Қытайда бірнеше ай бұрын жаңа атом сүңгуір қайығы батып кеткен. Бұл жөнінде Пентагонның жоғары лауазымды шенеуніктеріне сүйенген Reuters агенттігі мен америкалық Wall Street Journal басылымы жазды.
Planet Labs спутник суреттеріне қарағанда, мамырдың соңында Уханьдағы кеме жөндейтін орында маневр жасау мүмкіндігі жоғары "Чжоу" класына жататын сүңгуір қайық байқалған. Кейін түсірілген суреттерге қарағанда, сүңгуір қайық батқан орынға маусымның басында ірі қалқыма крандар әкелінген. Қайықта ядролық отын болғаны-болмағаны белгісіз.
Қытай бұл оқиға жөнінде хабарламады. Америка шенеуніктерінің пікірінше, Пекин ол ақпаратты жасырғысы келеді. Қытайдың Вашингтондағы елшілігінің өкілі оқиғадан хабарсыз екенін және еш ақпарат айта алмайтынын жеткізді.
Уханьдағы жылжымалы крандарды алғаш болып байқаған сарапшы Томас Шугарттың пікірінше, сүңгуір қайық құтқарылған, алайда оны қайта теңізге жіберу үшін әлі көп уақыт керек.
Пентагон есебіне сәйкес, 2022 жылғы жағдай бойынша Қытайда 12 атомдық сүңгуір және дизельмен жүретін 48 қайық бар. Америка шенеуніктерінің пікірінше, Қытай аймақта "теңіз үстемдігіне" қол жеткізу үшін қару-жарағын көбейтіп жатыр және қақтығыс болған жағдайда АҚШ Тайваньға көмектеспес үшін кедергі жасауға күш салып жатыр.