Accessibility links

Қытай Тайваньның балық аулайтын кемесін тұтқындап, экипажды ұстап отыр


Қытайдың жағалау күзеті Тайвань бұғазында Тайваньнан балық аулауға шыққан кемені тұтқындады. Қытайдың екі патруль қайығы кемені Вэйтоу портына апарды. Кеме экипажында Тайваньның екі теңізшісі және Индонезияның үш азаматы болған. Тайбэй Пекинді кеме мен экипажды босатуға шақырды.

Қытай тарапының айтуынша, "Дадзиньман 88" кемесі Қытай жағалауынан небәрі 20 шақырым жерде кальмар аулаған, ал мамырдан тамыздың ортасына дейін судың осы аймағында балық пен теңіз өнімдерін аулауға мораторий жарияланған. Пекиннің ақпаратынша, кеме теңіз фаунасына зиян тигізетін ұсақ торлар қолданған, оған Қытай тыйым салған.

Тайвань тарапы мұны мойындайды, бірақ кеме Қытайдың аумағынан тыс жерде балық аулады дейді.

Қытай кемені ұстағаннан кейін Тайваньның жағалау күзеті оған көмекке қайықтарын жіберген, бірақ қытайлық әріптестері олардан бұл іске араласпауды талап еткен.

Тайвань жағалау күзеті директорының орынбасары Хсие Чинг-Чин Қытай тарапы кемені не үшін ұстағанын түсіндіруге міндетті деді. Ол мұндай оқиғалар бұған дейін айыппұлмен шектелгенін айтты. Оның сөзінше, бұл аймақта бір уақытта Тайваньның 50-60 кемесі балық аулаған және "Дадзиньман 88" кездейсоқ таңдалып отыр. Ол Қытай тарапы балық аулау ережелерін саяси мақсатта бұрмалады деп айыптады.

  • Қытай Тайваньды өз жері деп санайды. Биыл мамырда Тайванның жаңа президенті Лай Циндэнің инаугурациясы өткеннен кейін Пекин Тайвань жағалауына жақын маңда жаттығу өткізген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG