Қазақстанның Маңғыстау атом энергия комбинаты (МАЭК) мен Қытайдың China Huadian Corporation компаниясы бірігіп, Маңғыстау облысында электр станциясын салады. Бұл жайлы Қазақпарат агенттігі Астанада өтіп жатқан қазақ-қытай іскерлік кеңесінде айтылғанын хабарлады.
Kazakh Invest ұлттық компаниясы "құрылысқа қаражатты Қытайдың мемлекеттік банктерінің бірі 15-25 жылға 5 пайыздан төмен мөлшерлемемен береді" дейді. Ал несие тариф есебінен төленетіні айтылды.
Қазақстан осы арқылы Маңғыстау облысындағы және батыс аймақтардағы электр тапшылығы мәселесін шешуді жоспарлайды.
Құрылыстың бірінші кезеңінде Маңғыстау облысында бу-газ станциясы, екінші кезеңінде жел электр станциясы салынады. Kazakh Invest ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Ержан Елекеевтің Қазақпарат агенттігіне айтуынша, станция 2025 жылдың аяғында я 2026 жылдың басында іске қосылмақ.
"Негізгі электр энергиясы желден алынатын болады. Бірақ климат өзгерген кезде, сол уақытта бу-газ станциясы қосылады" деді Елекеев.
2023 жылы шілдеде Маңғыстау облысын ғана емес БҚО, Атырау облысының бір бөлігін электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған МАЭК-те қазандыққа келіп тұратын тоқтың күрт өсуіне байланысты №1 энергия блогы істен шыққан еді. Апаттан соң Атырау облысындағы бірнеше аудан мен ауыл, Атырау қаласындағы көптеген шағын аудан мен ауылында жарық өшіп, ауыз су тоқтады. Көшелердегі бағдаршамдар істен шығып, көлік кептелісі болды. Комбинаттағы апаттан "Атырау мұнай өңдеу зауытында" (АМӨЗ) электр қуаты өшіп, соның салдарынан бір мұнарада өрт болған.
Энергетика министрлігі апатқа құрал-жабдықтардың әбден тозуы, кәсіпорын дұрыс қаржыландырылмайтыны себеп болғанын мойындаған.
ПІКІРЛЕР