобы құрамына парламент депутаттары, өнеркәсіп және құрылыс, экология және табиғи ресурстар, ауыл шаруашылығы министрліктерінің вице-министрлері, ішкі істер, мәдениет және ақпарат, ұлттық экономика, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің және қоғамдық ұйымдар мен автокөлік өндірісі саласының өкілдері кірген.

Сексеуілді сексеуілмен ұру ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:57 0:00

  • Мамырдың аяғына қарай Қазақстанда шетелден әкелген көліктерге төленетін утилизация алымына қарсы петицияға қол қойғандар 50 мыңнан асқан. Заңға сәйкес, бұл талапты үкімет қарастыруға міндетті. Петиция Қазақстанның электрондық үкіметінде жарияланған, оған электронды қолтаңбасы бар азаматтар қол қояды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG