Accessibility links

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Ресейдің Киевтегі балалар ауруханасына жасаған соққысын талқылайды


Киевтегі "Охматдет" балалар ауруханасында жатқан науқас балалар Ресей шабуылынан кейін сыртта отыр.
Киевтегі "Охматдет" балалар ауруханасында жатқан науқас балалар Ресей шабуылынан кейін сыртта отыр.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі 9 шілдеде Ресейдің Киевтегі балалар ауруханасына жасаған соққысының салдарын талқылайды. Бұл туралы Reuters агенттігіне дипломатиядағы дереккөздер хабарлады.

Ресей дүйсенбіде Киевтегі балалар ауруханасына зымыран атып, Украинаның басқа қалаларына да шабуыл жасады.

Украина президенті Владимир Зеленский зымыран соққысынан 37 адам қаза тапты деді. Олардың арасында үш бала бар. Тағы 170 адам, оның ішінде 13 бала жараланған. "100-ге жуық нысан бүлінді: балалар ауруханасы, қарапайым үйлер, балабақшалар, перзентхана, колледж, бизнес-орталық. Үйінділерді әлі аршып жатыр", – деп мәлімдеді Зеленский.

Дүйсенбі, 8 шілдеде Ресей әскері Украинаға әртүрлі 40-қа жуық зымыран атқан; Киев, Днепр, Кривой Рог, Покровск, Славянск және Краматорск қаласына шабуыл жасаған. Бұл құрбандар саны бойынша 2024 жылғы ең қанды шабуыл болды.

БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш мұны айыптап, Ресейдің балалар ауруханасы мен денсаулық сақтау жүйесіндегі тағы бір нысанға зымыран атқаны "қатты алаңдатты" деді. Бұл туралы оның өкілі Стефан Дужаррич хабарлады.

"Халықаралық гуманитарлық құқық бейбіт тұрғындар мен азаматтық нысандарға соққы жасауға тыйым салады. Мұндай шабуылдарға жол жоқ және оларды дереу тоқтату керек" деді Гутерриштің өкілі.

Қауіпсіздік кеңесінің отырысын Ұлыбритания, Франция, Эквадор, Словения және АҚШ елдері талап еткен.

Ұлыбританияның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Барбара Вудворд та Х (бұрынғы Twitter) платформасында Ресейдің ауруханаға жасаған шабуылын айыптайтынын жазды.

Ресей қорғаныс министрлігі өз әскері Украинаның қорғаныс өнеркәсібі нысандары мен ұшақтары орналасқан жерлерге соққы берді деп мәлімдеді. Министрлік бейбіт тұрғындарға жасалған шабуылға байланысты айыптарды жоққа шығарды. Reuters агенттігінің мәліметінше, 2022 жылғы ақпаннан бері Ресей әскері мыңдаған азаматты өлтірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG