Accessibility links

Өзбек соты 68 адамның өліміне әкелген даулы іс бойынша үкімді өзгеріссіз қалдырды


 "Док-1 Макс" шәрбаты.
"Док-1 Макс" шәрбаты.

Өзбекстандағы Ташкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық инстанциясы Үндістанның Marion Biotech компаниясы шығарған "Док-1 Макс" шәрбатынан қаза болған балалар өлімі бойынша істе бірінші сатыда шыққан үкімді өзгертпеді деп хабарлады өзбек ақпарат құралдары. Апелляция жеті сотталушының шағымын қанағаттандырмады.

Осы іс бойынша сотталған фармацевтика саласын дамыту агенттігінің бұрынғы директоры Сардор Кариевтің анасы төлеген 2,5 млрд сомды қайтыс болған және зардап шеккен балалардың өкілдеріне бірдей бөліп бермек.

26 ақпанда Өзбекстандағы сот Сардор Кариевті 18 жылға, оның орынбасарларын 16 жылға, ал дәрі-дәрмек импорттаушы Quramax компаниясының бұрынғы директоры, Үндістан азаматын 20 жылға бостандығынан айырған.

Сот оларды қаза болған 68 бала мен зардап шеккен 16 баланың отбасына 75,6 млрд сом моральдық өтемақы төлеуге міндеттеген, балалар "Док-1 Макс" және "Амбронол" дәрісін ішіп уланған. Бұдан бөлек, сот тергеу анықтаған Quramax-тың шенеуніктерге берген пара сомасын мемлекет пайдасына өндіріп алуды ұйғарды.

Reuters агенттігінің мәліметінше, Marion Biotech өз өнімдерінде тазалыққа арналған сұйық заттарда, антифриздерде, бояуларда және басқа да өнімдерде қолданылатын улы материал, яғни өнеркәсіптегі пропиленгликольді қолданған болуы мүмкін.

Өзбекстанда "Док-1 Макс" шәрбатын сату 2022 жылы 22 желтоқсанда тоқтаған, алайда аталған дәріні алмау жөнінде ақпаратты денсаулық сақтау министрлігі бір аптадан кейін ғана тарата бастаған. Сол кезде денсаулық сақтау министрлігін басқарған Бехзод Мусаев "Док-1 Макс" шәрбатын қабылдаған балалардың өлімі туралы ақпарат министрліктен жасырылғанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG