Accessibility links

Киев Ресей тұтқынынан 10 азаматын қайтарды, біреуі – Қырым татарлары Мәжілісі басшысының орынбасары


Нариман Жәлел (ортада), Асан және Әзиз Ахметовтар Ресей аннексиялаған Қырымдағы Симферополь сотында тұр. 21 қыркүйек, 2022 жыл.
Нариман Жәлел (ортада), Асан және Әзиз Ахметовтар Ресей аннексиялаған Қырымдағы Симферополь сотында тұр. 21 қыркүйек, 2022 жыл.

Украина 10 азаматын Ресей тұтқынынан қайтарды, олардың барлығы – бейбіт тұрғындар. Бұл туралы ел президенті Владимир Зеленский хабарлады. Оның айтуынша, бұл азаматтардың көбі 2022 жылдың ақпанында Ресей Украинаға қарсы әскери басқыншылық бастағанға дейін Ресей түрмесінде қамауда болған.

Ресей тұтқынынан қайтарылғандардың арасында Қырым татарлары Мәжілісі төрағасының орынбасары Нариман Жәлел, Ресей басып алған Бердянскідегі украин грек-католик шіркеуінің екі діни қызметкері бар. Ресей билігі Нариман Жәлелді 2021 жылы Қырымда ұстап, қамаған. Ал екі діни қызметкерді Ресей билігіне қарсылық көрсетті деген айыппен ұстаған.

Олардан бөлек, Горловский көркемөнер музейнің бұрынғы қызметкері Елена Пех те тұтқыннан босап шықты. Оны 2018 жылы Донбаста тұтқындаған. Бұған дейін туыстары өзін өзі "ДХР" деп атайтын заңсыз құрылым Пехті "тыңшылық жасады" деп айыптап, азаптағанын хабарлаған.

Ресей тұтқынынан қайтарылған тағы бір Украина азаматы Валерий Матюшенконы 2017 жылы Донецк облысындағы Комсомольск кентінен ұрлап әкеткен еді. Әйелінің сөзінше, "ДХР" адамдары Матюшенконы тергеу абақтысында азаптап, отбасына қоқан-лоқы жасаған. 2018 жылы "ДХР әскери трибуналы" Валерий Матюшенконы "тыңшылық жасағаны" үшін 10 жылға түрмеге қамаған.

Ресей тұтқында ұстаған тағы бес Украина азаматын Беларусь аумағында ұстап, түрлі мерзімге соттаған. Олар да еліне оралды.

Зеленский Ресей тұтқынындағы украин азаматтарын қайтару жөніндегі келіссөзге Ватикан араағайын болғанын хабарлады. Украина жағы оларды өзге біреулерге айырбастап алды ма, жоқ әлде басқадай шартпен қайтарды ма, Зеленский ол жағын ашып айтпады.

  • Бұған дейін 22 маусымда Украина жағы Ресейге Украин православие шіркеуінің (бұрынғы Мәскеу патриархаты) митрополиті Ионафанды бергені белгілі болған еді. Былтыр Винницада украин соты Ионафанды Ресей агрессиясын қолдағаны және ақтағаны үшін бес жылға бас еркіндігінен айырған.
  • Бұдан бөлек, 25 маусымда Украина мен Ресей өздері қолға түсірген сарбаздарды бір-біріне "90х90" есебі бойынша беріп, тұтқын алмасқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG