Accessibility links

ЕО Украинамен келісімге қол қойып, Ресейге санкцияның жаңа пакетін жариялайды


Еуропа одағы мен Украина арасындағы қауіпсіздік келісімі дайын, оған таяу арада қол қойылады. Бұған қоса келесі аптада Ресейге санкцияның жаңа пакетін бекітіп, Грузиядағы жағдайды талқылау үшін Еуроодақ елдерінің өкілдері жиын өткізбек. Бұл жөнінде Брюссельде өткен брифингте Еуроодақтың жоғары шенді басшысы мәлім етті деп хабарлады Deutsche Welle.

Украина мен Еуропа одағы арасындағы қауіпсіздік келісімінің мәтінін екі тарап бірнеше ай талқылап, ақыры соңғы нұсқаға тоқталған.

Жоспар бойынша, Украина президенті Владимир Зеленский келісімге 26 маусымда қол қоюы керек. Құжатта Киевке әскери көмек беру жайы ғана емес, оны қаржылай қолдау, еуроинтеграция және әріптестіктің басқа бағыттары туралы айтылады.

Украина президенті кеңсесінің мәліметі бойынша, Киев жалпы 23 миллиард доллар болатын әскери және қаржылай көмек көрсету жөніндегі қауіпсіздік шарттарына қол қойған.

2023 жылы "Үлкен жетілік" елдері Вильнюсте қабылдаған Киевке қолдау көрсету жөніндегі декларация аясында қауіпсіздік жөніндегі 17 келісімге қол қойылған.

Бұған қоса, Еуроодақ келесі аптада Украинаға шабуылы үшін Ресейге санкцияның 14-ші пакетін мақұлдауы тиіс. Бұл үшін Еуроодақ сыртқы істер министрлері Люксембургте кездеседі. Кездесуге Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба видеобайланыс арқылы қосылады.

Жиында қаралатын ең басты мәселе Ресей агрессиясына төтеп беруі үшін Украинаға қару-жарақ беру жайы болмақ.

Сонымен бірге Еуропа одағына мүше елдердің өкілдері Грузиядағы жағдайды да сөз етпек. Бұл елде жақында шетелден қаржы алатын ұйымдарды арнайы тіркеуді міндеттейті "шетелдің ықпалы туралы" заң қабылданып, бұл Батыс елдерінің, соның ішінде Еуроодаққа мүше мемлекеттердің алаңдаушылығын туғызған. Еуропа одағындағы шенеуніктер бұл заң Грузияның Еуроодаққа кіру жолын қиындата түседі деген. Грузия көптен бері Еуроодақ құрамына кіруге талпынып келеді. Бұл тақырып 27-28 маусымда Брюссельде өтетін одақ саммитінде тағы талқыға түседі деп хабарлайды Deutsche Welle

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG