Accessibility links

Қазақстан қорғаныс министрлігі сарбаз қазасы жөнінде мәлімдеме таратты


Астанадағы Қорғаныс министрлігінің ғимараты.
Астанадағы Қорғаныс министрлігінің ғимараты.

Қазақстанның қорғаныс министрлігі әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты мәлімдеме жасады. Осы айда Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген бірнеше сарбаздың аналары ұлдары армиядағы әлімжеттіктен жапа шеккенін мәлімдеген.

Қорғаныс министрлігі сарбаздардың бірінің қазаға ұшырауы, екіншісінің ауыр жағдайға түсуі қарулы күштермен байланысты емес және олар Ұлттық ұлан сарбаздары болғандықтан Қорғаныс министрлігіне қатысы жоқ деп мәлімдеді. Ұлттық ұлан Ішкі істер министрлігіне қарайды.

"Қатардағы жауынгер Ербаян Мұхтаровқа және қатардағы жауынгер Алмас Шахимовтың өліміне қатысты фактілер Ұлттық ұланда болған және қарулы күштермен байланысы жоқ. 2024 жылғы 13 мамырда Сарыөзек кентіндегі 29108-әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін атқарып жүріп жауынгер Досымжан Сәлімжанның қаза табуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Әскери қызметшінің ата-анасына барлық қолдау көрсетіледі, барлық тиісті өтемақыны төленіп, көмек көрсетіледі. Қорғаныс ведомствосы мен ата-аналар тергеу амалдарының объективті жүргізілгеніне мүдделі", – деген Қорғаныс министрлігі хабарламасында.

Ербаян Мұхтар (Қорғаныс министрлігі хабарламасында оны Мұхтаров деп атаған) Ұлттық ұланның 5571-әскери бөлімінде қызмет атқарған. Ол комада жатқанына бес айдан асты. Әскери бөлімдегілер сарбаздың ата-анасына ұлы "әжетханаға құлап, басын соғып алған" деп хабарлаған. Отбасы бұл айтылғанға сенбейді. Әскери қызметкердің ағасы жансақтау бөлімінде жатқан бауырының мұрны сынғанын байқағанын айтады.

«Мұрны да сынған». Комадағы сарбаздың туыстары тергеу «шалалығына» наразы
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:18 0:00

2022 жылдың тамызында Ұлттық ұланның тағы да сол әскери бөлімінде қызмет атқарып жүрген сарбаз Алмас Шахимов жұмбақ жағдайда қаза тапты. Туыстарының айтуынша, оның қазасына полигондағы металл құрылымға жай түсіп, құлағаны себеп болған-мыс. Сарбаздың өлімі "оқыс оқиға" деп танылды. Осыдан кейін туыстары Шахимовтың сүйегіне эксгумация жасатты. Сараптама Шахимовқа пышақтан жарақат түскен деген қорытынды жасады.

"Екі жыл бойы күресіп келеміз. Алғашқы сараптама қорытындысын алдық. Пышақтан қалған үш жарақаты бар. Бүйрегі түскен. 26 жарақат алған. Және бұл бәрі емес деп жазылған. Ұлымды әкетуге барғанда өзім көрдім. Мойнында белдіктің ізі бар. Мұны дәлелдей алмай жүргенімізге екі жыл болды. Темекі тартатындар темекіден күйік қалай қалатынын біледі: оның мойнынан бастап бетіне дейін тоғыз жерде қалған", – деді Шахимовтың анасы Индира Туғанбаева 12 маусымда Алматыда өткен баспасөз мәслихатында.

Алмас Шахимовтың қазасы туралы іс бірнеше рет тоқтатылып, қайта қозғалған. Туыстары тергеу нақты қай сатыда жүріп жатқанын білмейді. Марқұмның анасы істі "кісі өлтіру" бабы бойынша тергеуді талап етеді.

"Ұлымды әскерге өлуге жіберген жоқпын". Сарбаз аналары тергеу сылбыр жүріп жатқанына наразы
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:05 0:00

Алматыда 12 маусымда өткен баспасөз конференциясына Орал қаласының тұрғыны Толқын Ғалымова да қатысты. Оның ұлы Арсен Ишанов былтыр қараша айында Қонаев қаласындағы №32363 әскери бөлімінде қаза тапты. Іс "суицидке дейін жеткізу" бабы бойынша тергеліп жатыр. Күдіктілер әлі анықталған жоқ. Әйел ұлы өзін-өзі өлтірген дегенге сенбейді. Оның айтуынша, баласы қайтыс болғанға дейін жиі ақша сұраған. Қорғаныс министрлігі өз мәлімдемесінде Ишановтың өлімі туралы түсініктеме берген жоқ.

Министрлік Атыраудан әскерге алынған 19 жастағы сарбаз Досымжан Сәлімжанның өлімі тергеліп жатқанын хабарлады. Қазақстандық БАҚ Жетісу облысы Сарыөзек гарнизонында қызмет атқарған Сәлімжанның ата-анасы ұлдары әлімжеттік құрбаны болды деп санайтынын жазды. Мамыр айында ауруханаға түскен сарбаздың бүйрегі зақымданған деген диагноз қойылған. Он күннен кейін оның жүрегі тоқтап қалған. Марқұмның отбасы әскерде сарбазды қатыгездікпен ұрып-соққан деп мәлімдеді.

Кейінгі жылдары ақпарат кеңістігінде Қазақстан армиясындағы қайғылы оқиғалар туралы хабарлар жиі шығып жүр. Кей жағдайда әскери қызметшілердің өлімі жөніндегі ресми ақпаратта оқу-жаттығу кезінде оқыс оқиға болған деп жазылады, енді бір жағдайда олар басқадай жарақаттар мен аурулар салдарынан болған көрсетеді. Марқұмдардың туыстары көп жағдайда ресми нұсқаға күмән келтіреді және мезгілсіз қазаның себебін әскери қызметтегі заңсыз қарым-қатынас (әлімжеттік), сондай-ақ бұйрық беретін офицерлердің қабілетсіздігі мен өз міндетіне салғырттығынан көреді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG