Accessibility links

Армения Палестинаны тәуелсіз ел деп мойындады


Армения Палестинаны тәуелсіз мемлекет деп мойындады. Бұл жөнінде Армения сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.

СІМ хабарламасына сәйкес, Армения еврейлер мен Палестина халқы арасында ұзақ мерзімді бейбітшілік орнатуға шын жүректен мүдделі. Ереван "екі мемлекет" ұстанымы негізінде Палестина–Израиль қақтығысын шешуді қолдайтынын айтқан.

"Палестиналықтар мен израильдіктердің заңды мақсаттарын жүзеге асыруына кепілдік беретін жалғыз жол осы екеніне сенімдіміз" делінген хабарламада.

Армения – Палестинаны тәуелсіз деп мойындаған БҰҰ-дағы 148-ел.

Бұл жаңалықтан бұрын Еревандағы жалғыз синагогаға шабуыл жасалған еді, белгісіз біреу оған тас лақтырып, терезесін сындырған. Мұны жасады деген 35 жастағы жергілікті тұрғын күдікке ілінген. Тергеушілер оны қамауға өтініш түсірді, бірақ сот оны ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатқан.

Былтыр қазанда Израиль қорғаныс армиясының Газа секторында операциясы басталғалы бері еврей орталығына төртінші рет шабуыл жасады. Солардың біріне жауапкершілікті ASALA Young және "Арменияның еркіндігін қалайтын жас балуандар" ұйымдары өз мойнына алды. Шабуыл жасағандар әлі табылған жоқ.

Израиль парламентінде Армениядағы синагогаға шабуыл Израиль мен Әзербайжан арасындағы байланыстардың нығаюына байланысты болуы мүмкін деп санайды.

20 маусымда Израильдің диаспора және антисемитизммен күрес жөніндегі министрі Амихай Чикли Израиль еврей нысандарына шабуылдың алдын алу үшін түрлі мемлекеттің үкіметтерімен жұмыс істеп жатқанын айтты.

Мамырдың соңында Норвегия, Испания және Ирландия Палестинаны тәуелсіз ел деп мойындаған. Израиль бұл шешімді "терроризмге сыйлық" деп атап, үш елдегі елшілерін сыртқы істер министрлігіне шақырған. Кейін Словения да Палестинаны тәуелсіз мемлекет деп мойындады, ал Дания мұндай шешім қабылдамады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG