АҚШ президенті Джо Байден сайлауалды науқанға әрі қарай да қатыса беретінін мәлімдеді. Ол 5 шілдеде Мэдисонда (Висконсин штаты) сайлаушылар алдында сөз сөйледі. Республикалық партия атынан сайлауға қатысатын Дональд Трамппен өткен аптадағы дебаттан кейін демократтар арасында алаңдаушылық өрістеген. Бұл Байденнің соған жауабы болды деп жазды CNN.
Ақпарат құралдарының жазуынша, Байденнің дебаттағы "сәтсіздігі" оның жасы мен мемлекет басшысы ретінде қызмет атқару мүмкіндігіне қатысты бірқатар сұрақ туындатқан.
"Мен осы партиядан кандидатпын. Себебі сіздер сияқты миллиондаған демократ праймеризде маған дауыс берді. Олар менің кандидат болғанымды қолдайды" деді Байден Мэдисонда. Ол сайлауалды науқаннан бас тартпайтынын, күресті әрі қарай жалғастыра беретінін жеткізді.
Байден Трампты меңзеп, 2020 жылдағыдай республикашылдардың кандидаты жеңіліске ұшырайды деген кезде көпшілік шапалақтады.