Accessibility links

Бозымбаев: кей кәсіпкердің құлағы естиді, кейбіреуі естімейді


Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев. Астана, 25 маусым, 2024 жыл.
Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев. Астана, 25 маусым, 2024 жыл.

Қазақстандағы кәсіпкерлер, ірі компаниялар мен қайырымдылық қорлары көктемдегі тасқыннан зардап шеккендерге көмекке 250,5 млрд теңге аударған. Бұл туралы 25 маусымда үкімет отырысынан кейін журналистер алдына шыққан вице-премьер Қанат Бозымбаев арнайы кесте көрсетіп хабарлады.

Үкімет есебіне сәйкес, "Қазақмыс" және KAZ Minerals компанияларының иелері Владимир Ким, Эдуард Огай, Олег Новачук – 40,8 млрд теңге, ERG тобы – 39,9 млрд теңге, Динара және Тимур Құлыбаевтар – 30,33 млрд теңге, Kaspi.kz иесі Вячеслав Ким 20 млрд теңге, Болат Өтемұратов түрлі компаниялары арқылы - 15,4 млрд теңге, "Қазақстан халқына" қоры 15,15 млрд теңге, Samruk Kazyna Trust қоры 15 млрд теңге, "ҚазМұнайГаз" компаниясы 7 млрд теңге аударған.

Тасқыннан келген шығынды өтеуге ақша аударған демеушілер. Астана, 25 маусым, 2024 жыл.
Тасқыннан келген шығынды өтеуге ақша аударған демеушілер. Астана, 25 маусым, 2024 жыл.

19 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына қарсы шараларға атсалысқан кәсіпкерлер мен ірі бизнес өкілдерін Ақордада марапаттаған. Сол кезде ол бұған "ешкімді мәжбүрлеген жоқпыз", "қалыс қалған кәсіпкерлер де аз емес" деп мәлімдеген.

25 маусымда вице-премьер Қанат Бозымбаев осыған байланысты "кей кәсіпкердің құлағы естиді, кейбіреуі естімейді" деген пікір айтты.

"[Кестедегі] демеушілер ақшаны марапат үшін беріп отырған жоқ. Халқымызды аяп, "қандай көмек көрсете аламын" деген таза оймен беріп отыр. Мен бұл кісілермен 100 пайыз байланыстамын. Өздері "қай өңірде қандай пәтер сатып аламыз, бағасы қандай болады, мердігер кім?" деп қадағалап жүр. Мұндайды тек мақтау керек. Ал басқалары көмектесе ме, көмектеспей ме, өзі білсін. [Халық үніне] құлақ асатын мемлекет деп айтамыз ғой. Кей кәсіпкердің құлағы естиді, кейбіреуі естімейді. Ондайға енді не істейсің?" деді Бозымбаев.

Вице-премьер ақша аударған кәсіпкерлер мен бизнес өкілдеріне ешқандай жеңілдік болмайды деп мәлімдеді.

19 мыңнан астам үйді су алған көктемдегі тасқын кезінде Қазақстанның 10 аймағында төтенше жағдай жарияланып, ондаған мың адам мекен-жайын тастап кетуге мәжбүр болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG