Душанбеге сапарлаған Қытай басшысы Си Цзиньпин Тәжікстанның "территориялық тұтастығын" қолдайтынын мәлімдеді. AFP агенттігінің жазуынша, көрші елге "сирек сапары кезінде" Қытай жетекшісі Пекин Тәжікстанмен жан-жақты дипломатиялық қарым-қатынасты дамытуды көздеп отырғанын айтқан.
Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммитіне қатысқан Си Цзиньпин Душанбеге Қазақстаннан барған.
Қытай жетекшісі Астанада Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізіп, ШЫҰ-ға мүше елдерді "сырттан ықпал ету талпыныстарына төтеп беруге" шақырған.
Қытай Орталық Азия елдерін "Бір белдеу – бір жол" жобасының маңызды бөлігі ретінде қарастырады.
Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмонмен келіссөз кезінде Си Цзиньпин Душанбемен достық қарым-қатынас пен өзара тиімді әріптестікті дамытуды көздейтінін және көрші елдің "ұлттық тәуелсіздігі, егемендігі мен территориялық тұтастығын қорғау" әрекеттерін қолдайтынын мәлімдеді. Бұл жөнінде Қытайдың ресми ақпарат құралдары жазды.